2022 жылғы 20 қараша – елімізде өтетін кезектен тыс Президент сайлауына орай «Қазақстан» телерадиокорпорациясы 16 сағаттық телемарафон ұйымдастырады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.
Отандық теле-радио арналар мен олардың интернет ресурстары және әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетілетін шара таңғы сағат 09:00-ден басталып түнгі 01:00-ге дейін жалғасады.
Марафонға саясаткерлер, саясаттанушылар мен депутаттар, қоғам қайраткерлері, мәдениет, спорт саласының өкілдері, белсенді жастар және блогерлер қатысады. Жобаны елімізге есімі кеңінен танымал 27 тележурналист жүргізеді.
Телемарафонда түрлі тақырыптарда дискуссиялар ұйымдастырылып, еліміздің барлық аймағынан және шетелдерден тікелей қосылымдар жасалады.
Сондай-ақ электораттың саяси белсенділігі бойынша сағат сайын баспасөз конференциялары ұйымдастырылып, халықаралық байқаушылар, сарапшылар, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігінің өкілдері дауыс беру барысы бойынша соңғы ақпараттармен бөлісіп отырады.
Марафонның TED-x форматындағы алаңында ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, «Қазақстандық Ник Вуйчич» Әли Тұрғанбеков және басқа да танымал тұлғалардың мотивациялық монологтары жоспарланған. Ал «Экспресс-камера» алаңында журналистерге марафонға қатысатын 1500-ден астам қонақпен сұхбат жүргізуге мүмкіндік жасалады.
Шара барысында Мирас Жүгінісов, Дастан Оразбеков, Маржан Арапбаева, Рүхия Байдүкенова, Мәди Сыздықов, Садраддин, Калифорния сынды сахна жұлдыздары мен танымал стендаперлер өнер көрсетеді.
Онлайн марафон 20 қараша күні Астана қаласы «Қазмедиа орталығының» киноконцерт залында өтеді.