Өмірден ерте кеткен, аз жазса да саз жазған талант - Сағат Әбдуғалиев. Отыз алты жасында (1948-1984) мына фәниді тәрк еткен ақын, соңына өлмес өлең қалдырды. Тағдыры ауыр Сағат ақынның бір топ көркем жырларын назарларыңызға ұсындық.
Кіндік жұрт – Қазақстаным
Тудырып пікір таласын,
Жайым жоқ елді екшемек,
Бөлмеймін қазақ даласын:
Жетісу,
Жайық,
Көкше – деп.
Даңқтан дарқан дәулетім,
Шабыттың шоғын шат үстеп,
Бөлмеймін баба әулетін:
Оңтүстік,
Шығыс,
Батыс – деп.
Оятып түнде үш рет,
Інжуің тапсын ізгі өлең.
Ұлы деп,
Орта,
Кіші – деп,
Бөлмеймін және «жүзге» мен.
Шапағат шағым шашты ірең,
Көңілді билеп құт кенен.
Жаудан да бетер қаскүнем
Жұртымды,
Жерді жіктеген.
Жойылсын адам аласы,
Кеппеген күншіл ұрты удан.
Қарқара қазақ даласы,
Теңізі,
Тауы бір туған!
Жаңбырлы жаздың жалты игі,
Шалғынға түсіп шық-теңге.
Қазақтың жаны аңқиды:
Жусаннан,
Қардан,
Сүттен де!
Арғымақ шалып қырларға,
Сүйемін күнді,
Ай төсін.
Рухымды көріп тұрғанда,
Руымды сұрап қайтесің?!
Бөлмеймін түрге түндікті еш,
Тұғырда тұрам тас түйін.
Қандары бірге кіндіктес:
Қарт Арал,
Ертіс,
Каспийім.
Төсеулі көрпе, төрі кең,
Табатын туыс,
Дос талай.
Жанымның бірге көгімен:
Гурьев,
Шымкент,
Қостанай...
Сарыарқа жері – сом алтын,
Бұрымы бидай,
Сәнді иық.
Маңғыстау – донор,
Жомартым
Ғасырға жатқан қан құйып.
Қаратау жері – қазынам,
Толағай істен тапты ырыс.
Сылыңғыр Сырдың жазынан,
Сырғасын қақты ақ күріш.
Бұлбұлға толы көгалы,
Жетісу жері – жыршы әлем.
Жайықтың бегей бораны,
Серілігің үшін бір сәлем!
...Сайраттың құмбыл құс тілде,
Жанымның жаз ағыстарын.
Тілегім сенің үстінде,
Кіндік жұрт – Қазақстаным!
***
Шанақтарды шайқаса шапағат үн,
Шабыттың шербетінен татады ақын.
Шүлен шақта жыр жаздым шамырқанып,
Шырт ұйқыда жатырсың, махаббатым.
Әуезімді әлдилеп ақ түн-ағыс,
Қанатты қияндарға қақтым алыс.
Муза – менің мұратым мәртебелі,
Тербетіп тұр жанымды тәтті вальс.
Шаңыраққа шаттықпен кірсең күліп,
Шабыт, сені қайтемін құр сендіріп.
Шартараптың шамдарын қуаладым,
Шылымымды бір жағып, бір сөндіріп.
Парасат пен пейілді теңге бөліп,
Жақсылық жоралғысын жөн көрелік.
Алпыс аққу төрімді тамылжытып,
Дариға аспан барады дөңгеленіп.
Тұрпатына тұтпастан түнді бұйым,
Сәби ақын ойлардан сынды миың.
Жыр-анасы жебейді жалғыз ғана,
Пері болған перзенттің жынды күйін.
Балқаймағы бақыттың бетінде еріп,
Отауында шабыт құс отыр делік.
Жырға толы дәптерім жатыр алда,
Пайғамбардың жалғызы секілденіп...
Идиллия
Қиындықта күйзелген мен бе сынып,
Көрейік көрпемізге жөн көсіліп.
Пірәдар боп қайтемін пақырсыған,
Менде де бар, әрине, пендешілік.
Көкіректе кісінеп барша құлын,
Жалғыздықта сақтадым жан сабырын.
Қуартпады күн нұры көктеменің,
Қар астынан қылтиған қарша гүлін.
Қателіктен қызарып бетім-бесін,
Есігінде тірліктің жетілді есім.
Серіліктің сыйқы да соқыр тиын
Басыңнан бақа-шаян секіргесін.
Шексіздерге жататын шеті ұласып,
Шапағатқа арманның оты ғашық.
Кристалдай кіршіксіз дегенді де,
Пенделіктің жүреді тоты басып.
Естеліктер түсіріп еске нені,
Сан алуан сұрақтар сес береді.
Тағдырдың азды-көпті таяғы ма...
Ер жігіт кектемейді ештеңені.
Тіршілікке ынтазар табан-сүлік,
Торабымды сапардан табам шығып.
Жамандықтың жағасы жыртылмайды,
Алты алашқа ағайын – адамшылық!
Тепсінетін табанда темірді үзіп,
Шындықты да мойындар небір бұзық.
Ірі қылып жаратып әлдекімді,
Ірілікті сүймейтін өмір қызық!
Құдайшылар күткенде көктен шырақ,
Өмір деген – ағызып өткен сұр ат.
Қасық қаны қазақтың болса менде
Шенділерден жүрмеспін шекпен сұрап.
Қасиетін танытқан қаспақ беттің,
Балалықтан басталар бастапқы екпін.
Қулықтар мен сұмдыққа кіжінгенде,
Тіршілікті келеді тастап кеткім.
Төзімдердің тоздырып көк тағасын,
Жөнсіздіктен айтамыз жоққа да сын.
Адам да бір мәжіғұн көбелек қой,
Өзі тығып жүреді отқа басын!
Ашылу апогейі
Ашиды алмағайып көңіл-айран,
Тіршілік текетірес – толы майдан.
Жоғалған жақұттарым жеті көмбе,
Табайын отыз бесте оны қайдан?!
Қайткенде қыламын деп халықты елең,
Жырыммен жүректерге жарық берем.
Болмыстың бедерлерін біле түстім,
Бітпейтін Өмір деген әліппеден.
Қайбірде басып жүріп қиынға аяқ,
Сыйластан бәлсінбедім – сыйымды аяп.
Өлеңнен алтын азап арқаладым,
Бақытты өтер ме екен бұйырмай-ақ?!
Тозбасын азаматтар текке есіріп,
Тиісті басқа қырау, бетке сүлік.
Даурыққан дастарқандас достардың да,
Кещесі келе-келе кетті өшігіп.
Жарыққа көрінсе де жәй кітабым,
Жасымнан мекен еттім ой бұтағын.
Жыр-анам жылағанда жұбандырып,
Қуаныш қамшылады қайғы табын.
Өлең боп өртегенде бойымды алау,
Іздейді болашақтан тойым қалау.
Тәңір де кешірмейтін тасырлық қой,
Талантты тірісінде мойындамау!
Көңілдің байқалмасын қош кемдігі,
Саулыққа көтерейік тосты ендігі.
Тірінің санатында жоқ де мені,
Жүректен ақындығым өшкен күні.
Жанымның жалғыз бұлбұлы
Жайқалып жонда қыр гүлі,
Жарықтан табар тоят кім?
Жанымның жалғыз бұлбұлы
Жазира таңда ояттың.
Ояттың мені нәзігім,
Жүзіңде жүзіп науша күн.
Жайықтың жалпақ жазығын,
Сипады шаштан саусағың.
Кәзине қуып кеңдіктен,
Жұлқына тартты жарау ат.
Өзендер менен көл біткен,
Тіледі тұнық салауат.
Шанақтан шаттық шертемін,
Жаңбырлар жанды жуады ақ.
Жардан да бұрын өртедің,
Қаршадай кезден дуалап.
Маңдайға қонған бақ құсым,
Бауырыңа көктен бұлт енсін.
Үш баламнан да тәттісің,
Үш баламнан да үлкенсің!
Санамда сексен сән ашып,
Баураған бойды күйпаз үн.
Көзімде тұрған қарашық,
Жүрекке біткен жиһазым.
Амандық деген дәстүрге,
Сертінің айтпас сырт әнін.
Жәлелдер жатқан тас түрме,
Сындыра алмаған сұңқарым!
Лебіңнен еріп ілезде,
Құрлықтың кетер қар-мұзы.
Анамдай дарқан мінезге,
Ақиқат шалдың жалғызы.
Көңілдің құты – берік тін,
Тілегім сені тапты айқын.
Хор қызынан да көріктім,
Қызыл алтынға сатпаймын!
Жолыңда сенің жүргенге,
Татымас түкке тәж құны.
Бағаңды бекзат білгенге,
Мазасыз тірлік мазмұны.
Магеллан таппас бекетін,
Жұмбағы жеті жас ендік.
Жындылығы да жететін,
Фараон фәни-әсемдік!
Түңілісті де үміт қып,
Тажалдан тәуір төзім-кен.
Жетпістен тауып жігіттік,
Ботасы сансыз боз інген.
Тамашаң туып терістен,
Езулей алмас еш ырың.
Қасымды сүйген періштем,
Абайдан қалған жесірім.
Түспейді қолға тал ұшы...
Таппадым теңеу – сый атын.
Даламның ұшан дауысы,
Дарынға біткен ұятым!
Бағамды біліп бір күні,
Талқыға түсер төл еңбек.
Жанымның жалғыз бұлбұлы –
Өлемін,
Сен деп –
Өлең деп!
Калмыков мектебіндегі ой
Армысың,
Ата-мектеп!
Ана-мектеп!
Жатыр ма жанарыңда дала көктеп?!
Ешкімнің еншісіне ен тақпаған,
Ешкімді қарғамаған қара бет деп.
Ақжолтай армандардың тасын құйып,
Сен биік!
Заман биік!
Ғасыр биік!
Мешітіне жүгінген мәзін құсап,
Кетейін бәлденбейтін басымды иіп.
Мұзарты мұңдарымның кеттің бе еріп,
Елес те – зымыраған екпінді елік?!
Есігі жабылмайтын еркелігім,
Тұрады саған жиі жеткім келіп.
Жүрекке жасағасын жыр естілік,
Тозбайды салтанаттың сыны ескіріп.
Жиырма жыл бұрын ұшқан жұмағыма,
Ұлымды келдім бүгін ілестіріп.
Бекерге беттемедік бөсіп тегін,
Бәрінен қымбат екен бесіктегі үн!
Көрмедім сенікіндей жылы қабақ,
Жылы сөз сенікіндей есітпедім.
Табиғат баршамызға кекіл беріп,
Жетпеген жігіттікке жетіл дедік.
Архивы балалықтың қалды сенде,
Жартысы жүрегімнің секілденіп.
Біткенде балапанға беріш қанат,
Әкетті әлеміне жол ұшқалақ.
Сүйейтін қолтығымнан сені ойладым,
Тағдырым түксигенде теріс қарап.
Шабандоз шықпаса да менен керім,
Танытты көкірегім өлеңге ебін.
Жоғымды жылатпай-ақ жетістіріп,
Қатемді кешіретін, кемеңгерім!
Жүргенде көңілімнің қошы көктеп,
Қай мұндар құлыныңды мешін етпек.
Жаратқан ат жалында бәрімізді,
Осы жер!
Осы халық!
Осы мектеп!
Ішкілікті қойған жігіттің жыры
Быжылдаса бәтшағар қатын-мысық,
Аяз тілі арқама батырды үсік.
Ала таңнан ашылмай арақ дүкен,
Әсерлендім үйдегі әтірді ішіп.
Ағып түсе жаздаса миың сынап,
Бас жазудың азабы қиын, шырақ!
Жолдастарым жалт беріп жөнеледі,
Қоймағасын күнбе-күн тиын сұрап.
Мұндарлықтың тазалап мыс тегешін,
Қырсық сумен басталды күшті егесім.
Ақыл айтқан туысты сөктім былай:
«Ішмерездер күндейді ішпегесін!».
Адамдықтан азғанды ез деп кеміт,
(Ташкентте де қаңғыдым өзбекке еріп).
Жақсы маман дейді де бастық біткен,
Ар жағына қалады сөз кептеліп.
Салтанаттың естілмей сазы машық,
Жоғалады көктемге жаз ұласып.
Өле сүйген жарым да бір кездегі,
Автономия боп кетті ажырасып.
Тоғышарлық кір қылып жағамды үйме,
Қарап жүріп қадалды табанға ине.
Отауымның бұйырмай босағасы,
Қанша мәрте түнедім қараңғы үйде?!
Арамызда арақтың жігі тұрып,
Күңіренді көңілдің күні тымық.
Кім болғаның кезінде мәселе емес,
Қандай жаман қалғаның ұмытылып!
Жүрегімді тырнайды мұң-қайғы ұлып,
Осы екен ғой дүние, дырдай бүлік.
Тіршілікте жалғыз-ақ берілетін,
Ұяттан да жіберді жұрдай қылып.
Тұрмағасын тұғырда бекіп қанат,
Қаракетің – тісі жоқ кетік тарақ.
Талайлардың тұлпарын мертіктіріп,
Талайлардың түбіне жетіпті арақ.
Әпенде жоқ, әрине, күнәдан бос,
(Құрбақалар құдыққа құлағанға өш).
Ішпеген де нұсқасы іріліктің,
Ішпегендер жеңеді, жылаған дос!
Автобустағы айқас немесе туған тіл
Автобус талай жолдың белін кешіп,
Жаппады кеткендер мен келімге есік.
Қалың жұрт отырғанда қалғып-мүлгіп,
Қалды шал бозбаламен керілдесіп.
Жүйткіген машинаның жүрісі ұңғыт,
Кеткендей қолтығына ұры сүңгіп.
Қазақ тілін білмеген қазақ үшін,
Бұзылды ақсақалдың түрі сұмдық.
Көзінен шашыратып отты күрең,
Ұруға ұялды ма ел көптігінен.
Әр нені былдырлаған бейшараға,
Безілдеп сақалы да кетті, білем!
«Ақымаққа санасаң да ақыр мені,
Еншалла, таусылған жоқ ақыл кені.
Мұртындай Гитлердің мұртың құрсын,
Обалың ата-анаңа, пақыр!» – деді.
Қалдырмас қасиет пен көнеңді ұмыт,
Туған тіл – түсінгенге терең білік.
Не істеймін бозбаланың көкірегін,
Жасаған жаратқасын керең қылып.
Туған тіл – бұрқыраған бөрте бесік,
Ұқпаған ұятыңды келте нешік?!
Сүйемін сақалынан осы шалды,
Отырған өзің үшін желкелесіп.
Туған тіл – тектілердің ми еңбегі,
Туған тіл – иманымның иен көгі.
Сен арқылы бозбала әкем менің,
Анамды алғаш рет сүйем деді.
Туған тіл – ақындарға діңгекті өлең,
(Жанымды жарығыңмен бірлеп келем).
Қай көсем де алуан тілді біліп,
Әуелі кіндік тілін құрметтеген!
Даламнан отаршылдық мазақты үрлеп,
Ғасырым көрсетеді ғажап құрмет.
Туған тілде айтамын мен әуелі,
Ұлан-ғайыр ұлтпын деп,
Қазақпын деп!
Махамбеттер тойтарып төре месін,
Ұлы Абай – аспандағы бөлек есім.
Мұхтар тілін ұмытсам,
Ұлтым мені
Креске Христостай шегелесін!
Пенделіктің пәршалап бет пердесін,
Парықсызды ар деген сот тергесін.
Қазақ емес деп кеттім,
Қазақ емес!
Тілін жұтқан «жетімді» жек көргесін...
Қаройдағы толғаныс
Аяулы анаң – ақиқат та,
Атаң – кек!
Төрелердің тәтті қанын татам деп,
Бөрілермен бөрілерше белдескен,
Сен менен де бақыттысың,
Махамбет!
Төс етіңді майыстырып тас тірлік,
Қуаныш па? –
Көжектейін қашты ырғып.
Садақада сапырылысқан жұртыңа,
Жаугерлікте бұйырмаған бас бірлік.
Заман деген
Заман емес – қари түн,
Бытырадай бөлініпті жан ұйқың,
Басың кетті,
Мына мылқау даланың,
Адамдыққа жеткізем деп «әр итін»...
О, Махамбет!
Тәтті мұң
Жанымнан көрдім кеше түн,
Жанарың жәуміт, жан құрбым.
Жұпары сенен есетін,
Жайықта жауған жаңбырдың.
Жалғанда жаңғақ тәтті ой көп,
Жазмыштан жүрдік сый күтіп.
Желбіреп желге ақ көйлек,
Жоғалдың қайда құйғытып?!
Жаралған жансың жыр үшін,
Жасырмай оны айта алам.
Жиырма бес – алмас қылышым,
Жадыма түсті-ау қайтадан.
Жүрекке сырнай сазын бер,
Жанталас ұқпай ешқашан.
Жүгірді бетке әжімдер,
Жабысты мына шашқа шаң.
Жаңғырса кейде сыр нәзік,
Жауапты дейсің бұған кім?
Жоқтасам сені, жыр жазып,
Жабыққан сәтте жұбандым.
Жұмбағы шалқар шақпенен,
Жадағай үміт тұтаттым.
Жоғалдың қайда, әттеген,
Жалғасы болмай кітаптың.
Жанымды жауып құм селі,
Жіктемен өшімді ешкімнен.
Жоғалтып алған бір сені,
Жүректі кешірмеспін мен!