Түркия жарылыстан кейінгі АҚШ-тың көңіл айтуын қабылдамады

2868
Adyrna.kz Telegram
Фото: әлеуметтік желілерден
Фото: әлеуметтік желілерден

Түркия АҚШ елшілігінің көңіл айтуын қабылдамады. Бұл туралы Түркия ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу тергеуге Ыстамбұлдағы лаңкестік әрекеттің қай жерден үйлестірілгені мәлім екенін, сондықтан елдегі АҚШ елшілігінің көңіл айтуы қабылданбағанын мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы  РИА Новостиге сілтеме жасап.

«Біз шабуылдың қай жерде үйлестірілгенін білеміз. Бізге жіберілген хабарламаны алдық және оның қандай хабар екенін білеміз. Біз Америка елшілігінің көңіл айтуын қабылдамаймыз. Біз ешкімге опасыздық жасаған емеспіз, сондықтан мұндай арамзалыққа бұдан былай төзімділік танытпаймыз. Истиклал көшесі – біздің аяулы ортамыз. Егер шабуылдаушыны ұстамағанымызда, ол бүгін Грекияға қашып кетер еді», - деді министр CNN Türk арнасына берген сұхбатында.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьер АҚШ-тың Ыстамбұлда болған зорлық-зомбылық әрекетін айыптайтынын, сондай-ақ құрбан болғандардың туыстарына көңіл айтатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, бір күн бұрын Ыстамбұл орталығындағы жаяу туристерге арналған Истиклал көшесінде жарылыс болып, 6 адам қаза тапқан болатын. Кейін Түркия вице-президенті Фуат Октай 81 адам жараланғанын хабарлады.

Сонымен қатар, Ыстамбұлда лаңкестік жасады деген күдікпен ұсталған әйелдің суреті жарияланды.

Түркия БАҚ-тарының хабарлауынша, ұсталған адам Сирия азаматы - Алам әл башир.  Ол елде террористік деп танылған Күрдістанның жұмысшы партиясымен байланысы бар екенін мойындаған.

 

 

Пікірлер