«Кен орындары vs колледждер»: Сенатор Жұмағұловтың иелігінде тағы не бар?

15422
Adyrna.kz Telegram

Adyrna.kz редакциясы арнайы зерттеу жүргізіп, бұрынғы Білім және ғылым министрі, қазіргі Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов пен оның отбасына тиесілі бірқатар «жасырын бизнестерін» әшкере етті.

Кеңес одағы құлаған соң, жоғарғы оқу орындарын жекешелендіріп, бизнес көзіне айналдырған шенділердің қатарында Бақытжан Жұмағұлов пен оның отбасы бар. Еңбек жолын орта мектепте мұғалімдіктен бастаған Бақытжан Жұмағұлов Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын серігі болған. ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі, ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, ҚР Үкіметінің Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің меңгерушісі болды (2001–2005 жж.). 2005 жылы «Отан» РКП Төрағасы Н.Ә.Назарбаев партия төрағасының міндетін атқарды, Н.Ә. Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабын басқарды, 2007 жылы «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Жұмағұлов еліміздегі ең ірі оқу орны – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры қызметін атқарды, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі қызметін атқарды. Ол 2010-2013 жылдары ҚР Білім және ғылым министрі болып тұрған тұста еліміздегі бірқатар білім ордаларын өз әулетінің қарамағына өткізді. 2017 жылдан бастап ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып отырған Бақытжан Жұмағұлов пен оның отбасының иелігінде бүгінде не бар? Бірге қызықтап оқып, көрелік.

 

БІРНЕШЕ ОҚУ ОРНЫН БАСЫП АЛҒАН ОТБАСЫ

 

 

ӘЙЕЛІ ҚАЗАҚСТАН ИНЖЕНЕРЛІК-ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНЕ ИЕЛІК ЕТЕДІ

Бақытжан Жұмағұловтың әйелі Валентина Жұмағұлова Қазақстан инженерлік-технологиялық университетіне иелік ететін жалғыз құрылтайшы. Білім ордасы 2010-2022 жылдар аралығында бюджетке - 360 миллион теңгеге жуық салық құйған.

 

 

2010 жылы - 8 миллион теңге салық төлесе, 12 жылдан кейін бұл көрсеткіш 7 есе артып, университет биылғы жылдың өзінде ел қазынасына - 55 миллион теңгеге жуық салық төлеп үлгерген. 20% көлемінде салық салынса, демек университеттің 2010-2022 жж. таза табысы - 1 миллиард 800 миллион теңгені құрайды.

Жоғарыдағы графиктен Жұмағұловтың әйеліне тиесілі Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті мен мемлекет арасында жасалған келісім-шарт динамикасының жылдан жылға өсіп отырғанын байқауға болады. Бүгінде келісім-шарт сомасы - 1 миллиард 152 миллион теңгені құрап отыр.

 

ҰЛЫ БІРҚАТАР АЛПАУЫТ КОМПАНИЯЛАРДЫ ИЕМДЕНІП ОТЫР

Бәрінен де сенатордың ұлы - Руслан Бақытжанұлына тиесілі «алпауыт компаниялар» көпшіліктің қызығушылығын тудырары сөзсіз.

 

 

2015 жылғы 2 наурыздан бастап Руслан Бақытжанұлы басқаратын Көкпекті ауылынан 25 шақырым жерде орналасқан «ТОЛАҒАЙ-КЕН» ЖШС мемлекет бюджетіне қомақты салық төлеп отырған іргелі кәсіпорын екені анықталды.

 

 

Бағалы металдар мен сирек кездесетін металл кендерін өндіру өнеркәсібі 2015-2022 жылдар аралығында ел қазынасына 89 миллион теңгеден астам салық құйған. 2015 жылы бюджетке бар болғаны 350 мың теңге салық төлесе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 66 есе артып, биылғы жылдың өзінде 23 миллион теңге салық төлеген. 20% көлемінде салық салынса, демек алпауыт компанияның 2015-2022 жж. таза табысы - 445 миллион теңгені құрайды.

 

«SKARC LTD»  ЖЕКЕ КОМПАНИЯСЫ

«Толағай КЕН» ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы - «SKARC LTD» жеке компаниясы деп көрсетілген. Бұл компанияның да басшысы – Руслан Жұмағұлов.

 

Ашық дереккөздерге сәйкес 2019  жылдың 25 желтоқсанында құрылған «SKARC LTD» жеке компаниясы  - Швейцария қаржы қорымен бірлесіп елдің геологиялық барлауына ірі шетелдік инвесторларды тарту бойынша құрылған Халықаралық инвестициялық компания. 2020-2022 жылдар аралығында мемлекет қазынасына 32 миллион теңгеден астам салық құйған. 20% көлемінде салық салынса, демек компанияның 2020-2022 жж. таза табысы - 160 миллион теңгені құрайды.

 

«EMIRATES KAZAKHSTAN EDUCATION INVESTMENT GROUP» ЖШС

Сенатордың ұлы шетелдік инвесторларды тартуды көздейтін тағы бір алпауыт компанияға иелік ететіні анықталды. Руслан Бақытжанұлы басқаратын «Emirates Kazakhstan Education Investment Group» ЖШС 2017 жылдың 5 мамырынан бастап жұмыс істейді. Ашық дереккөздерге сүйенсек, аталмыш компания елімізде ағылшын тілінде білім беруді қамтамасыз ететін жоғары сапалы жеке мектептерге деген сұраныстың артуына байланысты Қазақстанға шетелдік инвесторларды тартып, заман талабына сай халықаралық мектептер салуды көздейді.

 

 

Естеріңізге сала кетейік, жуырда елорда әкімі Алтай Көлгінов те өзінің инстаграм парақшасында "Ата-аналар тарапынан да жеке мектептерге деген сұраныс бар. Мысалы, "Emirates Global Education Group" компаниясының өкілдерімен кездестік. Олар өз қаражаты есебінен елордада "Sabis" халықаралық мектебі мен балабақша салып жатыр. Жалпы саны 3 200 оқушыға арналады. Бұл мектепті келесі жылы ашуды жоспарлап отырмыз" деген жазба қалдырған.

Компания 2017-2022 жылдар аралығында бюджетке 96 миллион теңгеден астам салық құйған. 2017 жылы ел қазынасына бар болғаны 252 мың теңге салық төлесе, 2022 жылы – 16 миллион теңгеден астам салық төлеп отыр. 20% көлемінде салық салынса, демек компанияның 2017-2022 жж. таза табысы - 480 миллион теңгені құрайды.

 

ҚАЗАҚСТАН ИНЖЕНЕРЛІК-ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЖАНЫНДАҒЫ КОЛЛЕДЖ

Сенатордың әйелі жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің құрылтайшысы болса, ұлы - Руслан  Жұмағұлов 2020 жылдың 30 сәуірінде тіркеуден өткен Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің жанындағы колледждің басты құрылтайшысы екен.

 

Колледж 2021-2022 жылдар аралығында мемлекет қазынасына 31 миллион теңгеге жуық салық құйды. 20% көлемінде салық салынса, демек колледждің 2021-2022 жж. таза табысы - 155 миллион теңгені құрайды.

 

«МЕД КӨМЕК» МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ

Бақытжан Жұмағұловтың ұлы бұнымен тоқтаған жоқ.  Білім беру саласымен қатар денсаулық саласын да қатар алып жүр екен. Руслан Жұмағұлов 2009 жылғы 24  сәуірден бастап  «МЕД КӨМЕК» медициналық орталығына иелік етіп келеді.

2014-2021 жылдар аралығында ел қазынасына 13 миллион теңгеден астам салық төлепті. Ең қызығы, медициналық орталық 2015 жылы бюджетке – 9 миллион теңгеден астам теңге құйса, 2018 жылы – 114 мың теңге ғана құйған. Одан кейінгі жылдары салық көлемі тіптен азайып, 2019 жылы - 36 мың, 2020 жылы – 0 теңге, 2021 жылы – 6100 теңге, 2022 жылы  тағы да 0 теңге. Демек, бүгінгі күні аталмыш медициналық орталық өз жұмысын уақытша тоқтатса керек. Ол жағы бізге әзірге беймәлім.

 

СЕНАТОРДЫҢ ҚЫЗЫ АККРЕДИТТЕУ ОРГАНДАРЫНА БАСШЫЛЫҚ ЕТЕДІ 

Жұмағұловтар әулеті «білім ордаларын басып алып» қана қоймай, ЖОО-ның білім беру бағдарламалары қаншалықты халықаралық стандарт талаптарына сәйкес келетінін арнайы тексеретін «аккредиттеу органдарын» ашып, одан да қыруар ақша жасауға көшкен.

 

Бүгінде сенатордың қызы Алина Жұмағұлова басқаратын «Аккредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігі» 2011 жылдың 24 қараша күні құрылған. Құрылған сәтінен бастап басты құрылтайшысы - Валентина Жұмағұлова, ал басшысы – Алина Жұмағұлованың өзі.

 

 

Университеттердің білім сапасын бағалайтын агенттік 2013-2022 жылдар аралығында мемлекет қазынасына 702 миллион теңге көлемінде салық төлеген. 2013 жылы бюджетке 4 миллион теңгеден астам салық құйса, 8 жылдан кейін бұл көрсеткіш 25 есе артып, 2022 жылы бюджетке 111 миллион теңгеден астам салық төлеген. 20% көлемінде салық салынса, демек аккредиттеу агенттігінің 2013-2022 жж. таза табысы - 3 миллиард 510 миллион теңгені құрайды.

 

«АККРЕДИТТЕУ-РЕЙТИНГТ ТӘУЕЛСІЗ АГЕНТТІГІ» ЖШС

Депутаттың қызы бұнымен шектелмей, 2018 жылдың 10 тамызында тағы бір «Аккредиттеу-рейтингт тәуелсіз агенттігі» ЖШС құрады.  Агенттік басшысы - Алина Жұмағұлованың өзі, ал құрылтайшысы ретінде Бағдат Медетов деген азамат көрсетілген.

2018-2022 жылдар аралығында мемлекет қазынасына 15 миллион теңгеден астам салық төлеген. 2018 жылы – 41 мың теңге ғана салық құйса, 2021 жылы – 6,3 миллион теңгеден астам, ал биыл бюджетке – 3,7 миллион теңгеден астам салық құйған. 20% көлемінде салық салынса, демек аккредиттеу агенттігінің 2018-2022 жж. таза табысы - 75 миллион теңгені құрайды. Сонымен қоса Алина Жұмағұлованың «ALDATE» ЖШС, «ИНТЕР БЕК» ЖШС құрылтайшысы екені анықталды.

Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық бизнес басылымы FT (Financial Times) Қазақстанның 55 пайыз байлығы 162 адамға тиесілі екенін анықтаған болатын. Олардың көпшілігі Қазақстанның экс президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысты екені де белгілі. "Жаңа, Әділетті Қазақстан" құрамыз деп уәде еткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұрын Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтер мен қаражатты елге қайтару процестері жүріп жатқанын хабарлаған еді. Осыған орай шенеуніктердің заңсыз жекешелендіріп алған мүліктерін мемлекет меншігіне қайтарумен айналысатын арнайы комиссия  құрғанын да мәлімдеген болатын. Алайда, 2022 жылғы қаңтар айынан бастап біз тек Назарбаев әулетіне жақын адамдардың ғана активтерінің біраз бөлігі елге қайтып жатқаны жайлы ақпарат алдық. Ал қалған мемлекеттік қызметкерлер ше? Демек оларға заң жүрмейді ме?

Осыған дейін Adyrna.kz ұлттық порталына белгілі саясаткер Дос Көшім сұхбат беріп,  "Тек Назарбаевтың туған-туысқандары, жақындары, қыздары, күйеу балалары Қазақстанды тонады. Тек солар ғана қылмыскер. Басқа бәріміз сүттен ақ, судан тазамыз” дегенге мен ешқашан сенбеймін. Тонағандардың бәрі - мемлекет қызметкерлерінің, сот жүйесінің көмегіне сүйенгені айдан анық. Жүйе бұзылған жоқ. Сол жүйенің бір топ адамын - Назарбаевқа жақын адамдарын мемлекет және билік ұстап беріп, соларға қысым жасап, солар қайтарып жатыр деп басқаларының бәрі құтылып кете ма? деген қорқыныш бар… Осылардың барлығын неге тексермейді?" деп пікір білдірген еді. "Екінші Республика", "Әділетті Қазақстан" құрамыз десек, Назарбаев арқылы байып, қазір "ешнәрсе болмағандай" күй танытып жүрген мемлекеттік қызметкерлердің бәрін тексерістен өткізіп, қызметтен дереу босату керек-ақ.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер