Президент Тоқаев Ресейдің "кешірім сұраған" елшісімен қоштаса ма?

2559
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкинді қабылдады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Кездесу барысында Қазақстан Президенті мемлекетаралық байланыстардың барлық бағыты бойынша екі ел арасында тұрақты диалог қалыптасқанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ресей Президенті Владимир Путиннің жуырда Астанаға жасаған ресми сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтар тату көршілік қатынастарды жан-жақты нығайтуға бағытталған өзара ұмтылысты тағы да растады.

Сонымен қатар кездесуде Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің өзекті мәселелері және даму перспективалары қарастырылды.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы желтоқсан айында Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин ресейлік басылымдардың біріне берген сұхбатында Қазақстандағы радикалды ұлтшылдар мен русофобия туралы айтып, Ресейдің олармен күреске «көмек беруге дайын» екенін мәлімдеген болатын. Артынша Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов журналистерге Бородавкиннің берген сұхбатына қатысты пікірін білдірген болатын.

«Елшінің сұхбатының кей тұстары оның мәртебесіне сай келмейді әрі пайда әкелмейді деп ойлаймын. Бородавкин мырза өте тәжірибелі дипломат, ол үгіт-насихатшылар мен саясаттанушылардың жетегінде кетпеуі керек», - деген еді Ерлан Қошанов.

Осы оқиғаға байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров та түсініктеме беріп, Ресей елшісінің министрліккt шақыртылып, әңгіме өткізілгенін және оның "кешірімі қабылданғанын" айтқан.

Алексей Бородавкин 2018 жылы Ресейдің Қазақстандағы елшісі қызметіне тағайындалған еді. Ол Қазақстанда ұзақ іссапарда болған дипломаттың бірі.

Қазақстанға келгенге дейін ол мынандай қызметтер атқарған.

1999 жылдан 2002 жылға дейін – ТМД Төртінші департаментінің директоры;

2002-2004 жылдары – Ресейдің Словакиядағы Елшісі;

2008 жылдан 2011 жылға дейін – Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары;

2011-2018 жылдары - Женевадағы, Швейцариядағы БҰҰ кеңсесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Ресейдің тұрақты өкілі, сондай-ақ БҰҰ-ның қарусыздану жөніндегі конференциясындағы Ресейдің тұрақты өкілі және БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіндегі Ресей делегациясының басшысы.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер