Ертіс-Баян өңірінде күніне 30 мың литр сүт өндіретін шаруашылық ашылды

3089
Adyrna.kz Telegram

Павлодар облысында 1200 басқа арналған сүт-тауарлы ферма іске қосылды.  Жоба сегіз ай ішінде жүзеге асырылды. Жоғары сапалы сүт өндіретін жаңа кешеннің ашылуына облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов қатысты, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.

"AgroTrade PV" ЖШС-нің сүт-тауарлы фермасы Павлодар ауданындағы Ольгино ауылында орналасқан. Оның құрылысы 2022 жылдың наурызында басталды. Ферманың директоры Қуаныш Темірғалиннің айтуынша, мұнда күніне 30 мың литрге дейін сүт өндіру жоспарланып отыр,  ал, кәсіпорын толық қуаттылық деңгейіне шыққан кезде жалпы өндіріс көлемі жылына 10 мың тонна сүтті құрайды.

– Қазір бізде гольштин-фриз тұқымды 476 бас ірі қара мал бар. Тағы да қосымша 1200 бас сиыр сатып алу жоспарлануда, - деді ферма директоры. - Жоба мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылды. 40 сиырға шақталған сауын блогы орнатылды. Өндірістің автоматтандырылған процессі және сүтті тұқымды сиырлардың болуы жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Сүт өндіру кешенінде 100-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды, жұмыскерлердің  негізгі үлесін жергілікті тұрғындар құрайды. Фермада сүттен бөлек картоп, дәнді дақылдар мен жемдік дақылдар өсіріледі. 1700 га суармалы жер алқаптары мал басын толық қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Жалпы, облыс әкімі атап өткендей, біздің өңірдің агроөнеркәсіптік кешені барлық бағыттар бойынша қарқынды дамып келеді. Мәселен, соңғы үш жылда суармалы жерлердің ауданы 40 мың гектарға ұлғайып,142 мың гектарды құрады.

 

 

- 2020 жылдан бастап ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 1,8 есеге өсті, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Бұл өте жақсы жетістіктер. Әрине, бұның бәрі сіздер сияқты жерлестеріміздің адал еңбегінің жемісі. Сіздер алты ай ішінде сапалы кәсіпорынды құруға және өндірісті нөлден бастауға болатындығын көрсетсеңіздер.

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Бүгінгі таңда облыста 37 сүт-тауарлы фермасы жұмыс істейді. Өңірде сүт өндірісін 43 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік беретін  сегіз жаңа кешен салу жоспарланып отыр.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер