Астанаға келген жылдың күзінде тіркеуге тұру үшін Алматы аудандық ардагерлер ұйымының кеңсесіне бардым. Ұйым төрағасы Сайлаубек Дүйсенбекұлы жылы қабылдады. Сөзінің соңында «Тілімізге мүлдем жат «бешбармақ» сөзінен қалай құтыламыз? Ұлттық асымызға лайықты атау тапсаңыз айтыңызшы» деді.
Сол әңгімеден кейін алты жылдай уақыт өтсе де, қолданыстан қалмаған, тілімізді бұзып тұрған кесірлі сөз жайындағы ойды ортаға салу үшін қолыма қалам алдым. Өйткені, жадымда жатталып қалған әкеммен екеуара болған бір әңгімені де жаңғыртқым келді. Әкем тоқсаннан асып, 1994 жылы дүниеден өтті. Бозбала шағында соқа сүйретіп, алғашқы серіктестіктерді құрысуға қатысып, ауыл басқарып абыройға жеткен адам еді. Соғыс жылдарында Сталинград, Ростов шайқастарының өтінде бір қол, бір аяқтан жараланып, І топтағы мүгедек болып елге оралды. Мүгедек қалпымен шаруашылықтан қол үзбей, кеңшар басқарып, жылқышы болып, құрметті зейнеткерлікке шығып, баянды ғұмыр кешті. Мұның бәрін жазып отырғаным, әкем ел десе ішкен асын жерге қоятын ерекше адал адам еді. Сұрапыл шайқаста опат болған туған екі інісінің өтеуіндей (әкем осылай дейтін) соғыстың соңын ала туған, кештеу көрген тұңғышы болғандықтан мені алабөтен жақсы көріп, өзімен қатар адамдай әңгімеге тартып, ішкі сырын ірікпейтін еді. Бұл мен үшін үлкен тәрбие, білім мектебі болды.
Әкемнен әлгі «бешбармақ» сөзі жөнінде сұрағаным есімде. Сонда: «Еее, бұл Голощекиннің сайқымазағы ғой. «Қазақ етті қолмен жейді» деп сондай ат қойыпты. Оны жандайшаптары қолпаштап, ел-жұртқа таратып жіберіпті. Үлкен асымызға таңылған жолбике атау содан бері жабысып, қалмай келеді», деп қынжылып еді. Халқымыз «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дейді. Ардақты асымызға түскен бір құмалақтай ана тілімізді былғап тұрған осы бір жолбике жамау сөзсымақтан арылуға халық болып жұмылатын уақыт келген сияқты. Сөзсымақ дегенім, «бешбармақ» қазақ сөзі емес. Орысша да емес, бірақ түп-төркіні орысшадан бастау алатын сияқты. Ойланып көрелік. Неге бес сөзі беш болып бұзылған? Орыс тілінде де бес сөзі бар. Мағынасы қазақшадан мүлдем бөлек. Мәселен, «бес попутал», «беситься» (жын-шайтан түртті). С дыбысы ш-ға айналып (бешеный) кететіні де бар. Сөйтіп қазақша бес орысша беш болып кетті ме екен? Сондай-ақ бір қол саласында бір бармақ, төрт саусақ бар. Төрт бармақ қайдан келген? Шешуін тағы да тіл ерекшеліктерінен іздейік. Орыс тілінде «бармақ» деген сөз жоқ. Орысшада екі қол саласының бәрі саусақ. Орыс тілінің ыңғайымен бір қолдағы бір бармақ, төрт саусағымыз түгелдей бармақ болып кеткендей. Қаласа, жер-судың, қала, дала, ауыл атауларын, тіпті кісі есімдерін өктемдікпен оп-оңай орысшаға өзгерте салу – кеңестік билікке тән тәсіл. Ендеше бірі ғана емес, барлығы бармақ болсын деген өктемдіктен «бешбармақ» шыққан сияқты. Қайдан, қалай шықса да, тілімізге жат сөзді ұлттық тағамымызға таңып, ұнатпасақ та «қыңқ» демей көніп жүре бердік. Енді арылуымыз, қолданыстан түбірімен жұлып тастауымыз керек.
Әр халықта еттен жасалатын тағам түрлері бар. Қазақта да қуырдақ, сірне, тағы басқалары баршылық. Дегенмен иісі мұрын жарып, буы бұрқырап, қазы-қартасы, жал-жаясы мен жілік-омыртқасы төңкеріліп алдыңа келгенде тәбетіңді де, көз-көңіл қуанышыңды да әп-сәтте көтеріп жіберетін еттің орны бөлек. Ес білгеннен қазанда пісіп жатқан ерекше иісін сезгеннен «ет жейміз» деп қуанатынбыз. Келе-келе басқа ұлт өкілдерімен аралас-құраластық көбейіп, оларға «Қазақша ет» деп түсіндіріп, осы атауға ден қойып, әбден үйрендік. Тоқсаныншы жылдары Алматы қаласының ірі мейрамханаларының қазақша-орысша жазылған ас мәзірінің (меню) тізімінен «Тайлық ет» («мясо по-тайски»), «Французша салат» («салат по-французски») дегендей, «Қазақша ет», «Мясо по-казахски» атауын оқып, қуанған едік. Бірте-бірте ас мәзірінің қазақша жазылуы да, «Қазақша ет» атауы да сирей бастады. Шынымды айтсам, көңілге қаяу түсіретін, ерсі естілетін «бешбармақ» атауын ұмыттырмай жаңғыртып, төрге сүйреп жүрген өзіміз бе деген де ой келді. Себебі қазақта, шүкір, той көп. Болсын. Қазақ тойының салтанатын асырып, сәнін көтеретін қазақша ет тартылатын сәтте той тізгінін ұстаған асаба көтеріңкі дауыспен «ет дайын болды» деп хабарлайды. Кейде мәндеп-сәндеп «бешбармақ» деп әндете созып қосып қояды. Оған ешкім «мұның не?» демейді...
Әңгіме төркіні ұлттық бас тағам туралы болған соң «сыбаға» атауы жөнінде ойымызды білдіре кету жөн сияқты. Өйткені қазақы қонақжайлықтың үзілмейтін үлгісіндей «сыбаға» сөзі қағажу қалып жатқандай. «Сыбаға» – қазақы сый-құрметтің салты. Халқымыздың салт-дәстүрі көрініс беретін тойларда, әсіресе екі жастың шаңырақ көтерген қызығында құдаларды шашу шашып, ерекше қарсы аламыз. Ал табақ тартуда олар жалпымен бірдей болып қалады. Құдаларға табақтарын «Сыбаға» деп жекелей хабарлап, зор құрметпен тартса, той сәні арта түсер еді. «Қазақша ет», «Сыбаға» атаулары да қатар естілер еді. Яғни, мейрамхана, дәмханаларда ас мәзірі тізіміне «Қазақша ет», «Сыбаға» деп жазылуы керек. «Қазақша ет» туралып, «Сыбаға» мүшелеп тартылады. Осылайша, еттің ежелгі атаулары бас тағамымыздың жолбике атаумен тарауына тосқауыл болар еді.
Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері