Росатом Африкадағы бірінші АЭС-тың екінші энергоблогын салудың негізгі кезеңіне кірісті

2847
Adyrna.kz Telegram

19 қараша Египеттегі «Эль-Дабаа» АЭС алаңында № 2 энергоблоктың іргетасына «алғашқы бетонды» құю рәсімі өтті. Екінші энергоблогтағы құрылыс негізгі кезеңге өтті, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.

Салтанатты рәсімге Египеттің Электр және жаңартылатын энергетика министрі Мұхаммед Шакер, Египеттің Атом электр станциялары Басқармасының (NPPA) төрағасы Амгед Эль-Вакиль, «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев, АЭС құрылысының жобаларын басқару жөніндегі АСЭ АҚ аға вице-президенті Александр Корчагин, сондай-ақ «Росатом» мемлекеттік корпорациясы мен NPPA инжинирингтік дивизионының жобалау командалары қатысты.

Бұған дейін, 2022 жылдың 31 қазанында Египеттің Ядролық және радиологиялық реттеу басқармасы «Эль-Дабаа» атом электр станциясының екінші энергоблогын салуға рұқсат берген болатын, бұл бетон құю жұмыстарын бастауға мүмкіндік берді.

«Египет пен Ресей командасы жоғары кәсібилік көрсетіп, мерзімінен бұрын жұмыстарды атқарып жатыр. Екінші энергоблоктың іргетасына алғашқы бетонды құю сияқты маңызды технологиялық оқиға Египет президенті Абдельфаттах Сисидің туған күнімен сәйкес келіп отыр, ол осы және бүгінгі күнге дейін Египетте жүзеге асырылып жатқан көптеген басқа мегажобалардың идеялық көшбасшысы болып табылады. Атом электр станциясы елдегі өмір сүру деңгейін сапалы жақсартуға үлкен үлес қосатынына және Египетке аймақтың технологиялық көшбасшылары арасында лайықты орын алуға мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деді Мұхаммед Шакер.

Алексей Лихачев бұл оқиғаның маңыздылығын атап өтіп: «Эль-Дабаа» атом электр станциясының екінші энергоблогын салудың басталуы жобаның қарқын алып жатқанын көрсетеді. Росатом шетелде белсенді жұмыс жасауды жалғастыруда: біз 11 елде 34 энергия блогын салып жатырмыз. Бірақ Египеттегі жоба біз үшін ерекше маңызға ие, өйткені «Эль-Дабаа» Африка континентіндегі ресейлік технология бойынша салынған алғашқы атом станциясы болады. Бұл Асуан бөгеті салынғаннан бергі Ресей-Египет ынтымақтастығының ең ірі жобасы. Атом электр станциясын іске қосу Египеттің әлеуметтік-экономикалық және технологиялық өмірінде маңызды рөл атқарады және елдің өнеркәсібі мен экономикасының төмен көміртекті көздерге біртіндеп көшуіне серпін береді. Бұл Египеттің ондаған жылдар бойы сенімді және тұрақты дамуы үшін берік негіз құрайды. Біздің Египеттегі әріптестеріміз бен серіктестерімізді бүгінгі маңызды оқиғамен құттықтаймын!»,- деді.

Анықтама: «Эль-Дабаа» АЭС – Египеттегі Жерорта теңізінің жағасындағы Матрух провинциясының Эль-Дабаа қаласында, Каирден солтүстік-батысқа қарай 300 км жерде салынатын алғашқы атом электр станциясы. Атом электр станциясы қуаты 1200 МВт болатын 4 энергия блогынан тұрады, әрқайсысының III+буынының ВВЭР-1200 (водо-водяной энергетический реактор) типті реакторлары бар.

Бұл қазірдің өзінде сәтті жұмыс істеп тұрған жаңа буын технологиясы. Ресейде осы буын реакторларымен төрт блок жұмыс істейді: әрқайсысы екі реактордан – Нововоронеж және Ленинград атом электр станцияларының алаңында. Ресейден тыс жерде 2020 жылдың қараша айында Беларусь атом электр станциясында ВВЭР-1200 реакторымен бір энергоблок желіге қосылды.

АЭС құрылысы 2017 жылғы 11 желтоқсанда күшіне енген келісімшарттар пакетіне сәйкес жүзеге асырылады. Келісімшарттық міндеттемелерге сәйкес, ресейлік тарап станцияны салып қана қоймай, сонымен бірге атом электр станциясының бүкіл өмірлік цикліне ресейлік ядролық отынды жеткізуді жүзеге асырады, сонымен қатар мысырлық серіктестерге персоналды оқытуға және алғашқы 10 жылда станцияны пайдалану мен қызмет көрсетуге қолдау көрсетеді. Тағы бір келісім аясында Ресей тарапы арнайы қойма салып, пайдаланылған ядролық отынды сақтауға арналған контейнерлер қояды.

«Росатом» мемлекеттік корпорациясының инжинирингтік дивизионы атом саласының жетекші компанияларын біріктіреді: «Атомстройэкспорт» АҚ (Мәскеу, Нижний Новгород, Ресейдегі және шетелдегі филиалдар), «Атомэнергопроект» АҚ – Біріккен жобалау институты (Мәскеу, Нижний Новгород, Санкт-Петербург филиалдары – жобалау институттары, Ресейдегі және шетелдегі филиалдар, іздестіру филиалдары) және еншілес құрылыс ұйымдары.

Инжинирингтік дивизион Ресейде және басқа елдерде жоғары қуатты АЭС салу бойынша жобаларды іске асырады, жобаны басқару мен жобалауды қоса алғанда, құрылыс қызметтерінің толық спектрін көрсетеді және күрделі инженерлік объектілерді басқару үшін Multi-d технологияларын дамытады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер