Ақмолада ұлттық ат жарысы өтті

3920
Adyrna.kz Telegram
Ақмола облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұлттық ат спорты түрлерінен жарыс өтті. Айтулы додаға 100-ге тарта сәйгүлік қатысып, 4 спорт түрінен шабандоздар бақ сынасты. Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталы “Қазақстан” ұлттық арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бағы мен бабы сынға түсетін небір сәйгүлік осы алаңда.. Байрақты бәсекеге кіл мықты атбегілер жиналған. Жарыс теңге алу, бәйге, көкпар сынды бірнеше ұлттық ойыннан тұрды. Алғашқысы «Көкпар» ойыны.
Ойын әу бастан ақ қыза түсті. Ортаға отыз келі серке тасталды. 48 шабандоздың таласу сәті басталды. Үш сағатқа созылған ойында ерейментаулық көкпаршылар алғашқы кезеңнен көзге түсіп, бас жүлдені қанжығасына байлады.
Сағи Амантаев, «Ақмырза» командасының қорғаушысы: 
Жарысқа  үлкен дайындықпен келдік. Қарсыластарымыз жайлы барлық мәліметтерде болды. Жаттықтырушыларымыздың арқасында осындай жетістікке жеттік.
Жамбы атуда жас жігіттердің мергендігі сынға түсті. 20-ға жуық шабандоз нысананы мейлінше дәл көздеуге тырысты. Десе де елордалық Диас Берікұлының бағы жанып, 26 ұпаймен бірінші орын иеленді.
Ал теңге ілуде ептілік қажет. Ат үстінде отырып, олжа алу оңай емес. 10 мықтының ішінен көкшетаулық Әділ Мақсатұлы 8 секундта 3 теңгені іліп, суырылып алға шықты.
Әділ Мақсатұлы, Теңге алу сайысының жеңімпазы: 
Осы спортқа ең кіші жастан келдім. Қазақстан чемпионатындағы жеңістен үмітім бар.
Сәйгүліктер бәсекесін әдеттегідей аламан бәйге түйіндеді. Ауыздығымен алысқан 20 жорға 7 шақырымға шапты. Айналымнан шығып қалған тұлпарлар да аз болмады. Солардың ішінен елордалық «Сарқырама» атты сәйгүлік қара үзіп шықты. Жүйрік жануарды ерттеген ең кіші қатысушы 11 жастағы Дидарға бәйгенің бас жүлдесі бұйырды.
Дидар Серкен, Аламан бәйгенің жеңімпазы: 
9 жасымнан бастап бәйгеге шаптым. Атымыз мықты болды.
Пандемиядан кейін қайта жаңданған ұлттық спорт түрлерін алдағы уақытта да кеңінен насихаттау жоспарда бар дейді, ұйымдастырушылар.
 Ғалымжан Кенжешұлы, Ақмола облысы әкімінің орынбасары:
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай осындай іс-шара ұйымдастыру жоспарланды. Келесі жылға аудандарда өткізіледі. Мұның түпкі негізгі мақсаты -  жігіттердің патриотизмін, жерге деген сүйіспеншілігін арттыру.
Байқау соңы көрмеге ұласты. Яғни, жанкүйерлерге осы додаға қатысқан 100 тұлпарды тамашалау мүмкіндігі берілді.

“Адырна” ұлттық порталы
Пікірлер