«Сапалы өнім – 2022» азық-түлік өндірушілерінің көрмесі өтті

1814
Adyrna.kz Telegram

Орал қаласында «Қала күні» мерекесіне орай «Сапалы өнім – 2022» азық-түлік өндірушілерінің көрмесі өтті.

Дәстүрлі көрмеге қаламыздан барлығы 15 кәсіпорын мен жеке кәсіпкерлер қатысып, өз өнімдерін ұсынды. Аталмыш көрме биыл 14-ші рет ұйымдастырылып отыр.

Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов жәрмеңкені аралап, кәсіпкерлердің өнімдерімен танысып шықты. Шаһар тұрғындарын мерекемен құттықтаған жәрмеңкеге қатысқан үздік жергілікті тауар өндірушілеріне арнайы алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етті.

– «Сапалы өнім» жәрмеңкесі жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан белсене қатысып жатқан кәсіпкерлерге алғысымды білдіремін. Сіздер экологиялық таза өнім өндіріп, нарыққа шығарып, ел экономикасына елеулі үлес қосып келесіздер, – деді қала әкімі Миржан Мұнайдарұлы.

Марапатталғандар қатарында «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ, «Балзия», «Нұржанар», «Орал құс фабрикасы», «Родник», «Агрофирма», «Ақас», «Орал сүт зауыты», «Орал шұжықтары» жауапкершілігі шектеулі серіктестері мен «Белес компаниялар тобы», «Валиев», «Антипов В.М», «Каверина С.В», «Омаров Р.Е», «Талецкий О.В» жеке кәсіпкерліктері, «KAZKON» Орал кондитерлік фабрикасы бар.

Сонымен қатар, дәл осы уақытта Арбат бойында «Жайық қалашығы» қылқалам шеберлері, «Сүйікті қалам – Оралым» атты фотосуретшілер және мобилографтар байқауы, «Гүлдер» фестивалі мен «Ұлттық тағамдар» көрмесі де ұйымдастырылды. Тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлау мақсатында қаламыздағы этно-мәдени бірлестіктер дайындаған мерекелік концертте назарға ұсынылды.

Пікірлер