“Мен қылмыскер емеспін“: Хаменова сотта соңғы сөзін айтты

2435
Adyrna.kz Telegram
Фото: Halyq Uni
Фото: Halyq Uni

Бүгін Атырау қалалық №2 сотында облыс әкімінің экс-орынбасары Бақытгүл Хаменова сотта өзінің соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ол тергеуге көңілі толмайтынын айтып, кінәсіз екенін мәлімдеп, өзін ақтауды сұрады. Сондай-ақ, Хаменова соңғы сөзінде соттың басталғанынан бері 11 ай өткенін, сондықтан қылмыстық оқиға жеткілікті түрде толық және терең тергелді деп санайтынын атап өтті.

Сөз басында ол оның ісін Антикор қызметкерлері толығымен ойдан шығарғанын сол себепті өзінің кінәсіз екенін де айтты.

"Олар ешнәрсені жасырмай, жасаған қылмыстарын айтып берді. Біз олардың қылмысы туралы айтқандарын шындық деуге құқылымыз. Бұл шындыққа қол жеткізуді айтарлықтай жеңілдетеді. Кінәмді мойындап, өзім жайлы айта келе, менің бұл іске қатысым бастапқыда болмағаны белгілі болды. мемлекеттік айыптаушы мұны көрмей ме, әлде өзінің қылмыстық әрекетсіздігін мойындағысы келмей ме, мүлдем кереғар пікірді айтып отыр", – деді Хаменова сотта.

Сонымен қатар, ол сотталушылар – облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев пен "Балқыту" ЖШС директоры Өміртай Адамовтың кінәсін олардың ешқайсысы дауламайтынын жеткізді. Одан бөлек, қазір азаматтардың көпшілігі қазақстандық сотқа сенбейтінін атап өткен. Өзінің ісін сөзіне дәйек еткен ол бұл жағдайдың сенуге болмайтынын көрсеткенін айтқан.

"Өйткені бұл іске қатысы бар анықтаушылар, тергеушілер, прокурорлар заң мүддесіне опасыздық жасап, маған ойдан шығарылған айыпты ашық қолдап отыр. Сот та осы жолмен кете беретін болса еліміздің, балаларымыздың жарқын да баянды болашағына сеніміміз өшеді. Себебі осындай жағдайда заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқықтық мемлекет құру ұрандарының жалған екенін көруге болады", –  дейді айыпталушы.

Сөзінің соңында Хаменова өзін ақтауды және әділ үкім шығаруды сұрады.

"Маған тағылған айыпты алып тастап, бұрын жариялаған жеке шешімді шығаруыңызды сұраймын. Мен қылмыскер емеспін, сондықтан өз кінәсіздігімді дәлелдеу үшін соңына дейін барамын", – деп қорытындылады ол.

Сондай-ақ, сотта соңғы сөздерін сотталушылар облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев пен "Балқыту" ЖШС директоры Өміртай Адамов айтты. Үкім 15 қарашада шығады.

Айта кетейік, экс-шенеунік пен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев Атырауда Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу келісімін жасасу үшін 4,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді.

Пікірлер