Семейліктер қуана-қуана Ахмет Байтұрсынұлы жайлы фильмнің түсіріліміне қатысуда

2298
Adyrna.kz Telegram
Алашорданың астанасы болған Семей қаласында Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығын баяндайтын "Соңғы үкім" атты көркемфильм түсіріліп жатыр. Туынды қазақ руханиятының қазынасын байытып, келесі жылы көрермендерге жол тартпақ, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Семей қаласындағы түсірілім төрт күнге созылмақ. Фильм туындыгерлері өнімді жыл соңына дейін аяқтап, жарыққа шығаруды жөн көріп отыр.  Кинобаянның тұтас сюжеті Ахмет Байтұрсынұлының өмірінің барлық кезеңін қамтиды. Түсірілім тобына Ерлан Нұрмұхамбетов пен Ерген Тоқмурзин жетекшілік етеді.
Жетекшілердің айтуынша, кинотуынды Ахмет Байтұрсынұлының абақтыда өткен азапты жылдарына қарамастан қайсарлық танытуын, іңкәр махаббаты мен ғылым-білімдегі ерен еңбегін, тағдыр желінің өтінде өткен ауыр да өнегелі өмірін суреттейді. Басты рөлде - Азамат Сатыбалды, жары Бадрисафаның рөлінде - Дарья Александрова ойнайды.
Кинотуындының алғашқы кезеңі 2021 жылы түсірілді. Негізгі түсірілім өткен мекен – Алматы қаласы және Шығыс Қазақстан облысы. Қоюшы оператор – Марс Омаров. Бас продюсер – Дастан Атығаев. Сценарий авторы – Ғалым Доскен.
Айта кетерлігі, Семейліктер Ахаң жайлы кинокартинаның түсірілетінін естіп, көпшілік көріністегі кадрларға түсуге қуана-қуана келіскен.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер