"Құм ішінде бүр жарған гүл". Екібастұздық кәсіпкер-ана күніне бес жүз адамды тегін тамақтандыруда

8579
Adyrna.kz Telegram

Екібастұздағы алағай шақ басталғалы күніне бес жүз адамды тегін тамақтандырып отырған кәсіпкер, халқының аялы алақында тербетілген азамат, жүрегі мейірімге тұнған абзал ана Шаттық Ешмұратқызы жайлы "Адырна" ұлттық порталы қалам тербейді. Кейіпкердің Екібастұз халқына көрсеткен көмегі қалың жұрттың назарын аударды. 

- Балаларым осы жерде туған соң, Екібастұз маған сондық ыстық. Өзімнің елім деп санаймын. Халыққа айтарым, өкінішке қарай, кім осындай қиын жағдайға тап болса, бізге жүгінсе болады. Келіңіздер! Еш қысылмаңыздар. Таңғы, түскі, кешкі ас бар. Жатын орын бар. Есігіміз әрдайым ашық. Бірлесіп, бір-бірімізді сақтайық, - дейді жүзінен шуақ шашылған Шаттық Ешмұратқызы.

Орайы келгенде айта кетейік, Шаттық Ешмұратқызы 1962 жылдың 29-желтоқсанында Атырау облысы Құрманғазы ауданында туған (бұрынғы Гурев облысы, Теніз ауданы, Ганюшкин ауылы). Қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсыновамен бір мекенде дүниеге келген. Әкесі Ешмұрат пен анасы Алма апайдың ұлттық тәлім-тәрбиесінде жетілген. Оның мейірім тұнған жүзіне қарағанымызда Фариза Оңғарсынованың "Құм ішінде бүр жарған гүл" жыр-тіркесі ойға оралады.

Аталмыш видеосы фейсбук белсендісі Қуандық Танабас бөлісті. Еңбектің көркін қыздырып, табысын халқының игілігі жолында жұмсаған жанға Қазақ елінің түкпір-түкпірінен тілектестік танытып жатқандар өте көп:

"Кезінде, табиғаты әсем, тамаша көрікті болған Теңіз ауданы, Гурьев облысында дүниеге келіп, рухани байлықпен өскен, иманжүзді, ибалы, тәрбиелі Шаттық Ешмұратқызымен замандаспын. Алланың қалауымен Кереку өңірінде өз теңін тауып, шаңырақ құрды. Аман-есен жүріңіз!",

"Қазақтың жанашырларына мың алғыс! Қазақтың қызының кәсібі дөңгелене берсін! Аман болып, ұрпағының қызығына куә болып, ұзақ жасап, ғасырды еңсерсін!",

"Жүзі жылы ханым екенсіз. Алла разы болсын!" деп жазды оқырмандар.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер