Сәкен Сейфуллиннің Сталинге жазған хаты табылды

4219
Adyrna.kz Telegram
Ерте ме, кеш пе жарияланбай қал­майтын бұл хат төл тарихымыздың бір қызық дерегі. Төменде алғаш рет баспа бетін көргелі отырған Сәкен Сейфуллиннің Сталинге жазған бізге белгілі жалғыз хаты. Сәкеннің бұдан соң Генсекке бас ұрғандығы туралы бізде басқа дерек жоқ. Ал, бұған дейін Сталинге ештеңе жазбағанын Сәкеннің өзі жазады.
Хаттың біздің архивтегі нұс­қа­сында Сталиннің оны оқыған-оқы­мағандығы жөнінде белгісі жоқ. Әдетте қойы­латын кеңселік тіркеу белгілері қойыл­маған. Хаттың жазылған мерзімі де көрсетілмеген.
Хаттың жазылу мезгілі – Сәкеннің қорғануға мәжбүр етілген кезі. Ол 1922 жылдың қазан айынан бастап басқарған Қазақ АКСР-і Халық комиссарлары кеңесінің төрағалығы қызметінен 1924 жылдың қыркүйегінде босатылды. Орнынан алынып қана қойған жоқ, бұрынғы ізіне түсушілік пен қудалау өрши түсті. Хат мазмұны Сәкеннің осы қиын тұстағы көңіл-күйін айқын білдіреді.
Бұл хат 60-жылдардың бас кезінде Сәбит Мұқановқа белгілі болған. Сәбең өзінің І96І-І963 жылдары жазған «Өмір мектебінің» 3-ші кітабы «Есею жылдарында»: «Жуық арада, Москвада КПСС Орталық комитетінің қарамағында қызмет атқаратын марксизм-ленинизм институтынан Сәкен Сейфуллиннің 1925 жылы ВКП/б/ Орталық Комитетіне, қазақ ұлтшылдарымен күресі туралы жазған ұзақ хаты табылды» дей отырып, тіпті үзінді келтіреді (А., 1970, 139-140 бб).
Жетекші Сәкентанушымыз про­фессор Тұрсынбек Кәкішев те хат мазмұнымен жақсы таныс болғанға ұқсайды. Ол хаттың жазылған күнін нақты көрсеткен – 1925 жылдың 22 мамыры. Расында да Сәкен осы тұста Мәскеуде, Кеңестердің Бүкілресейлік ХІІ съезіне (7-16 мамыр) және КСРО Кеңестерінің ІІІ съезіне (13-20 мамыр) делегат болып қатысқан еді. Т.Кәкішев хат «Қазақстандағы хал-жайды анық баяндайды» деумен шектеліп, ара­да бірнеше күн өткеннен кейін Сә­кеннің Сталиннің қабылдауында болғандығын атап өтеді (Кәкішев Т. Сәкен Сейфуллин. А.,1976. 270-271 бб). Қайткенде де бұл хаттың әзірше бізге беймәлім өзіндік тарихы бары сөзсіз.
Тарихымыздағы қандай болсын оқиға немесе құбылыстың артында нақты адамдар тұрғандығы бұрыннан-ақ белгілі жайт. Тек «коммунистік диктат» аталған заманда оқиғалар кейіп­керлерсіз жазылып, басты «герой» – жекедара Компартия болып кел­ді. Тарихтың қозғаушы күшінің бірі субъективті фактор екендігі ойда болғанымен сыртқа шықпады, қа­ғазға түспеді. Осы тұрғыдан алғанда Сәкеннің хаты – өте маңызды тарихи айғақ.
Сәкен сынды ұлтымыздың бетке ұстар азаматтары заманының құлы болғысы келмеді. Олар заманымен алысты, отаршылдықпен алысты, қазақтың өзара бірлігі үшін алысты. Бірлік үшін күрес отаршылдықпен күрестен жеңіл емес-тін. Неге десеңіз, оң мен теріс, әділдік пен қиянат, жаңа мен ескі, артқа тартушылық пен алға тартушылық, жікшілдік пен туысқандық, бірігуге деген үрдіс бөлінуге деген ұмтылыспен қатар жүрді. Мақсат бір болғанымен оған апаратын жолдардың әр алуандығы тағы бар. Әр тұлғаның өзіне тән түйсік-сезімі, дүниетанымы айрықша әлем екендігі және бар.
Біз мұның бәрін ежіктеп жатуы­мыздың сыры – тарихымыздың аса күрделі, қарама-қайшылыққа толы екендігін жадына сақтай отырып, өткен жолымызды бағалауға келгенде мейлінше абай болуға, Сәкеннің хатындағы аттары аталатын 36 адамға қатысты жазылғанды парасаттылық танытып, байсалды ой елегінен өткізуді оқырмандарымыздан қатты өтінеміз. Шындықты танимыз десек, тарих кейіпкерлерінің қайсынікі жөн, қайсынікі бұрыс екендігіне билік айтуға асығыстық жасамасақ екен. Жастайымыздан ата-әкелеріміз құлағымызға құйып келген «Әруақ риза болсын» деген ұлағатты ұмытпайық.
Білмегеннен білген артық. Оның үстіне біздің білетінімізден әлі білмейтініміз көп екені анық. Сондықтан, даттау да, мақтау да орынсыз, құжатты түсіністікпен қабылдауымыз керек. Ұлы Мұхтар Әуезов «Сәкен жолы әр адымын санап басқан кісінің жолы емес, ылдиы бар, өрі бар – шын өмір жолы, ыстық қанды нағыз ақын жолы» деп жазған еді «Шыншыл, тәкаппар ақын» атты мақаласында. Бұдан артатын объективтіліктің өзін күту қиын. Салыстыру үшін Ғаббас Тоғжановтың «Біз үшін сыншы да партия, сот та партия. Ал, Сәкеннің көзқарасын талдауды, оған қағаз шығындауды қажет деп таппаймын… Сәкен де, Ілияс та, Бейімбет те 1925 жылға дейін шын коммунист болған жоқ. 1925 жылға дейін қазақтан адал лениншіл-коммунист болған адамды біз білмейміз» (ҚР ПА. І4І-қ., І-т., 2763-іс, 74-п.) дегенін келтірсе де болар.
Дәл осы тұста (1925 ж. 23 маусымы) Әлихан Бөкейханов Мәскеуден Орынбордағы Ахмет Байтұрсыновқа жазған хатында былай дейді: «Меңдешұлы жолдас» Бөкейханұлы «Еңбекші қазаққа» мақалалар жазады» – деп шағымданыпты. Бұл шағымы 15-маусымда Орталық комитет жанындағы Баспа бөліміне түсіпті. Мені әлгі шағым бойынша онда отырған татарлар тиісінше тезден өткізді. Мәскеу коммунистері: «Қа­зақтар – ұлтшылдар» деп жалпыға жар салып, айқайлап жүр. Мен олардан: «Айтып жүргендерің не?» деп сұрасам, олар: «Өздерің-өздеріңе шағым жасап жүрсіңдер, яғни, оны жазған – өз қазақтарың» деп айтады» (Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы. А., 1995. 398-б).
Өшіріп тастау қолымыздан әсте келмейтін тарихи шындықтың осы бір көрінісінен дұрыс сабақ алайық. Арада бірнеше айдан кейін Мәскеуден Қазақстанға аты өшкір Голощекин жіберілді. Онымен бірге қазаққа «Бөлінгенді бөрі жейдінің» кері келді.

Жұмажан Сүлеймен,
Қазақстан Республикасы Президенті архивінің
қызметкері, тарих
ғылымының кандидаты

Орталық Комитеттің Бас хатшысы Сталин жолдасқа

Қырғызияның Халком Кеңесінің
бұрынғы төрағасы С.Сейфуллиннен

Баяндау хат

Қырғызияның қазіргі саяси жағдайы мені Сізге төмендегіні қысқаша баян­дауға мәжбүр етеді:
Алдымен – өз басым туралы.
Мен өзім туралы немесе қырғыз қызметкерлерінің ішкі күресі жайында бүгінге дейін ОК-тегі Сіздерге жазып та, айтып та көрген емеспін. Мұның себебі – жікшілдік турасында кінә тағылып, айыпталудан қауіптендім. Үнсіздік менің қателігім де болуы мүмкін. Енді мен бұл туралы Сізге білдіруді қажет деп шешіп отырмын. Бірақ Сізден бір нәрсені – мұның бәрін мен Халық Комиссарлар кеңесінің төрағалығынан алынған соң жазып отыр, бірдеңені сұрайын деп отыр деп ойламауыңызды ғана өтінемін. Мен ешқашан да ештеңені сұрап көрген емеспін, мұны менімен бірге 1917-18 жж. бері жұмыс істеген жолдастарым да растай алады.
Істің мәні мынада: 1917-18 жж. Кеңестер үшін белсенді күрес жүргізген мені және бірталай қызметкерлерді, сол 1917-18 жж. қалай болғанда да Кеңеске қарсы және большевиктерге қарсы күресіп, партияға 1920 ж. кірген қырғыз жолдастар ұнатпайды және қырын қарайды.
Осы күнгі біздің партиялық жол­дастарымыздың «шығыс кек­шілдігі» оларға басынан кешіргендерін ұмыт­тырмайды. Олар біздің 1917 ж. бастап Бөкейхановтың1 жетекшілік етуімен большевизммен күрескен қырғыз ұлтшыл-алашордашылармен қас дұшпан болғанымызды кеші­ре алмай келеді. Өйткені, бұл жолдастардың бәрі дерлік Бөкейханов, Тынышбаев2, Досмұхамедовтердің3 не жақын достары немесе бас июшілері болғандар. Ал, осы аттары аталған үш субъектілер Сізге, әлбетте, таныс болар (Бөкейханов – Шығыс Алашорда өкіметінің төрағасы, Тынышбаев – Қоқанд Республикасы өкіметінің төрағасы, ал, Досмұхамедов болса – Батыс Алашорда өкіметінің төрағасы).
1917 ж. патша құлатылғаннан кейін Қырғызияның әр бөліктерінде қырғыз газеттері жарық көре бастады. Ал, бұған дейін Қырғызияда жалғыз «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы шығып тұрған еді.
Мәселен, Ақмолада патшалық құ­лаған соң «Тіршілік» газеті, Семейде «Сарыарқа» газеті мен «Абай» жур­налы, Ташкентте «Бірлік туы», Ордада «Ұран», Орынборда ескі «Қазақ» газеті, кейінірек Қызылжарда «Жас азамат» газеттері шыға бастады. Және де осы газеттердің маңына қырғыздардың азды-көпті зиялылары шоғырланып, топтасты.
Мінекей, бұл басылымдардың бәрі, ақмолалық «Тіршілік» газетінен бас­қалары, большевиктерге, Кеңестерге қарсы жорыққа ашық аттанып, үзбестен антибольшевиктік үгіт жүргізді, боль­шевиктердің көсемдері туралы пасық өсектер таратты, ұлттық-реак­циялық «Алаш» партиясының идея­ларын өрістетті. Тек қана жалғыз «Тір­шілік» газеті қырғыз кедейлерінің мүдделерін қорғады және ұлттық-реак­цияшыл «Алаш» партиясына қарсы шықты.
«Тіршілік» газетін басқарғандар:
1. Дүйсенбаев4 – Керенский кезін­де түрмеде отырған, Колчак тұсында қуғында қаза тапты.
2. Мен.
3. Асылбеков5 – словактардың кө­те­рілісі кезінде түрмеге жабылды, қа­маудан қашып шығып, Қиыр Шы­ғыстағы Қызыл партизан жасақтары қатарында шайқастарға қатысты.
4. Серікбаев6 Колчак түрмесінде қаза тапты.
Тағы басқа да жолдастар болды.
