Бүгін Алтынбек Сәрсенбайұлы көзі тірі болса, 60 жасқа толар еді

2996
Adyrna.kz Telegram

Бүгін белгілі саясаткер, қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы көзі тірі болғанда 60 жасқа толар еді.

Алтынбек Сәрсенбайұлы — 1962 жылы 12 қыркүйекте Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қайнар ауылында дүниеге келген. Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, журналист.

1992 жылдан бастап Президент аппаратында, ҚР Министрлер Кабинетінде жауапты қызметтер атқарды.

1993 жылдан Баспа және ақпарат министрі, 1995 жылдан Баспа және ақпарат жөніндегі Ұлттық агенттіктің төрағасы, 1997 жылдан Қоғамдық келісім және ақпарат министрі, 1999 жылдан ҚР қоғамдық келісім, ақпарат және мәдениет министрі болды.

2001 жылдың мамырынан желтоқсанына дейін Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы — Қазақстан Республикасы Президентінің Ұлттық Қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі. 2002 жылдың қаңтарынан дипломатиялық қызметте, Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды. 2003 жылдан бастап А.Сәрсенбайұлы өз еркімен Президентке отставкаға шығуға арыз беріп, қоғамдық-саяси қызметпен айналысты.

2003 жылдың қараша айында «Ақ жол» Демократиялық партиясының ІІІ съезінде бірауыздан тең төраға етіп сайланды. 2005 жылдың сәуірінен «Нағыз Ақ Жол» Қазақстан Демократиялық партиясының тең төрағасы.

2006 жылдың 11 ақпанында Алтынбек Сәрсенбайұлын көмекшісі Бауыржан Байбосынов және жүргізушісі Василий Журавлевпен бірге Алматы қаласының сыртында Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы тобы офицерлерінің қатысуымен жасалған қастандықтың нәтижесінде қаза болды.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер