"Қылмыстық іс елордада қаралатын болды": Гүлмира Сатыбалдыға қатысты соңғы деректер шықты

2729
Adyrna.kz Telegram

Алматыда белгілі бизнесмен Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдының ісіне қатысты сот басталды. Оған бизнесті рейдерлік жолмен тартып алды және адам ұрлады деген айыптар тағылған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қайрат Сатыбалдының өзі де өткен жылы аса ірі көлемде қаржы жымқырғаны үшін 6 жыл жаза арқалаған. Айыпталушы орындығында Гүлмира Сатыбалдының жүргізушісі мен көмекшісі де бар. Тергеу мәліметінше, олар екі кәсіпкерді бопсалап, бизнестегі үлестерін өз атына жаздырған. Жәбірленушінің бірі — Баян Алагөзованың күйеуі Тұрсын Алагөзов. Ал екіншісі Айгүл Мекешоваға күш көрсетіп миллиард теңге тұратын компаниясын 375 мың теңгеге сатып алған дейді тергеушілер. Келтірілген шығын көлемі 6 млрд теңгеден асып жығылады.

Бірақ айыпталушы тараптың адвокаттары Алагөзов өз компаниясындағы үлесін экс-жұбайының атына өтіп кетпеу үшін қасақана өзге адамға рәсімдегенін алға тартуда. Сондықтан істі бас прокуратураның тергеуіне қайтарылғанын қалайды.

Сондай-ақ заң талаптарының өрескел бұзылғанын айтқан адвокаттар судьядан бұлтартпау шарасын үйқамаққа өзгертуді және істі Астана қаласына жіберуді де сұрады. Судья айыпталушыны қамаудан босатқан жоқ. Бірақ қылмыстық іс бұдан былай елордада қаралатын болды.

 «Сатыбалды Гүлмира 2020 жылдың маусымынан қыркүйек айына дейін Алагөзовке моральдық-психологиялық қысым көрсетіп, Galanz Bottlers АҚ үлесінің 45,25 пайызын өз атына жаздыртқан. Сатыбалды Гүлмира, Батыршаев пен Өтебеков ұйымдасып, Мекешованы Алматы облысы Жандосов ауылына күшпен алып кеткен. Сосын оған қоқан-лоққы мен психологиялық қысым көрсетіп, алдын ала дайындалған құжаттарға қол қойдыртқан», - деді прокурор Акромат Мұхтаров.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер