Ұлттық тәлім-тәрбиеден бастау алған отбасы құндылықтарының рөлін күшейту қажет - Қарақат Әбден

16483
Adyrna.kz Telegram

"Басқа елдердің мәдениеті мен болмысына еліктеу – бұл қауіпті үрдіс. Ұлттық тәлім-тәрбиеден бастау алған отбасы құндылықтарының рөлін күшейту қажет". Бұл пікірді ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Қарақат Әбден Adyrna.kz порталына берген сұхбатында айтты. 

"Жаһандану жағдайында күн кешіп жатқан еліміз өзінің төл тарихын ұмытпай, мәдениетін жоғалтып алмау керек. Әлем халықтарының озық білімі мен жаңа технологиясы бізге әрине қажет. Бірақ басқа елдердің мәдениеті мен болмысына еліктеу – бұл қауіпті үрдіс. Сондықтан қазіргі кезде ұлттық тәлім-тәрбиеден бастау алған отбасы құндылықтарының рөлін күшейту керек. Өкінішке қарай, отбасы құндылықтары әлсіреп бара жатқаны шындық. Отбасы инстутының құнсыздануы сияқты әлемдік тенденция біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Мәселен, отбасылардың ажырасуы кейінгі жылдары өршіп тұрғанын айтпасақ та белгілі. Соның кесірінен көп бала толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. Қазір біз үшін бұл үйреншікті құбылыс болып кетті. Ал шын мәнінде, оның арғы жағында қаншама адамның тағдыры жатыр. Әкесінің немесе анасының мейірімін толық сезіне алмаған қаншама бала өсіп келеді. Одан бөлек, отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі де күрделеніп кетті. Ерлі-зайыптылардың арасындағы түсініспеушіліктің салдарынан адам өлімі тіркелетін жағдайлар да жоқ емес. Қатыгез аналардың жаңа туған нәрестелерге көрсеткен зомбылығы бір бөлек әңгіме. Байқасаңыздар, осындай қорқынышты фактілерге бойымыз үйреніп бара жатқандай. Бұның барлығы кезінде қазақ қоғамына, қазақтың ұлттық сана-сезіміне, мәдениетіне жат ұғымдар еді ғой", - дейді Қарақат Әбден.

Оның айтуынша, бұл рухани дағдарыстың айқын көрінісі.

"Міне, сондықтан біз ұлттық құндылықтарды насихаттауға, ұлттық тәлім-тәрбиені күшейтуге бар күшімізді салуымыз керек. Халқымыздың даналығы, тағылымы – тамыры тереңде жатқан асыл мұра. «Ел боламын десең, бесiгiңдi түзе» демекші, ұлттық тәлім-тәрбие отбасында қалыптасады. Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Демек, баланың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру отбасынан басталады. Отбасында көрген тәрбие оның бүкіл ғұмырына азық болады. Бір қуантарлығы, қазіргі кезде отбасылық және ұлттық құндылықтар жиі насихатталатын болды. Мемлекеттік телеарналарда арнайы бағдарламалар, кинотуындылар, түрлі жобалар жарық көруде. Жастар көз алмайтын әлеуметтік желілерде де пайдалы контенттер аз да болса шығып жатыр. Бірақ ол да аздық етеді. Қоғамдық істермен айналысып жүріп, мен бұқараның түрлі өкілдерімен қарым-қатынас жасаймын. Олардың біршама бөлігі ұлттық құндылықтардың мән-маңызын түсінбейді, космополиттік бағытты ұстанады. Демек, отбасы және ұлттық құндылық мәселесін одан да жоғары деңгейге көтеру қажет. Отбасылық құндылық деген ұғымның өзі мемлекеттік деңгейдегі идеологияның басты бөлігіне айналу қажет. Елімізде төл құндылықтарымызды насихаттайтын мемлекеттік бағдарламаның, ұлттық концепцияның болғаны дұрыс. Сондай-ақ бұл бағдарлама барлық мемлекеттік органдар мен ведомстволардың жұмысына негіз болып, қоғамды алға ілгерілету керек. Осыған көбірек көңіл бөлген жөн. Себебі рухы мен салт-санасы биік, ұлттық құндылықтарын дәріптеген ел ғана өз  келбетін жоғалтпай, жетістікке жете алады, осыны ұмытпайық",- деп түйіндеді сөзін Қарақат Әбден. 

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер