"Қазақстан мен Ресей ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жеткізді" - Тоқаев (ВИДЕО)

4568
Adyrna.kz Telegram

"Қазақстан мен Ресей ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жеткізді". Бұл пікірді Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумының XVIII жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

«Ең алдымен, осы шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін РФ-ның президенті мен барлық ресейлік әріптестерге өз ризашылығымды білдіргім келеді. Форум тақырыбының өзі халықаралық саудадағы дағдарыс пен геосаяси белгісіздіктің қазіргі жағдайында зор маңызға ие. Шынында да, барлық шектеулерді алып тастау және саудада өзара тиімді жағдай жасау елдеріміздің сапалы экономикалық өсіміне негіз болады. Сондықтан бүгінгі кездесуіміздің ерекше маңызы бар», - деді Тоқаев.

Тоқаев Дүниежүзілік сауда ұйымының деректеріне сілтеме жасап, либералды сауда келісімдерінің бастауында тұрған әлемнің ең дамыған елдері соңғы жарты жылда экспорттық шектеулерді енгізу қарқынын арттырып келе жатқанын атап өтті.

"Мысалы, G20 елдері осы жылдың мамыр айынан қазанға дейін сауда-саттық көлемі 160 млрд доллардан аспайтын тауарларға 47 шектеу шараларын енгізді. Сөз экспортқа үнемі туындап отырған шектеулер, қосымша лицензиялық талаптар, квоталар мен салықтар жайында болып отыр. Осыған орай, Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық, бақытымызға орай, жаһандық үрдістерден айтарлықтай ерекшеленеді. Өткен айда біз екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын атап өттік. Осы уақыт ішінде мемлекеттеріміз мығым достық пен тату көршілікке негізделген өзара тиімді стратегиялық серіктестік құра алды. Елдеріміз арасында сенімді, сындарлы диалог орнатылып, ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жеткізілді», - деді Мемлекет басшысы. 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің шақыруымен Ресейге ресми сапармен келгені хабарланған болатын. Екі ел президенттері Орынборда өтіп жатқан Қазақстан мен Ресейдің XVIII Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына қатысты.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер