"Аузынан көбік ақты": Қызылордада босануға барған ана сәбиімен бірге көз жұмды

2698
Adyrna.kz Telegram

Қызылорда қаласындағы «Ана мен бала» орталығына босануға өз аяғымен барған Жазира Қожанова іштегі сәбиімен бірге бақилық болды, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы 31 телеканалға сілтеме жасап. 

Қайтыс болар алдында толғақ үстінде жатқан әйелдің аузынан көбік ағып, қатты қиналды дейді марқұмның қасында болған сіңлісі.  Айтуынша, мұны көре тұра дәрігерлер тиісті ем жүргізбей, жұмыстарына салғырт қараған. Соның кесірінен төрт баланың анасынан айырылдық деген марқұмның жақындары орталық алдына жиналды.

Төрт баланың анасы өткен аптаның соңында өз аяғымен ана мен бала орталығына барғанда бүкіл әулет шекесі торсықтай ұл дүниеге келеді деп үміттенген. Бірақ бүгін жеткен қаралы хабарға марқұмның жақындары әлі де сене алар емес. Марқұмның туыстары толғақ үстінде көз жұмған әйелдің өліміне дәрігерлерді кінәлайды. Ал түні бойы Жазираның қасында болған сіңілісі оның толғақ кезінде қатты қиналғанын айтады. Жүрегі қысыла бастағанда ақ халаттыларға кесір тілігі арқылы босандырыңыздар деп жалындық та дейді. Айтуларынша, сонда да дәрігерлер тиісті ем жасауға асықпаған.

– Әпкемнің көзі аларып кетіп бара жатыр екен. Аузынан көбік ағып... Акушерге біз неше рет бардық. Толғатып жатқан кезде қолын ұстайды ғой. Бұл адамды итеріп жіберді ғой. Адам құрлы көрген жоқ. Сол сәтте жүкті келіншектің қасында болған жауапты дәрігер марқұм Жазираның денсаулығында ешқандай кінәрат болмады дейді. Тіпті босануға толық дайын болғанын айтады. Бірақ әйелдің көз жұму себебін өзі де білмей отыр,- дейді марқұмның сіңлісі Салтанат Қожанова. 

 – Тиісті емін жасадыңыздар ма? – Жасалды бәрі. – Бірақ аман алып қала алмадыңыздар. – Қолымыздан келмеді. – Өз міндетіңізді толық орындадыңыз ба? – Жоқ, олай айта алмаймын", дейді «Ана мен бала» орталығының дәрігері Жанар Нұрымбетова. 

Осылайша, Жазираны босандырмақ болған дәрігер мардымды жауап бермеді. Сәби мен ана өліміне қатыста денсаулық сақтау басқармасындағылар да әзірге жақ ашпай отыр. Ал 39 жасында марқұм болған Жазира Қожанованың үйінде жолдасы мен төрт баласы күткен еді... Қапыда қайғы жамылған жанұя жауаптылардың барлығы заңмен жазасын алсын деп отыр. 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер