(өмірдің өзі сатира)
І
Өткен жылғы күзде Павлодардағы ХҚО-ның (ЦОН) қызметкері әйел адам келушілердің бірінен бір қорап «Rafaello» деген кәмпит алу үстінде ұсталды. Бір қорап кәмпит! Не деген сұмдық! Басталмаған тұтас бір қорап кәмпит алған!
Бірақ «қылмыскердің» бұл әрекеті іске аспады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қырағы көзі бұны қалт жібермей, «парақор» әйелді дереу құрықтап, бір қорап кәмпит мемлекеттік қорға тапсырылды. Сөйтіп, мемлекеттік дүние-мүлік қоры бір қорап кәмпитке толықты. Қалай қуанбассыз! Бұл оқиғаны сол кезде әлеуметтік желілер де, облыстық жаңалықтар қызметі де жарыса жазып, жария қылды. Сөйтіп, Павлодар облысындағы сыбайлас жемқорлыққа біржола тосқауыл қойылды!
Жасасын құқық қорғау жүйесі! Жасасын коррупцияға қарсы қызмет тобы! Егер бұл қылмыс сол арада ашылып, халыққа жария болмаса, мемлекетіміз бұндай орасан экономикалық соққыны көтере алмас еді... Құрып кету мүмкін еді.
Есіме ХІХ ғасырдың екінші жартысында жасап өткен орыстың атақты адвокаты Ф.Плевако түсті. Осы Плеваконың заманында бір қайыршы кемпір құны 5 тиын тұратын мыс шәйнек ұрлап, сотты болады. Ақшасы жоқ жетім кемпірді ешкім тегін қорғағысы келмейді. Сонда кемпірдің тегін қорғаушысы болған Плевако сот процесі үстінде былай деген екен:
–Бұл сорлы Ресей нені бастан кешпеді?! Ол ашаршылықты да, қырғын соғысты да, күйзелісті де бастан өткерді. Бірақ Ресей осының барлығына төзіп келді, құрып кетпеді. Енді келіп, мына бір кемпір 5 тиынның мыс шәйнегін ұрлапты. Бітті! Ресей бұндай соққыға төзе алмайды, Ресей құриды енді!
Әрине, Плеваконың бұндай сөзінен соң, кемпірді ақтап жібереді.
Бағасы 500 теңге тұратын бір қорап кәмпит алып ұсталған ЦОН қызметкері жайлы оқығанда, осы әңгіме есіме түсті.
ІІ
2016 жылдың 5 қыркүйегі күні коррупцияға қарсы ұлттық бюро «Хоргос» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығының (кеден) президенті Василий Нидің миллион доллар көлемінде пара алып жатқанда ұсталғаны жайлы хабарлады. Бірақ кейін Алматы қалалық соты Нидің бұл әрекетінде қылмыстың болмауына байланысты, оны біржола ақтап жіберді...
Шынын айтсақ, осыған керемет риза болдық. Кім алмай жатыр қазір параны? Миллион доллар деген не тәйірі? Мүмкін бұл шамалы сома Нидің бір ұсақ-түйек шаруасына қажет болған шығар. Бірақ соны түсіне білген біздің сот жүйесін айтсаңшы! Неткен әділ, неткен кеңқолтық адамсүйгіш жүйе! Ни мырзаны басынан бір сипады да, қоя берді.
Шынын айту керек, әркімнің жағдайын түсіне білетін осындай зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатқаның үшін кейде тағдырыңа шексіз риза боласың!
Бірақ ана бір параға кәмпит алатын әйел секілді адамдардан сақ болуымыз керек, ағайын! Олар қоғамға қауіпті!
Сайлау Байбосын