Атырауда 8 жасар бала Жайық өзеніне батқан жасөспірімдерді құтқарды (Видео)

3477
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден

Атырауда 8 жасар оқушы өзенге батқан екі жасөспірімді құтқарды. Бұл туралы Атырау облыстық полиция департаменті мәлімдеді. Құтқарған сәт видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Мәлімет бойынша, 3 желтоқсанда кәмелетке толмаған екі 14 және 9 жастағы жасөспірімдер «Жұмыскер» ықшам ауданындағы көпірдің жанында мұз үстінде ойнап жүрген. Кенеттен мұз жарылып, балалар суға батуға шақ қалған. Дінмұхаммед ойланбастан көмекке жетіп, басын қатерге тігіп, жігіттерді мұздай судан алып шықты.

“Суға батып бара жатқан балаларды көргенде, менің жалғыз ойым оларды құтқару болды, өйткені ағыс қатты. Мен ойланбастан мұздың ойығына жүгіріп барып, екі баланы судан алып шықтым. Мен оларды құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін жасадым”, - дейді 8 жасар Дінмұхаммед.

Кейін оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері балаларға көмектесіп, оларды аман-есен ата-аналарына тапсырды.

“Мен Дінмұхаммедке баламды өлімнен аман алып қалған батыл әрекеті мен жанашырлық сезімі үшін ерекше алғыс айтқым келеді. Ол болмағанда мұның соңы қалай боларын кім білсін?! Ол осындай батылдығы үшін үлкен құрметке лайық. Мен де өзімнің алғысымды білдіремін. ержүрек, абзал ұл тәрбиелеп өсірген ата-анасына мың алғыс. Ең бастысы дені сау болып өссін”, - дейді құтқарылған 9 жасар баланың анасы.

Айта кетейік, полиция қызметкерлері мұздың әлі жұқа екенін және оның үсті өте қауіпті екенін ескертеді. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарын балаларын қадағалауға шақырады.

Пікірлер