Әлемнің рөлі технология державаларының қолында
Әлемнің технология державалары планетадаға әлеуеті төмен елдердің ішкі нарығын қалай болсын солай бағындырып, ғылым мен технологияның айласымен өздеріне табындырып жатыр. Қазіргі уақытта олардың ғылымының, технологиясының әлеуеті өскені соншалықты, тегін энергия көздерін көктен сарқып алып, қуат көздеріне тәуелді елдерге сатып, ауадан ақша жасап отыр десе де болады. Бұл жерде тағы да қазаққа қарай айтылатын датым бар. Біздің айтатынымыз: «қазақ өзі не істеп отыр, айға қарап отыр ма, осылай қарап отыра берсек, ғылым мен технология жаратпасақ жұтылып кетпейміз бе?» дегендей сұрақтар туындай береді. Ақиқатында, біз шикізатты, мұнай мен көмірді, темірді сатуды ғана мақсат етіп, экономикамызды қорғап әлек болып отырған елміз. Ғылым мен технология жаратпасақ, сол саладағы дарынды жастарға мемлекеттік деңгейде қолдау жасап, жағдай жасап, үй жай беріп, ұлттық ғылым мен технологияның өрісін кеңейтпесек, оның ешқандай айтары да жоқ, жұтылып кететініміз заңдылық. Бірақ оны жасайтын қазақтың өкіметі бар ма? Өкіметінен талап ететін өркениетке ниетті бұқараса бар ма? Ғылым мен технологияны ұлт тілінде қамдамасақ, біз тек тәуелді елдің ғана рөлін сомдап қаламыз. Қазіргі ғасырдың ең күшті талабы - ғылым мен білім, технология. Бұл сенің қолыңда бар болса ғана өзгелермен санаса аламыз. Технологияны қазақ тілінде сөйлетейік деп те келе жатырмыз. Осыдан біраз уақыт бұрын Ерзат Кәрібай бауырымның қазақтардың өте жауынгер халық болғаны, басқыншы, билеуші, соғысқыш болғаны туралы көлемді мақаласы шыққан болатын. Өте жақсы жазылған. Рас, біздің бабаларымыз сондай болған, Еуразияны жаулаған, билік құрған, Еуразия төрінде ең күшті заңдар мен басқару жүйесін, гуманизмді орнатып кеткен. Сақ, ғұн, түркі, сәнбилердің барлығы сондай жауынгерлер болып тарихта қалды. Уақыттың өтуімен олардың салған сара жолдары да тарихтың тұңғиығына сіңіп, империялары ыдырап, кәрі құрлықтағы саяси, геосаяси жағдайлар да мың өзгерді. Бірақ солардың бойындағы рухы мен гені қазақтың бойында қалды. Ол ешқашан да өшпек емес. Біз оны мойындаймыз. Дегенмен, біз қазір мүлдем басқа ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Біздің ғұмыр кешіп отырған ғасырымыз цифрлы технологиялар, күнделікті сан түрлі өзгерістерімен құбылып отырған технология мен ақпараттың ғасыры. Бұл ғасырда ми мен сананың штурмын, яғни жылдамдығын іске қоспасақ, біздің ата-бабаларымыз сондай болған еді, мұндай болған еді деп отырсақ, біз уақыттың ауыр талаптарынан бас тарта алмай, түбі жеңіліп қаламыз. Дұрыс, біздің жастар тарихын жете біліп, рухты, қайратты білімді болуы керек. Мемлекеттің тұтқасы да жастар. Бірақ әлем мүлдем басқа бағытта дамып бара жатқанда, біз технология жасамай отырсақ, онда бізде ешқандай да сәйкестік болмайды. Біздің қоғам барған сайын жасандылық пен немқұрайлылыққа, өзін өзі алдауға, жауапкершіліктен қашуға бейім қоғамға айналып үлгерді. Бұл біздің келешегіміз үшін де, ұрпақтарымыз үшін де қауіпті. Бұлай кете берсек, саналы өркениетті қоғам жасай алмаймыз.
Енді әлемдегі болып жатқан технология мен ғылымның бірер жаңалығы мынадай:
Әйгілі Элон Маск 2016 жылы АҚШ та «GEGAFACTORY» (Алпауыт фабрика) өндірістік кешенін салып, күннен энергия алатын қуат көздерін өндіру мақсатында үлкен жобаларды қолға алды. Дәл қазіргі уақытта атаулы өндіріс кешенінің 30 пайызы аяқталып, онда 6,5 мың адам жұмыс жасап жатыр. Өндіріс кешенінің аумағы 500 000 м2 аумақты алып жатыр. Жобаның құны 5 миллиард АҚШ долларына бағаланған. Атышулы Элон Масктың үшінші гегажобасының негізгі мақсаты күн көзінен энергия қуаттарын алатын пластинкалық тақташаларды сынақтардан өткізіп, энегрия көзінің сарқылмайтын түрін әлемге паш ету. Дәл қазіргі уақытта өндіріс кешенінің жасап шыққан пластинкалық тақташалары Лос Анджелес пен Калифорнияның көптеген (виллалар мен коттедждерге) тұрғын үйлеріне орнатып тастады. Күн көзінен энергия алатын тақташалар өзінің перспективалы екенін көрсетіп, тәжірибеде эффективті нәтиже беріп жатыр. Оның алдағы уақытта әлемдік дейгейді үлкен сұранысқа ие болатынына Элонның көзі толық жетіп отыр.
Белгілі технология технократының өнертабыстары мұнай дәуіріне алапат экономикалық соғысты ашып отыр. Әлемдегі экономика саласының мамандары мұнай ғасырының аяқталып келе жатқанын айтып, әр түрлі ақпараттарды таратып жатыр. Себебі, барлық нәрсенің шегі бар екені белгілі. Олар біраз бұрын біздің де еліміздің экономикасының алдағы он жылдағы ауыр жағдайын тілге тиек етіп өтіп, Қазақстан мұнайының алдағы 10 жылда шекке жетуін айтып жатыр. Элон Масктың осы жобаларымен қоса АҚШ тың бірнеше штаттарынан энергия қорын өндіретін осындай алпауыт өндіріс кешендерін ашуды жоспарлап отыр. Ол мұнай ғасырын бағындырайын деп отыр. Алға қойған мақсаты да осы. Оның есесіне, жасап жатқан технологиялары, күн көзінен алып жатқан қуат көздері де экологиялық жағынан анағұрлым зиянсыз болып шығып жатыр. Бұл оның алдағы жоспарына да алапат серпін қосып, энергияға деген сұранысты өте жоғары деңгейде арттырады. Себебі, әлемнің қазір көп аймағы экологиялық апатты жағдайлардың қақпанына түсіп қалған. Бұл түптің түбінде мұнай мен шикізат сатуға ғана әлеуеті бар елдердің экономикасы мен ішкі нарығын теңселтеді. Сол үшін де APPLE корпорациясымен серіктес болуға ниетті. Дәл осы жолайрықта біз сияқты техникасы мен өндірістік технологиялары жоқ, шикізатты ғана сатуға тәуелді елдер не істемек? Мұнайымыз таусылса жағдайымыз не болады? Біз ертеңгі күні сыртқы нарықтың құбылмалы ауа райына қалай жауап береміз? Шатырымыз кетіп қалып жүрмей ме?
Бекболат Қаржан
"Адырна" ұлттық порталы