"Ешқашан боттармен жұмыс істеген емеспін". Бұл пікірді ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов айтып, өзіне қатысты айтылып жатқан сынға жауап берді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.
Журналистер үкімет кулуарында Асхат Ораловтан желі қолданушылары не себепті жаңа министрді "боттар мен фейктердің патшасы" деп атайтынын сұрады.
"Шынымды айтсам, ешқашан боттармен жұмыс істеген емеспін. Біз әлеуметтік желілерді белсенді түрде пайдаланамыз. Instagram мен Facebook-ты өзім жүргіземін. Әрқашан мүмкіндігінше ашықпын. Алдыңғы жұмысымда да ашық болдым, қазір де журналистермен ашық жұмыс істейтін боламын", – деді Асхат Оралов.
Оралов әлеуметтік желідегі жазбаларына неге көп адам пікір қалдыратынын келесідей түсіндірді.
"Сұрақ қоятын сәттер болады. Қолдайтындар бар, өзекті мәселелерді көтеретіндер бар. Мен тағы да айтамын, біз боттармен жұмыс істемейміз. Жеке өзім нақты жұмыс істемеймін", – деді министр.
Естеріңізге сала кетейік, Асхат Оралов 2023 жылдың 4 қаңтарынан бастап ҚР Мәдениет және спорт министрі лауазымына тағайындалды. Бұған дейін ол Amanat партиясының атқарушы хатшысы қызметін атқарған.
"Адырна" ұлттық порталы