Салтанат Тұрсынбекова: "Балаға алимент төлемеу – күн сайын ұлғайып бара жатқан күрделі мәселе!"

1717
Adyrna.kz Telegram

ҚР Президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова Ақтауда жалғызбасты аналармен кездесу өткізіп, алимент мәселесін талқылады. Бұл туралы "Адырна" ұлттық порталы хабарлайды. 

"Бүгін мен батыс өңірінде – Ақтау қаласындамын! Мені асыға күткен жалғызбасты аналармен кездесуім өтті. Біз қоғамдағы шешімін таппай жүрген – алимент мәселесін талқыладық. Дәлірек айтсам, олар алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматтардың мәселесін көтерді. Кездесуге баласы бар бір әйел қатысты. Ол күйеуінің көптен бері алимент төлеуден қашып жүргенін, енді баланы мойындамай, ДНК сараптамасын талап ететін жағдайға жеткенін айтты. Демек, әлгі әйелдің бұрынғы жары өз баласын асырағысы келмейді. Балаға алимент төлемеу – күн сайын ұлғайып бара жатқан күрделі мәселе. Жалғызбасты аналар баласы үшін алиментті сұрап алмауы керек, бұрынғы күйеуі мен бірге тұратын адамдарының артынан жүгірмеуі тиіс. Балаларын бағып-қағып өсіреді, оларға білім, лайықты тәрбие береді", - дейді Салтанат Тұрсынбекова.

Оның айтуынша, бұл әйелдер барлық жауапкершілік жүгін тек бір өзі көтермеуі қажет.

"Мен Ішкі істер министрлігі мәлімдеген бірнеше цифрды мысалға келтіре аламын. 2021 жылы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша алимент төлемегені үшін 300-ге жуық борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылса, оның тек жартысы ғана нақты мерзімдерін алған. Тағы 6 мыңға жуық борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл ретте қарыздың жалпы сомасы жүздеген миллиард теңгені құраса, сот орындаушылар мыңдаған істерді жүргізіп жатыр. Борышкерлердің көпшілігі әділдіктен және бұрынғы әйелдерінен еш жазасыз қашып кетуді көздейді. Алимент өндіріп алудың негізгі мәселелерінің бірі – борышкердің кірісін анықтаудың тиімді әдістерінің жоқтығы. Егер борышкерде жұмыс болмаса және жұмыс іздеуге тырыспаса, онда алименттік қарыз орташа республикалық жалақыға сүйене отырып айқындалады. Сот орындаушылары мүлік туралы ақпаратты тек ашық көздерден алады. Тіпті егер адам қымбат көлік мініп, шетелге саяхаттаса да, бірақ оның ресми кірісі жасырын болса, оған алимент төлету мүмкін емес", - дейді президентікке үміткер.

Сонымен қатар, төрт сандық айыппұлдар немесе екі жылға дейін қамауға алумен қорқыту олардың алимент бойынша міндеттемелерін орындауына іс жүзінде әсер етпейді.

"Себебі, алимент төлемейтін азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалған кезде ол аздаған соманы, айталық, бірнеше мың теңге төлеп, жауапкершіліктен жалтаруы мүмкін. Осының барлығын негізге ала отырып, тұрақты алимент төлемейтіндерді жауапқа тартудың қазіргі механизмі тиімсіз екенін мойындау керек. Неліктен жағдай өзгермейді? Менің ойымша, ұзақ уақыт бойы отбасындағы зорлық-зомбылық сияқты, бұл да екінші кезектегі мәселе болып саналады. Ал мен оны іріңі жарылайын деп тұрған жараға теңер едім. Менің ойымша, біз қоғамымыздың назарын осы әйелдерге бұруымыз керек. Мен көптен бері толық емес отбасын қолдау тақырыбын көтеріп келемін. Оның ішінде алимент және басқа да реформалар бар. Өзімнің сайлауалды бағдарламамның шеңберінде толық емес отбасылардың мәртебесін заңнамалық тұрғыдан бекітуді және нақты отбасының қиын жағдайын ескере отырып, тұрғын үйді дұрыс бөлу механизмін әзірлеуді ұсынамын.
Жалғызбасты аналарға дұрыстап көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Әйелдер қиындыққа ұзақ уақыт шыдай алады, бірақ өмір бойы емес", - дейді президентікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер