Қазақтың болашағын жақындатқан азамат

3331
Adyrna.kz Telegram

Өткен көктем менің есімде жылыған күнімен, жаңадан туып қаланы жасыл желекке ораған жапырақтарымен қатар Өзбекәлі ағаны еске алумен де есімде қалды. Алматының кітап дүкендерінің біріне кіріп сөрелерді қарап тұрғанмын. Бір кітаптың қырындағы «Рух сарбазы» деген жазуға көзім түсті. Бұл қандай кітап болды екен десем Өзбекәлі Жәнібекұлы туралы жазылған естеліктер мен мақалалар жинағы екен. Құрастырушы өзіміздің белгілі ғалым ағамыз Құлбек Ергөбек екен. Үйге барған соң жайланып отырып қарармын деп бірден сатып алдым. Аға туралы көп нәрсе баяндалған осы кітапты баға жетпес құнды зат деп біліп асықпай қарадым. Қазақтың біртуар азаматы, нар тұлға Өзбекәлі Жәнібек туралы қалам тербеген белгілі ағалардың жазғанын оқып тәнті болдым. Естеліктер қатарында белгілі тарихшы Өзбекәлі ағамыздың қаны тамған Отырарда тұрып жатқан, кезінде жас та болса ағамен хат алысып тұрған бүгінде белгілі тарихшы досым Мұхтар Қожаның жазғанын да оқып бір жасап қалдым. Міне қызық, жинаққа 1996 жазылып, бір газеттің тартпасында бір жыл жатып 1999 жылдың 21 қаңтарында жарияланған менің «Мәдениеттің иесі мен киесі» атты мақалам да енгізіліпті. Содан бері Өзбекәлі аға туралы тағы бір мақала жазуым керек деп шешкен едім.

Қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі Өзбекәлі Жәнібекұлы 1931 жылы тамыз айының 28-інде дүниеге келген. Сонда да бұл мақаламды жаздың соңғы айында емес, күздің оқу жылы басталар алғашқы айында жазуымның өзіндік себебі бар. Өзбекәлі аға ең алдымен ұстаз болатын. Ол өз өмірімен көптеген қазақ және басқа да ұлт өкілдеріне Отанына деген махабаттың қандай болатынын үлгі етіп көрсетіп өмір сүрген тұлға. Өзбекәлі Жәнібекұлы ел есінде мықтап сақталынып келе жатқан ұлтжанды азамат. Оны әр жерде зиялы қауым арасында болған әңгімелерден байқап жүрмін. Ол кісінің таңқалдырарлық қасиеті, мемлекет қызметкері бола жүріп көп істердің басы-қасында жүріп, мәдениет мәселелері бойынша бірнеше кітап жазуы. Әрі ол кітаптары көпшілікке түсінікті тілмен қаншалықты қызғылықты етіп жазылса, ғылыми тереңділігі де сондай деңгейде болушы еді.

1987 жылы мен мұражай қызметкерлерінің біліктілігін арттыру оқуларына Алматыға бардым. Сол бір күндерде Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінен тегі Ауман деген ұлты неміс кісі келетіні хабарланды. Желтоқсан қозғалысының лебі байқалып тұрған сол кезде жиылысқа келген Ауманға елдің түрлі аймақтарынан келген мұражай қызметкерлері қазақ мектептерінің аз екенін айтқанда, Ауман: «қазақ тілінде үйлеріңізде сөйлесіңіздер» деп жауап қатқаны есімде. Сонда мен орнымнан тұрып: «Қазақстандағы жалғыз Мәдениет институтында сабақ неге қазақша оқытылмайды?» деп сұрақ қойдым. Бұл сұрағыма Ауман: «Кадрлар жетіспейді. Ол түгілі мәдениет министрі болатын адамды таппай жатырмыз» дегеннен аса алмады. Мен: «Іздеулеріңіз нашар!» дедім. Бізге сабақ берген мұғалімдер ыңғайсызданып, мүмкін үрейленіп маған қарады. Бірнеше апта бірге оқып жүргендер: «Бердалы, министр етіп сені тағайындау керек» деп бірі бастап, бірі қостап жатты. Мен де есемді жібермей: «Несі бар, кабинетті бүгін қабылдауға дайынмын» деп жауап қаттым. Әрине, бұл ет қызуымен айтылған жауап еді. Әйтпесе ол кезде министр болуға ешқандай дайындығым жоқ болатын.

Бұл оқиға Өзбекәлі Жәнібекұлының мәдениет министрлігінен кеткен кезі еді. Биліктегілердің пайымдауынша желтоқсан қозғалысының болуы жастардың сана-сезімінің деңгейінің бұрынғыдан жоғары көтерілуіне байланысты, ал бұған Өзбекәлі Жәнібекұлы сынды азаматтар кінәлі деген ой туындағаннан болар. Қалай болғанда да ол кезде мәдениеттің нағыз жанашыры болып жүрген осы бір тұлғаның қызметінен алынуы халық арасында оның беделінің өте биік екенінің көрсеткіші еді.

«Несін жасырайын, бәлкім ата-анадан ерте айрылып, бала жастан тұрмыстың тауқыметін тартып, адамдардың зұлымдығын, арақатынастағы екіжүзділікті көргендіктен бе, әйтеуір, езу тартып жымия бермейтінім рас. Бірақ ашу-ыза керней қалған сәтте тез қайтатыным бар»; «Мансапқорлық, тәкаппарлық, менмендік, өзін басқалардан жоғары ұстау менде болған емес»; «Даңқойлыққа, бақталастыққа жиіркенішпен қараймын»; «Барды қанағат тұтып, елге қызмет етуден басқаны ойламай, «өзім деген кісіге» үлкен-кішісіне, лауазымына, әлеуеттік хал-жағдайына қарамастан, «өзегімді суырып беруге» даяр тұратыным хақ».

Бұл сөздерді айтқан Өзбекәлі Жәнібекұлы көзі тірісінде бүкіл елде белгілі әрі өте сыйлы болды. Бірақ ол бұндай дәрежеге жеткенше алда өмір қиыншылықтарынан мықтап тоқылған ұзақ жол жатыр еді.

«Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына қарайтын, Арыс өзенінің Сырға құяр тұсында бой көтерген осындай ескі қоныстардың бірі Сарықамыста мен 1931 жылдың 28-тамызында дүниеге келіппін. Ескі дәстүрмен ата-анам көршілерін шақырып, шілдехана жасап, ауылдағы ең қадірменді көнекөз қарт Өзбек ақсақалдың құрметіне Өзбекәлі деп ат қойыпты. Әкем Жәнібек, анам Қаныша Томашқызы қазақ ауылдары ұжымдасқанға дейін мал дегеннен жеті-сегіз қой-ешкісі, сауын сиыры, жүріс-тұрысқа мінетін жалғыз аты болғандықтан ешқайда көшіп-қонбаған, оның есесіне «жер шұқып», диқаншылықпен айналысқан».

Өзбекәлі туғаннан көп уақыт өтпей әкесі Жәнібек қайтыс болады да, ауылдағы бас көтерерлер анасы Қаныша Томашқызын әмеңгерлік жолмен әкесінің жақын туысы Серім Сейітбекұлы дегенге қосады. «Ертеңіне Секең мені өзі жетелеген атқа отырғызып, мектепке алып барды. Өмірі атқа отырмаған сорлы басым, ердің басынан қос қолдап ұстап алыппын. Ол болса атты қамшымен салып-салып жібереді, мен сыпырылып қала жаздаймын. Жолда кездескен бір адам: «Секе, бұл кімнің баласы, қайда алып барасыз?» деп сұрап еді «осындағы бір жесір әйелдің баласы еді, оқуға алып барамын» деген жауап алды. Осыдан-ақ бұл кісінің мені өзіне жақындатқысы келмейтінін ұқтым. Сол бір сәтте «өзімнің балам» демегенін өмір бойы кешіре алмадым».

«Ертеңінде сәскеге таман Рахия шешеміз біздің шайлаға барып келіп, мені оятып: «Балам, басыңды көтер, шешеңнен айрылыпсың» дегенді айтты. Жылайын десем, көзімнен жас шықпайды, сіресіп қатып қалыппын. Сол күні кешке қарай апамды Арыстанбаб әулиенің маңындағы ескі мазаратқа жерледік.

Құран оқылып, бата қылғаннан кейін жұрт ауылға қайтты. Келсек, мұндағылар апамның киім-кешегін, көрпе-төсегін өртеп, ыдыс-аяғын жерге көміп жатыр екен. Апам мен әкеп берген қауыннан үнемі қақ тіліп, керегенің көзіне іліп кептіретін. Сол бейшараның «Спаным (Спандияр – Ө.Жәнібекұлының Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ағасы – Б.О.) келсе, тойға жаратамыз» деп өріп қойған қақтарын да лақтырып жіберіпті.

Ол сонша не алапеспен ауырып па? Оның үстіне сарыппен (ревматизм) науқастанып, жүрек ауруына шалдыққан сорлы анамды, ауруханаға салып емдетпегені былай тұрсын, әскерге кеткен баласынан қалған бес-алты қойын, бұзаулы сыйырын, баспағын жаратып, дәстүрлі «жетісін», «қырқын», «жылын» да өткізбеді. Анамнан айырылған сол бір қаралы күнгі ағайын-туғанның зұлымдығы мен екіжүзділігі естен кетпес қайғылы қасірет болып, жүрегімде мәңгілік болып қалып қойды».

Бүгінгі күні бұл туралы оқудың өзі ауыр. Ал қаршадай баланың осының бәрін басынан өткеріп басқа түскен қиыншылықты жеңе біліп көпшіліктің құрмет тұтар мемлекет қайраткері болуына септігін тигізген қандай күш екен?!

Сонымен жас бала Серім Сейітбекұлының Маяқұм ауылында есепші болып істейтін ұлы Қожанның қолында тұратын болады. «Қожан ағам мейірімді, инабатты адам болып шықты. Әйелі де аздаған бейпілауыздығы болмаса, түйсігі бар адам еді. Ағам мені кейде еркелетіп, 20-ға келгенше оқытатынын айтып отыратын еді». Өмір қанша қинаса да адам табиғаты жақсылыққа талпынады. Осында жүріп бал Жәнібек алғашқы пәк махабаттың дәмін татыпты. «Адам бойындағы достық, сүйіспеншілік сезім өте ерте оянады екен. Үшінші класта Дәкүл дейтін кішкентай қызбен бір партада отырдым. Оның маған ұнайтыны сонша, үйден қалтама құрт, ірімшік, ежегей, кейде қайынқұрт салып алып, үлкен переменде (перемена – орыс сөзі «үзіліс» - Б.О.) соған жегізіп, бетіне қарап отыра бергім келетін».

Сәл де болса қамқорлықтың не екенін сезе бастаған кезде Ұлы Отан соғысы басталып Қожан майданға аттанады. «Мені Секең шаурашылығына пайдалану үшін өз отбасына қайтарып алды. Ол кісі дермене, итсигек жинап, Темір станциясындағы дайындау мекемесіне өткізумен айналысатындықтан соғыс кезінде Бөген атырабындағы Шілікте, Темірдің өзінде тұрдық. Бұл алқапта  дәрі-дәрмекке қажетті мұндай жабайы шөптер көп өсетін. Соғыс жылдарында балалар оқуды тастап кеткенде мен оқи бердім».

1945 жылы жетіжылдықты бітірген Өзбекәлі Шәуілдірдегі интернатта жатып оқиды. Соғыс жылдары оқудың не екенін қазіргі жастар түгілі 1955 жылы туған мен де менің құрдастарым да білмейтіні хақ. Дегенмен ол кездің балалары да қанша қиыншылық көрсе де бала болып, болашақ туралы арманмен өмір сүрген шығар. Профессор Әмір Мұсақұлов ағамыз «Тағдыр тәрбиелеген тұлға» атты толғауында Өзбекәлі аға туралы былай деп сыр шертеді: «Сол жылдардың өзінде ол өзінің құрдастарымен салыстырғанда әр салада мүмкіндігін, қабілетін байқатты. Әлі есімде, интернатта жатқан балалар бір себеппен мектептің екінші қабатының күнбатыс жағындағы шеткі үлкен бөлмеге ауыстырылыпты. Ол бөлмені тастап, балалар бұрынғы орындарына кеткеннен кейін қарасақ, әлгі бөлменің қабырғасында салынған ат үстіндегі қазақ батырының керемет үлкен суретін көрдік. Бұрын ондай суреттерді кездестірмеген біздер таң-тамаша болып, әлгі суретті кім салғанын сұрастырдық. Онда ат үстіндегі батырдың басына киген дулығасы, сауыт-сайманы, бәрі-бәрі керемет салынған. Кейін мәлім болғандай, оны салған Өзекең болып шықты. Өзекең өнерпаздар үйірмесіне де қатысып, ән айтып, би билейтін, «Екіпінді жас» деп аталатын қабырға газетін басқарып шығаратын».

Орта мектепті 1948 жылы бітіріп Алматыға келіп Абай атындағы Қазақ педагогтік интститутының тарих факультетіне түседі. «Қала көрмеген жігітке бәрі қызық. Алматымен танысып, музейлерге, театрлар мен киноға қайта-қайта барып жүріп, лекциялардан, семинарлардан қала беріппін. Оның тақсыретін алғашқы емтихан тапсырған кезде көрдім. Орташа баға алғандарға стипендия бермейтініні тағы бар. Содан кейін барып, зейін қойып оқуға кірістім».

Жоғары оқу орнын бітіргеннен соң ауылдық жерге жұмысқа барып еңбек жолын жалғастырады. Сол жерде көзге көрініп жастар ұйымына жұмысқа шақырылады. Осылайша оның ұлттық рухтың ұраншысына айналу жолы басталды. Өзбекәлі ағаның халқымыздың рухани дамуына сіңірген еңбек үлесін айтып жеткізу мүмкін емес. Ол халқымыздың мәдениетінің, ана тілінің, салт-дәстүрдің дамуына көп еңбек сіңірген жан. Отырардағы Арыстанбаб, Шардара су қоймасын салуға, Арыс-Түркістан каналын қазуға ұйытқы болған. Оның бастамасымен көптеген халықтық мұражайлар ашылып, «Адырна», «Алтынай», «Сазген», «Шертер» өнер ансамбльдері ұйымдастырылды. Өзбекәлі ағаның белсене атсалысуы арқасында Жүсіпбек Аймауытұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы есімдері туған елімен қайта қауышты.

Осы жерде тарихты аздап кейінге шегермекпін. Бұл шегініс өткен ғасыр басындағы жастардың басшысы Ғани Мұратбайұлы есімімен байланысты. Қазақтың атақты өнер майталманы Құрманбек Жандарбекұлы «Көргендерім мен көңілдегілерім» атты кітабында қазақ жастарының 1925 жылы, Шымкент қаласының ортасындағы бақ ішіне Ғани Мұратбайұлына ескерткіш орнатуға шешім қабылдағанын жазған. Сонымен ескерткішке керек қаржыны жинау үшін үлкен концерт ұйымдастырылыпты: «Менің әндерімнің тізімін жаза бастадық. Қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, түркімен әндерін қосқанда, барлығы жүз бір болып шықты. Сол күйінше афишаға «Құрманбек Жандарбекұлы 101 ән айтады», - деп ән аттарын түгел жазды». Көрермен көп жиылған сол концерт үзіліссіз үш сағаттай жүрген. Концерт барысында суық сусын ішкеннен әрі қарай ән орындай алмай қалған әнші аға сол күні алпыс сегіз (68!) ән орындаған.

Мәселе сол концертте қанша әннің орындалуында емес, кітапта Ғани ағаға ескерткіш орнатылды ма жоқ па, ол жағы айтылмаған. Ол кезге мен сыншы бола алмаймын. Бұның себебін тарихшылар барлай жатар. Айтайын дегенім Ғани Мұратбайұлына ескерткіш орнатылды. Бірақ көп жылдардан кейін. Бұл ескерткіш қазір Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласындағы жасөспірімдер мен балалар сарайының ауласында тұр. Бірақ ең алдымен бұл ескерткіш қазіргі Тәуке хан даңғылы мен Бауыржан Момышұлы атындағы даңғыл түйісетін бұрышта орнатылған болатын. Бұл ескерткіштің жасалынып орнатылуы үшін сол кездегі облыс басшылығымен шайқасып жүріп үлкен күш жұмсаған бірден-бір тұлға Өзбекәлі ағамыз еді. Бұл істің қандай қиын болғанын ағаның  «Тағдыр тағылымы» кітабынан оқи аласыздар. Өзбекәлі ағаның жанкештілігімен іске асқан осы үлкен іс туралы естіген Құрманбек Жандарбекұлы жасы келген шағында: «Мен Ғани ағамызға ескерткіш орнатылатынына сеніп едім» деп жылағанын әншінің баласы айтқаны белгілі.

Қазақта «Айтпаса сөз атасы өледі» деген аталы сөз бар. Бүгінгі таңда Ғани Мұратбайұлының ескерткіші біріншіден Ғани атамыздай азаматтың, екіншіден Өзбекәлі ағамыздың рухының алдында ұят болмауы үшін ескерткіш өзінің алғашқы орнына қайтарылуы тиіс деп білемін.

Өзбекәлі ағамыздың Түркістан кесенесі дегенде көңілі өзгеше болатын. Ресейдің қаласы Ленинградтағы (Қазіргі Санкт-Петербург – Б.О.). Эрмитажға әкетілген тайқазанды елге қайтару үшін жұмсаған күш-жігері ерекше әңгіме. Осы жерде 1972 жылы генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін дәлелдеп республика газеттеріне жариялаған, Майлықожа, Құлыншақ, Ергөбек, Мәделі, Молда Мұса сынды жыр зергерлерінің мұраларын жинауға бүкіл өмірін арнаған әкем, ғалым Әсілхан Оспанұлының Өзбекәлі ағамен жақсы таныс болғанын айта кеткім келеді. Әкем кезінде Эрмитаж директоры Пиотровскийге хат жазып, тайқазанды Қазақстанға қайтару жөнінде хат та жазған.

Бірде Өзбекәлі ағай мен әкем сұхбаттасып отырғанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесі аясында әңгіме болыпты. Кесененің директорының суық қолдылау екенін баяндай келіп Өзбекәлі аға: – Әсеке, осы рухани ескерткішке өзіңіз сияқты мәдениетіміздің жанашыры директор болса деп ойлаймын. Келіссеңіз қазір бұйрық шығарып беремін, – депті. Әкем Өзбекәлі ағаның көңілін қанша қимаса да, өзінің көп жылдар бойы айналысып келе жатқан ғылыми зерттеушілік жұмысы бар екенін айтып, ол кісінің бұл ұсынысын қабылдай алмапты. Бұл менің әкем Әсілхан Оспанұлының өз аузынан естіген әңгімем.

Өзбекәлі Жәнібек өзінің кемшіліктерін мойындай алатын азамат болатын. «Сол кезде мәдениет министрі қызметіне ауысқан Ілияс Омаровта болып, жалғыз бишіні конкурсқа қатыстырамын деп тартқан азабымды паш етіп, «біз қашанғы фортепианоға билей береміз?» деп қатты-қатты сөздер айтыппын.

Бұл біздің соңғы тілдесуіміз еді. Кейін «Гүлдер» ансамблінің тұсаукесеріне ауруханадан алып келгенде, құр сүйегі қалған ағамыздың «тірі аруақтай» болғанын көрдік. Қайран ағаның әбден ауру меңдеп, көз жұмар шағы қалғанда, көңіліне келетін сөздер айтқанымды ешқашан да кешіре алмаймын». Ө.Жәнібекұлы ағамыздан үйренетін бір бір үлгі болмаған нәрсені болмады, деп те айта алатыны. Осындай бір әңгіме атақты әнші Роза апайға  байланысты. Өзбекәлі Жәнібекұлы естелігінде: «Теледидарда болған әңгімеде Роза Бағланова: «Мен Шәмшіге атақ сұрап, Өзбекәлі Жәнібековке талай рет барған едім», - дегенді айтты. Мен Роза апайдың тікелей осы мәселемен маған келгенін көрген емеспін. Ол кісінің Әзидолла Есқалиев жөнінде ақылашылыққа жүргенін білем. Шәмші жөнінде өтімді пікір айтқан Ермек Серкебаев болған еді». Ағаның бұл сөзі өзі және әңгіме болып отырған әнші апаның көзі тірісінде 1996 жылы жарық көрген кітапта басылды.

Аға туралы бір әңгіме барысында айтып жеткізу мүмкін емес. Ол кісі туралы білу әр қазақ адамына абырой деп білемін. Егер Өзбекәлі аға туралы көбірек білгіңіз келсе ол кісінің «Қазақ ұлттық қолөнерінің мәдениеті», «Жаңғырық», «Уақыт керуені», «Жолайрырықта», «Қазақ киімі», «Ежелгі Отырар», «Тағдыр тағылымы» атты кітаптарын оқыңыз.

Бала кезімде өлімнің бар екенін білгенімде «Жақсы адамдар ұзақ өмір сүретін болса, ал жаманшылық істегендер қысқа өмір сүретін болса ғой» деп армандайтынмын. Өзбекәлі ағадай бүкіл халқымызға үлгі бола білген тұлға туралы ойлағанда балалық шағымдағы осы бір арманым есіме түсе береді...

Қазақ сыйлаған адамдарын игі жақсы деп атайды. Өзбекәлі ағадай игі жақсы, нағыз ұлтжанды азамат болатын.

Бердалы ОСПАН.

"АДЫРНА" ұлттық порталы.

 

Пікірлер