Ал, қазіргі біздің партия бойынша жолдастарымыз болғандар, бізге қы­рын қа­райтындар, ол кезде жоғарыда атал­ған большевизмге жаны қас газеттердің төңірегінде жүрді немесе әртүрлі қалаларда мекендегенімен, әлгі газеттерге шын мәнінде қолдау көрсетіп жазып тұрды, сөйтіп қалай болғанда да большевиктермен белсенді күрес жүргізді, көсемдер туралы өтірік, жексұрын лақаптар таратты.
1917 ж. Ақмолаға, большевиктермен шайқасуға атты әскер жасақтау үшін, ақша жинау үшін Алашорданың уәкілдері капитан Абылайханов7 пен дәрігер Сеитов8 келгенде, біз бүкіл халықтың өкілдері қатысқан үлкен-үлкен митингілер мен жиналыстар шақырып, оларға айқын түрде қарсы шығып сөйлеп, екі күн ұдайы сөзталасынан кейін жұрт біздің соңымызға еріп, Алаш уәкілдерін қуып жіберді. Сонымен біз бір топ орыс жолдастармен бірлесіп Ақмоланың Совдепін ұйымдастырдық.
1918 ж. көктемінде төралқасының құрамында біз де болған Ақмола Совдепі Қырғыз Автономиясын құруға дайындық жасау жөнінде Мәскеудегі Наркомнацтың жеделхатын алған кезде семейлік «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналында «Алаштың» орталық басшыларының Мәскеудегі өздерінің уәкілдері Досмұхамедовтер арқылы қырғыздарға автономия алып бергендері жөнінде қуанышты үн­деуі пайда болды. Біз Ақмолада бұл жайында шұғыл арада қырғыз еңбек­шілерінің уездік съезін шақырып баян­дама жасадық.
Съезд біз ұсынған – Алашордашылар алған автономия қырғыз еңбекшілері үшін қажеті жоқ делінген қаулыны бірауыздан қабылдады. Орыс пат­ша­сының уряднигінің орнына хан уряднигінің қойылуын қырғыз еңбек­шілері мүлде қаламайды. Біздің ұсынуымыз бойынша съезд Сталин жолдастың атына Алашорданың авто­номия алуына өзінің наразылығы мен қарсылығын білдірген мәлімдемесін жіберді9.
Сонымен бірге мен алашордашылар туралы, олардың қандай адамдар екендігін жазып Сібір Совдепіне баян­дама хат жібердім. Мұның бәрі, әрине, алашордашыларға тіпті де ұнай қойған жоқ.
1918 ж. Сібір мен Оралда Кеңес өкіметі құлағанда алашордашылар шаттанып шыға келді. Жер-жерде өз өкіметін орнатып, жасақтары мен милициясын құрып, тіпті әскери мектебі мен оқу командаларын ұйымдастырды, қырғыз больше­виктерін тұтқындаумен болды. Бұйрықтары мен хабарлары өздерінің орталық газеттерінде жарияланып тұрды (Шығыс Қырғызияда семейлік «Сарыарқа» газеті, Батыс Қырғызияда Ойыл қаласында)10.
Бұл кезде мен де, менің кейбір қыз­меттес жолдастарым да абақтыларда отырдық, ал, алашордашылар өкілдері «большевиктерді жою жөніндегі» комиссиялардың тергеулерінде жоға­рыда аталған құжаттар мен «Тіршілік» газетінің жеке сандарын алға тартып, бізге қарсы, әсіресе «Тір­шіліктің» жетекшісі ретінде маған қатты шүйлікті (Ақмоладағы Алашорда мүшелері, Нұралиндер)11. Қырғыз большевиктері заңнан тыс деп жарияланды (Алашорда өкіметінің №4 бұйрығы. «Сарыарқа» газеті).
Олар шаттанып жүргенде біздің жолдастарымыздың біразы түрмелерде қиналды, өзгелері бой тасалап кетті, мен болсам, бірнеше жолдастарыммен бірге Ақмоланың абақтысында кісен­дел­ген күйде жаттым, ал, біздің «Тіршілік» газетіміз басып алынып, талқандалды.
Тұтқынға алынған қырғыз больше­виктерінің бәрі, қашып құтылғандарын есепке алмағанда, не атып тасталынды немесе азапталып, өлгенше қиналды.
Ұлы күрестің осы бір ауыр мезетінде бүгінгі коммунистер, партияға 1920 ж. мүше болып енгендердің түгелі дерлік шаттыққа толы Алашордада қызмет етті, Дутов, Толстов, Колчак және Ан­ненков12 сияқты генералдардың қанатының астына кірді. Бұлармен Алашорда тығыз байланыс орнатты. Алашорданың жасақтары мен аталған генералдардың отрядтары қызылдарға қарсы бірлесіп шайқасты.
Ал, контрреволюция жеңіліске ұшырап, генералдар біржолата талқан­далған шақта және ақыр аяғында, 1920 ж. туғанда, революцияның кешегі жауларының көбі, Бөкейхановтың өз басының, Досмұхамедовтер мен Тынышбаевтардың да мақұлдауымен РКП қатарына кіре бастады. Әрине, соңғы кіргендердің партиядағы үлес салмағы 1917-18 жж. аман қалған санау­лы қырғыз коммунистерінен басым болып шыға келді.
Мұнан соң лезде, іле-шала қырғыз коммунистерінің ортасында екі ағымның – оңшылдық пен солшылдықтың пайда болғаны айқындала басталды.
Оңшылдар – бұлардың көпшілігі 1920 ж., ал, солшылдар – 1917-18 жж. партияға кіргендер. Әлбетте, 1920 ж. партияға мүше болғандардың да арасында, әсіресе жастар ішінде оңшыл элементтердің көзқарастарына теріс қарайтын жолдастар кездеседі. Міне, осы екі ағым бірде күшейіп, енді бірде жоғалғандай болып саябырлайды. Дегенмен, 1920 ж. бастап бізге жолдас болған оңшыл бағытты ұстанушылар болып көрінетіндерге біз де өте-мөте салқынқандылықпен қарай алмадық, өйткені, олардың істерін біз өз арқа­ларымызда өте ауыр сезіндік. 1923 ж. дейін біз осы оңшыл ағымға қайт­кен күнде де тым жол бермеуге ұмты­лысымызды тоқтатпай келген едік.
1923 ж. бастап бізге оңшылдар өздерінің қисық жақтарына тартуды қойған сияқты болып көрінді де, біз оларға шын ниетімізбен сенім көрсете бастадық. Бірақ енді біз бұл жөнінде өзіміздің қателескенімізді көріп отырмыз.
Оңшылдық ағымдар неден көрі­неді? Бұл жолдастар, біріншіден, Қыр­ғызияда таптар жоқ деп сендіреді, екіншіден, партияның ішкі мәселелерін партиядан тыс зиялылардың ортасына шығарып, олармен бірлесіп талқылауды шығарған, ал, соңғылар болса РКП-ға кірмеген кешегі Алашорданың басшылары. Үшіншіден, қырғыздар арасында коммунистік жастар одағын ұйымдастырудың керегі жоқ деп, оның орнына бөлек «Қырғыз жастарының одағын» құруды мақұл көреді және т.б., осы рухта жалғастыра береді.
Алашордашылар мен олардың басшыларының баспа жүзінде болсын, ауызша айтары болсын былапыт сөздеріне алдыңғылардың бірі болып мен ілігемін. Мен олар туралы 1917-18 жж. «Тіршілік» газетінің екінші редакторы және іс жүзінде газеттің жетек­шісі болған кезімде, онан соң да, басқа түрде Орынбордағы ҚырЦИК органдары «Еңбек туы» және «Еңбекшіл қазаққа» да жаздым, тіпті менің орыс тіліндегі екі мақалам 1920 ж. Наркомнацтың органы «Жизнь национальностей»-де13 жарияланған еді. Әрине, мұның бәрі үшін маған кешірім жасай алмай келеді.
Мен бұрынғы ауыл мұғалімімін. Жаман ба немесе жақсы ма, қырғыздың жазушысы мен ақынымын. Мінездеме үшін төменгі жайды келтірейін: өз кезінде замандастары – дворян өкілдері Некрасовтың14 ақындығын мойындамағанындай, бүгін де буржуазиялық интеллигенцияның көп­теген өкілдерінің Демьян Бед­ныйды15 ақын деп мойындағысы келмейтіндігіндей, Алашордадан шығып 1920 ж. партияға кірген біздің жолдастар да мені ақын деп танығысы келмейді, таныған күнде де түрлі ескертулермен танығандай болады.
Мен революция туралы «Қызыл сұңқарлар», «Паровоз», «Қызыл батыр­лар», «Қызыл жауынгерлер» мен «Аэропланмен самғаған революцияның жаршылары», үгіт сипаттағы өлеңдер жазғанымда олар мұны «ақындық емес» және «жаман» дейді де, «қырғыздарға бұл нәрселер жөнінде жазудың қажеті жоқ, лирикаға үгітті енгізуге болмайды» дейді. Ал, мен тек қана табиғаттың сұлулығы жайында жазсам, олар мұның жарайды, тіпті өте жақсы дейді. Және де маған ғана емес, менің қалам ұстаған жолдастарыма деген көзқарас та дәл осындай. Мысалға жас ақын С.Мұқанов16 туралы да олардың пікірі осылай.
Енді, Қырғызиядағы жалпы саяси жағдай туралы. Қырғызияда қазір 1920 ж. партияға келгендердің, яки оңшыл ағымдағы адамдардың үстемдігі орныққан. Тек қана ОАК [Орталық Атқару Комитеті] мен ХКК [Халық Комиссарлар Кеңесі] төрағалары оңшыл ағымға ниет білдірмейтін адамдар. Сондықтан, сырттай қарағанда жоғарғы басшылықтың бәрі оңшыл бағыттағы адамдардың қолында емес сияқты көрінеді. Солай болған күннің өзінде екі кісі не істей алады, оның үстіне Халком Кеңесінің төрағасы жолдас Нұрмақовтың17 мінезінің ауырлығы, ҚырОАК-нің төрағасы Мыңбаев18 жолдастың шала сауаттылығы олардың сыртынан оңшыл ауытқушылардың жұмыс істеуіне аса қолайлы жағдай тудырады. Міне, осы соңғылардың ішкі бірлігінің беріктігі сонша, Компартияға мүше адамдар мен үлкен әрі жауапты қызмет орындарында отырғандардан бастап, аяғы Бөкейханов, Досмұхамедовтер, Тынышбаевпен, ақындар Жұмабаев19, Дулатовпен20 бітетін бір шынжырдың бауына ұқсайды. Бұл адамдарға кедергі жасамақшы болған жолдастар әртүрлі сылтаумен лауазымды қызметтерінен біртіндеп алынып, олардың орнына «өз адамдары» қойылуда. Бүгінде ГАК-тердің (губерниялық атқару комитеттері] барлық төрағалары, Орал ГАК-нің төрағасы жолдас Досовтан21 өзгелері, олардың «өз адамдары».
1. Мәселен, Қырғыз ОАК-нің хатшысы Ж.Сәдуақасов орнынан алынып тасталды. Ол 1917-18 жж. алаш­ордашыл ағымға қарсы күрескен белсенді күрескерлердің бірі, алаш­ордалық ұйымдарға қарама-қарсы құрылған Омбының қырғыз жастарының «Демократиялық Кеңе­сіне» қатысушы. 1918-19 жж. Омбы қаласында астыртын қимыл жасаған, 1918 ж. желтоқсанында Колчакқа қарсы көтеріліс шығарған большевиктермен байланыста қызмет жүргізген адам. 1919 ж. ол мені және Нуркин23 жол­дасты Колчактың концлагерінен қашып шығуымызға көмек көрсеткен, Бай­ділдин24 жолдаспен бірге қызыл партизан Әбілов пен бір орыс жолдасты жасырып аман алып қалған адам.
2. Губком хатшылығы қызметінен Х.Жүсіпбеков алынды. Ол 1917-18 жж. Омбы оқушылары ішіндегі белсенді күрескер, Ж.Садуақасов, Т.Арыстанбеков, А.Нұрсейітов, Ә.Досов жолдастармен бірге алашордалық ағымға қарсы құрылған «Қырғыз оқушыларының демократиялық кеңесін» ұйымдастырған кісі.
3. С.Шәріповты26 алдымен Ақмола губаткомы төрағалығынан, соңынан, менің талабым бойынша Жоғары соттың Қырғызиялық бөлімшесінің Алқасына мүше болған жерінен қуып шығарылды. Ол 1917-18 жж. Көкшетауда Кеңес өкіметін орнатқан санаулы ғана белсенділердің бірі. Колчаковщина тұсында жасырынып жүріп, Туркреспублика мен Қостанай, Торғай мен Атбасар арасында астыртын жұмыс жүргізді. Міне, екі жылдай болды, ол өз ықыласымен «Жеммұнайда» [«Эмбанефть»] қызмет істейді.
4. Орал губерниясында алаш­ордашылармен белсенді түрде күрескен жас қызметкерлердің бірі Исаев27 ОАК-нің хатшылығынан алынып тасталды.
5. Ипмағамбетовты28 – сол Орал губерниясында алашордашылармен алысқан белсенді жас күрескерлердің бірін – Орал ГАК-нің хатшылық қызметінен шығарып жіберді.
6. Абдрахманов29 Орал ГАК төр­ағасының орынбасарлығынан шығарылды, ол да алашордашылардың қас дұшпаны болған кісі. Әрине, бұл аталған жолдастар бірден емес, әр түрлі мезгілде қызметтерінен қуылды.
1917-18 жылдардың күрескерлері жолдас Жәнібеков30, Мүкеев31, Байсалықов32 сынды, кезінде біз қолдау көрсетіп, уездер мен губер­ниялардан шығарып алып, басшы қызмет­терге ұсынған жекелеген қазақ жұмысшыларын, қолдарынан келгеннің бәрін істеп, қайткенде де бізден аластауға тырысып бақты, сөйтіп Байсалықовты бізге қарсы қойған кезі де болды. Мені ХКК төрағалығынан алмақшы болғанда, осы жұмысшы жолдастар «жоғарылатылды». Мүкеевті ішкі істер халық комиссары етіп, Байсалықовты ҚырОАК төрағасының орынбасарлығына тағайындады, тіпті ол ҚырОАК-нің төрағасы болады деген өсекті де таратып жіберді, ал ҚырОАК мүшесі Жәнібековты орта буын командирлер даярлайтын өлкелік милиция мектебінің бастығы етіп қойды. Өздері күшейіп алғаннан кейін, Омбыдан Мүкеевке қарсы, оны 1917 ж. бір омбылық көпестің дүкенін тонауға қатысты деп айыптайтын материал тапты (ол үшін Омбыға бір кісі арнайы барып келді). Жәнібековты ҚырОАК-нен шығарып жіберді, ал, Байсалықовты ҚырОАК-нің төрағалығына жоғарылатпақ түгіл, оны төраға орынбасарлығы қызметінен алып тастады. Жәнібековке ішімдікке ұрынды деп кінә тақты, ал, олардың «өз адамдары» да арақты тәуір ішетіні белгілі.
ҚырОАК-нің төрағасы болған Меңдешев те қызметінен алынды. Алғашқы кезде оның саяси жолы дұрыс болғанымен, соңғы уақытта оның бойында орыс жолдастарды дұрыс-бұрыстығына қарамай құр мақұлдау сияқты өзгеше, жанды ауыртатын бөлек бір мінез пайда болғанға ұқсайды. Мен мұны жаман дерт деп есептеймін және мұндайға қарсымын.
Міне, түптеп келгенде Қырғызияда қазір оңшыл элементтер басым, ал, «Алашорда» болса қошеметтеп қол шапа­лақтауда. Мұның осылай екендігін дәлелдейтін үлкен маңызы бар бір кішігірім оқиғаны келтірсем де болар. Ақмешіт (Перовск) қаласында Бүкілқырғыздық 5-ші съезд болып өтті34. Жетісу мен Сырдария облыстарын өзіне қосқан соң бүкіл Қырғызия біржолата біріккендіктен бұл съезд алғашқы біріктіру съезі деп саналды. Съезд өз жұмысын бастаған соң екінші не үшінші күні маған бір жолдас: съезд мәжілісі өтіп жатқан залдағы қызыл тулардың нақ ортасында Досмұхамедовтердің Батыс Алашорда өкіметінің бетінде Құран сөзі жазылған жасыл туы тұрғандығын айтты.
Мен сенбей қалып едім, дегенмен, расында да қызыл тулардың ортасында әлдебір жасыл тудың тұрғаны есіме түсті. Кейбір жолдастар наразылық білдірген соң «Алашорданың» туы алынып тасталды. Кейін айқын­дал­ғандай, оны бір орыс қызметшісі істің байыбына бармай іліп қойыпты. Ал, съездің мәжіліс залын даярлауға жоғары сауатты қырғыздар басшылық еткен еді!
Съезд біткен соң Орынборға қайтып келе жатқанымызда, поезд үстінде, бұрын Алашорданың қызметкері болған ескі мұғалім, маған жақсы таныс Халық Ағарту комиссариатының қызметкері35, екі жолдастың көзінше маған масаттана былай деген еді: «Сайып келгенде бәрі біздің дегені­міздей болды (яғни Алашордаша). Съезд біздің Алашорданың жасыл туы астында ашылды. Біз негізгі тірек интеллигенция болуы керек деп санағамыз және бұл идеяны съезде толығымен өткіздік. Жұмысшылар жайындағы сөздер бос қалды. Біз өз өкі­метімізді «Алашорда» деп атағанбыз. Ал, мына өткен съезде Қырғызияның болашақ астанасы Ақмешіт (Перовск) қаласының атын Қызылорда (Красная орда) деп өзгерттік. Қырғыздар үшін қызыл, жасыл, ақ түстердің ешқандай мағынасы жоқ, оларға «Орда» қалса болғаны. Енді партияға біз де кіреміз («Орда» деп байлар мен ақсүйектердің киіз үйлерін атайды, ал, кедейлер мен жарлы адамдардың үйлерін «баспана» мен «лашық» дейді).
Міне, Алашорданың ұсақ оқытушы-қызметкері, бүгінде Наркомпроста істей­тін адамның маған поезда айтқан сөзі осы.
Шынын айтқанда ол аздап қызып алған еді («Өз идеяларының» салтанат құрғанын жуған болу керек), дегенмен де, ол мұнысымен белгілі топтық, белгілі саяси ағымның көңіл күйін білдірді. Расында да, қазір зиялы қырғыздар мен қырғыз әйелдері ортасында, партияға әлі кірмеген, немесе кезінде кіргенімен ашаршылық жылдары партиядан шығып қалған Алашорданың бұрынғы қызметкерлері мен олардың шәкірттерінің партияға кіруге деген үлкен ұмтылысы бай­қалады.
Бұлардың әр қалалардағы кейбі­реулері партияға өтуге арыз беріп те үлгерді. Бұл жағдай Қырғызиядағы Компартия үшін әлі де аса қауіпті болып табылады.
Міне, қысқаша жазғанда, менің Сізге хабарлағым келген жәйттер осы. Мен өзіме ешнәрсе сұрап отырған жоқпын, маған ештеңенің керегі жоқ. Сонымен қатар, бұл баяндау хатпен бірге, мен үшін осы бір орайлы кезде, Орталық Комитетке мені саяси-экономикалық және марксистік білімімді толықтыру үшін ОК мені Социалистік академияға жолдама беруін өтініп арыз бердім36, неге десеңіз, бұл жағынан мен өзімде үлкен кемістіктер барлығын сезінемін.
Коммунистік сәлеммен С.Сейфуллин (қолы)
Қазақтан Республикасы Президенті архиві. 811-қ., 24-т., 243-іс, 7-17-п.

Түсініктемелер

1. Әлихан Бөкейханов (1870-1937) – Алаш қозғалысының көсемі. Ол туралы соңғы кезде жарияланымдар көбейгенімен, әлі де ғылыми айна­лымға енбеген архивтік деректер көп «Қазақстан Республикасы Президентінің архиві» – ҚР ПА. 141-қ, 1-т, 167-іс, 65-68 п.; 811-қ, 23-т, 5-іс, 20-21-п.; 24-т, 245-іс, 1-18 п және т.б.)
2. Мұхамеджан Тынышбаев (1879-1937) – ұлттық зиялылардың отаршылдыққа қарсы күресінің жетекші өкілі.
3. Жаһанша Досмұхамедов (1886-1937) және Халел Досмұхамедов (1883-1939) – «Алаш» партиясы мен Алашорда автономиясының негізін қалаушылары әрі басшы қайраткерлері.
4. Рахымжан Дүйсенбаев – 1916 ж. бес жылға жер аударылуға кесілген адвокат, 1917 ж. Қазан қаласынан баспахана жабдықтарын алып келіп, «Тіршілік» газетінің ресми сарашысы болды.
5. Абдолла Асылбеков (19-896-1938) – Сәкеннің серігі, көрнекті мемлекет қайраткері. Хат жазылған уақытта Мәскеуде Тимирязев атындағы ауыл шаруашылық академиясында оқыды (ҚР ПА. 141-қ, 1-т, 13120-іс. 155-168-п, 811-қ, 23-т, 265-іс – жеке ісі; ҚР Ор­талық Мемлекеттік архиві (ҚР ОМА). 5-қ, 18-т, 86-іс – жеке ісі).
6. Бөкен Серікбаев (1894-1919) – Сәкеннің құрдасы әрі жан жолдасы. «Жас қазақтың» белсенді мүшесі. Сәкен оны «ана сүтін ақтаған шын азаматтар» қатарында атады, «Бақыт жолына» драмасын 1922 ж. алғаш кітап болып шыққанда тарту еткен сегіз адамның бірі.
7. Мигаш Абылайханұлы – Сәкен «Тар жол, тайғақ кешуінде» оның Хан тұқымы, Алашорданың Ақмола облыстық комитетінің мүшесі екендігін жазады (А., 1977. 191-б).
8. Асылбек Сейітұлы – Алашорданың Ақмола облыстық комитетінің мүшесі. Ә.Бөкейхановтың 1918ж. 24 шілде­дегі жеделхатына қарағанда ол Алашор­даның Баянауылдағы комитетін бас­қарған болуы керек (Алаш-Орда. Сб.до­кументов. Сост. Н.Мартыненко. А., 1992, 94-б). Омбы лагерінен қашып шыққан Сәкен Баянауылдағы Шайбай нағашысының А.Сейітұлымен көрші тұрғандығын естіп, амалсыз Баянға соқпай кетеді.
9. Сәкен өзінің естелігінде: «Те­ле­грамманы ақылдасып отырып жа­сас­қан: мен, Байсейіт Әділұлы, Аб­долла Асылбекұлы, Бәкен Серік­байұлы, Жұмабай Нұркеұлы, Нұрғайын Белмұхаметұлы бәріміз едік. Жазған Байсейіт Әділұлы еді. Жөндеп жазған мен едім» дейді (Қазақстан азамат соғысының от жалынында. А., 1960, 287-б).
10. Ойылда «Жаңа қазақ» газеті шы­ғып тұрды. Оның сарашысы Ахмет Мамытұлы Мәметов болған. А.Бай­тұрсынов пен М.Дулатов газеттің шығарушысы делінеді де, олардың ойынша бұл газет бүкіл қазаққа шам­шырақ болған «Қазақ» газетін алмастыруға тиіс болған (ҚР ПА. 811-қ., 7-т, 237-іс, 25-п).
11. Олжабай Нұралин – елге тізесін батырған болыс. Төлебай Нұралин – тілмәш, Ақмола облыстық қазақ коми­тетінің басшы өкілі.
12. Дутов А.И. (1854-1921) – Орынбор қазақ әскерінің атаманы; Толстов В.С. (1884-1920) – Ресей монархиясын қалпына келтіруге ұмтылған күштердің жетекшісі. 1918-1920 жж. Сібір мен Қазақстанды қанға бояған диктатор. Соңғы кезде оны ақтаушылық ниеттер байқалуда; Анненков Б.В. (1889-1927) – шексіз қанішерлігімен атын шығарған ақ гвардияшылар атаманы. 1927 ж. Семейде сот үкімімен атылды.
13. Орыс тіліндегі «Красный вест­ник» (Ақмола) газетінде 1920 ж. 24 тамызда жарық көрген (Сәкеннің) «Қырғыз интеллигенциясы арасындағы партиягершілік» және «Қырғызияның кешегі революционерлері» атты екі мақаласы бүкілресейлік «Жизнь нацио­нальностей» газетінде «Қырғыз интел­лигенциясы туралы» деген атпен қайта басылды (1920, 25 қараша).
14. Некрасов Н.А. (1821-1878) – атақты орыс ақыны.
15. Демьян Бедный (Придворов Е.А.) (1883-1945) – поэзияны мейлінше саясаттандырудың шебері. Оның ақындығына қазір де шүбә келтірілуде.
16. Сәбит Мұқанов (1900-1973) – қаламгерлік жолын ақын ретінде бастаған, саяси көзқарасы жөнінен әрдайым Сәкеннің қасынан табылған, сол үшін де қуғынға ұшыраған, Сәкеннің сенімді шәкірті болған атақты жазушымыз.
17. Нығмет Нұрмақов (1895-1938) – Сәкеннің серіктестерінің бірі, аса ірі мемлекет қайраткері. Қазақ АКСР-і Халық комиссарлары Кеңесінің төр­ағасы қызметінде Сәкеннің орнына келіп, осы жұмысты 1929 ж. көктеміне дейін атқарды.
18. Жалау Мыңбаев (1892-1929) – бастауыш мектепте үш жыл оқып, одан әрі оқуын жалғастыруға мүмкіндігі болмаған. Ол Қазақ АКСР-і Орталық Атқару Комитетінің төрағасы қызметін 1925-1927 жж. атқарды.
19. Мағжан Жұмабаев (1893-1938) – қазақтың ұлы ақыны. Сәкенмен бірге бір оқу орнында – Омбы мұға­лім­дер семинариясында оқыды, «Бірлік» ұйымында бірге қызмет істеді. Сәкен мен Мағжан арасындағы түсі­ніспеушілік шығармашылық немесе саяси жолдарда ғана емес, сонымен бірге Гүлнар Дулатова мен Таутан Арыстанбековтың естеліктерін, Тұрсынбек Кәкішевтің ізденістерін негізге алсақ, махаббатқа да байланысты болған екен. Қос ақын – Мағжан да, Сәкен де Міржақып Дулатовтың балдызы, гимназия оқушысы Гүл­шахра Досымбековаға ғашық болады. Мағжанға (Ш.Елеукенов. Мағжан. Өмірі мен шығармагерлігі. А., 1995, 20-25, 78, 138-б) немесе енді берер жылдардан соң ғашықтық жырлары үшін әсіре коммунистердің қыңыр сынына ұшырайтын Сәкенге де шықпай, қазақтың үлкен ағартушы-ұстаздарының бірі Ахметсана Жүсіп­ұлына (1895-1931) тұрмысқа шығады (Ж.Кенжалин. …Баласы Жүсіп қажы Ахметсана // Халық кеңесі. 1995, 8 қараша). Дегенмен екі ақын бір-бірінің қадірін жоғары санап, туысқандық сезіммен сақтап өтті. 1937 ж. жазында жүдеп-жадаған Мағжанды Алматының вокзалынан қарсы алған С.Мұқановтың алдымен естігені Мағжанның «Мені әуелі Сәкеннің үйіне апар» деген сөзі еді. Сәкен оны күтіп алады (Н.Мағзұмұлы. Мағжан, Сәкен қос арыс// Арқа ажары. 1992. 9-18 маусым).
20. Міржақып Дулатов (1885-1935) – Алаш қозғалысының идеологы, қазақтың прогресшіл ағартушы-демо­крат ақыны. Тұңғыш романисі. Хал­қының санасын оятуда теңдессіз еңбек еткен аяулы азамат.
21. Әбілқайыр Досов (1899-1938) – көрнекті мемлекет қайраткері. Орал губаткомының төрағасы қызметінен 1926 ж. қыркүйегінде ол Мәскеуге, Бүкілресейлік ОАК-ндегі Қазақстан өкілі болып жіберілді (ҚР ПА. 141-қ, 1-т, 11556-іс, 87-129-п). Сәкен Ә.Досов туралы «Қара бала» өлеңін жазған.
22. Жанайдар Садуақасов (1898-1938) – көрнекті ұлттық қайраткер. «Сейфуллиншинаның» белді өкілі. Сәкенге жақын адам ретінде қызметінен алынып, Абай елін басқаруға жібе­рілген Жанайдар өзінің қажыр-қай­раты мен біліктілігінің арқасында кейін Қазақ АКСР-і Заң халкомы, республика прокуроры, Казкрайком хатшысы, Халком Кеңесі төрағасының орынбасары сияқты аса жауапты жұмыстарды атқарды.
23. Жұмабай Нұркин (1889-1920) – Сәкен «Тар жол, тайғақ кешуінде»: «ауылдық школдың оқытушысы, жабайы қазақ баласы», Ақмола уез­дік совдеп мүшелігіне сайлап, тергеуші, трибунал мүшесі қылдық. Ол­жабай болыс Нұралин ұстап әкеліп қаматты» деп жазатын, Сәкенмен бірге Ақмола түрмесінде, азап вагонында, Омбы лагерінде қиянат көріп, ауруға шалдығып қайтыс болған азамат.
24. Әбдірахман Байділдин (1898-1930) – «Алаш» және коммунистік партияларының ірі қызметкері. Қазақ жастары қозғалысына белсене қаты­сушы. Әдебиетші. Журналист. Бүгінгі «Егемен Қазақстанның» алғашқы сарашыларының бірі. Сәкен осы газеттің сарашылығы қызметінде Әбді­рахманды ауыстырды.
25. Хамза Жүсіпбеков (1900-1938) – кезінде Сәкенмен пікірлес болған, белгілі басшы қайраткер. «Сәкен және сәкеншілдік» («Еңбекші қазақ», 1929, 3 тамыз) атты көлемді сын мақаланың авторы (орысшасы «Сейфуллин и сейфуллиншина» – Со­ветская степь. 1929. 3 август). Голо­щекин тұсында БК(б)П Қазақ өлке­лік бақылау комитетінде, Мирзоян кезінде Қазақстан кәсіподақтарының жетекшісі, Заң халкомы болып істеген азамат. Өмірі мен қызметі әлі зерттелмей келеді.
26. Сабыр Шәріпов (1882-1942) – белгілі қоғам қайраткері, шығар­маларын татар, қазақ және орыс тілдерінде жазған жазушы, аудармашы әрі тарихшы. Сәкеннің қолдауы мен көмегін көп көрген адам.
27. Ораз Исаев (1899-1938) – Алаш­ордаға қарсы күреске 1925 жылға дейін де, содан кейін де көп үлес қосқаны деректермен расталады. Жамбылдың зерттеушісі З.Келдібеков өзінің О.Исаевтың қоғамдық-саяси қызметі туралы қорғаған кандидаттық диссертациясында Сәкен мен Ораз арасында орнаған өзара сыйластық қатынас жайында қызықты архивтік деректер келтіреді. Солардың біразы Сәкеннің партиялық жеке ісінен (Личное дело С.Сейфуллина. ҚР ПА ф.141, 16, д.1229) алынған еді.
28. Әмірғали Ипмағамбетовтың (1903-1988) алашордашыларға өшігуінің өзіндік себебі болған: «Әкем – Меңдікерей Ипмағамбетов Орал совдепінің мүшесі болғандықтан Алашорданың Жымпиты мен Ойыл­дағы түрмесіне қамалып, 1919 жыл­дың күзінде тайпақ ауданның жерінде атылды» деп жазады ол өмірбаянында (11 ақпан 1936 ж. ҚР ПА. 141-қ, 16-т. 2229-іс, 32-п). Дегенмен, 1937 ж. 4 желтоқсанда БК(б)П Батыс Қазақстан обкомының бюросы Жәнібек аупарткомының хатшысы болып жүрген Әмірғалиді алашордашылар Шайназаров пен Есеновтерге көмектескендігі үшін партиядан шығарды (ҚР ПА. 141-қ, 1-т, 11561-іс, 42-п.). Тарихи маңызы зор естеліктер қалдырған ардагер.
29. Бейсенғали Абдрахманов (1892-1972) – мамандығы дәрігер. 1930-1937 жылдары республика Денсаулық сақтау халық комиссары, Қазақ АКСР-і ОАК-і төрағасының орынбасары, Әлеуметтік қамтамасыз ету халкомы қызметтерін атқарып, репрессияға ұшырап, айдауда болып келген қайраткер (ҚР ПА. 141-қ, 1-т, 13516-іс, 67-90-п.).
30. Мұқатай (Угар) Жәнібеков (1887-1932) – тағдыры қайшылыққа толы азамат. Оның шынайы бейнесін С.Мұқанов «Өмір мектебі» трило­гиясында жазып қалдырған.
31. Зікірия Мүкеев – «Тар жол, тай­ғақ кешуде» «шың батыр» аталған Омбыдағы қазақ жұмысшыларының жетекшісі (288-б).
32. Нұрмақ Байсалықов (1893-1941) – 1925 ж. соң Қазақстан егіншілері мен орман шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының (Рабземлес) төрағасы болды. Успенск, Спасск заводтарында, Балқаш, Баянауыл, Қоңыратта басшы қызметін атқарды.
33. Сейітқали Меңдешев (1882-1938) – ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы аса ірі мемлекеттік қайраткердің бірі. Сәкен бұл жерде оның кейбір сол­шылдық мінезін турашылдықпен атап көрсеткен. Сәкен, Сейітқали, Жанай­дарлар бір күні – 1938 жылдың 25 ақпанында Алматы түрмесінде атылып кетті (Азалы кітап. Книга скорби. вып І, А., 1996. 219, 274, 282-б).
34. Кеңестердің Бүкілқазақстандық V съезі 1925 ж. 15-19 сәуірде өтті.
35. Бұл кісіні С.Мұқанов Елдос (Елдес) Омарұлы деп көрсетеді (Есею жылдары. А., 1970, 140-б). Елдес (1892-1938) – халқымыздың руха­ни көсемі Ахмет Байтұрсыновтың хатшысы болған. Алаш партиясының бағдарламасын жазуға қатысқан саясаткер. Алашорданың мемлекеттік басқару құрылымын және әскерін жасақтауға белсене қатысты. Кейін қазақ мектептерінің алғашқы оқу­лықтарын жазды. 1930 ж. ату жазасына кесіліп, аман қалғанымен 1938 ж. репрессияға ұшырады. Сәкен Елдестің білім-парасатын өте жоғары бағалады (А. Шаяхмет, Елін сүйген Елдес еді// Ана тілі. 1992. 25 маусым. Б.Байғалиев, А.Мектептегі Елдос Омарұлы// Сонда 1995. 11 мамыр; А.Мектептегі, С.Ілиясқызы. Елдес Омарұлы // Жалын. 1996. №7-8. 201-215-б; ҚР ПА. 719-қ., 4-т., 1464-іс-жеке ісі).

Пікірлер