Аты құласа да, мәреге жүгенін ала жүгірген шабандоз бала көпшілікті тәнті етті

3669
Adyrna.kz Telegram

Аты омақаса құласа да, мәреге жүгенін ала жүгірген шабандоз бала көпшілікті тәті етті. Ерекше оқиға 23 қыркүйек күні Қарқаралы ауданы, Еңбек (Татан) ауылында болған, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

Ауыл мешіттің бой көтеруіне орай өткен бәйгеде жүгенін жұлқа жүгірген шабандоз бала қалың көпшіліктің көзайымына айналды. Сәйгүлігі сүрінсе де, 30 шақырымдық аламанның жүлдесін қанжылаған баланың маңдайынан өбіп, батасын беріп, тілектестік танытып жатқандар көп.

Әсерлі оқиғаның куәсі болған ақын Жанат Жаңқашұлы:

"Жиылған жұрттың аузындағы сөз жүген сүйреп өткен бала болды. Көмбеге дейін бірінші келген ат опат болып, шабандозы мен тұл жүген екінші болып өтті. Марапаттау сәтінде халық арасынан баланың қолына жүлденің бір миллионынан бөлек, халықтың берген батасы һәм елден шыққан ерлердің тағы да ақшалай сыйлығы және анасы екеуіне Дубайға тур билет тапсырылды", - деп жазды өз парақшасында.

"Қазақтың игі жақсылары ауылдан шыққан ғой. Ауылдарыңыз аман болсын!", "Баланың жігерін жасытпай, жігерлендіріп жібергендерің дұрыс болған екен. Елдік! Азаматтық!", "Кішкентай ғана жүрегіңнен айналдым..." деп сүйсінді оқырмандар.

"Адырна" журналисі жүгенмен жүгірген шабандозға қатысты деректерді анықтап көрді.  Шабандоз - 11 жасар Нұраханов Арнат Мұратханұлы, Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Көкдөнен ауылының перзенті. Ауылдастарының айтуынша, шағын келген шымыр денелі, тақымы мығым Арнатқа ауылдағы атбегілердің бірден көзі түсіп, бәйге аттарының тізігінін сеніп тапсырған.

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер