Жамбылдық жастарға әскерге баруға қаншалықты дайын?

1314
Adyrna.kz Telegram

Әскерге өз еркімен баруға ынталы бозбалалар баршылық. Бірақ олардың үлесі әскерден қашатындармен теңесіп келеді. «Бәйгеге қосар атыңның ерін алма, терін ал, күреске түсер батырдың көңілін жайла, шерін ал» деген халық даналығы. Кейде әскерге баруға құлықсыз жастарды ойласақ, осы орамды сөз еске түседі. Әрине, отыз жылдың бедерінде өркениетті елдердің көшінен қалмауды көздеп, ашықтық қағидатын ұстанған мемлекетіміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Дегенмен бұл шешімнің кейде бұрыс тұстарын да байқамау мүмкін емес. Неге десеңіз, әскерге баруға ниеті жоқ жастар мен патриоттық тәрбиені ұмытқан ата аналар әлеуметтік желіде небір сұмдықты естіп, біліп отыр. Содан болар кейде отбасының үлкендері ержеткен баласын әскерден алып қалудың қам-қарекетін ойластырып бағады.

Ал елімізде Отан қорғауға тек әскерилер ғана емес, әрбір ер азамат жауапты емес пе? Жуырда әлеуметтік желіде тараған бірнеше бейнематериалдан диплом қорғауға келген түлектерді жаппай әскерге алып кетіп жатқан әскерилердің әрекетін байқадық. Сөйтсек, Тараз қаласында да дипломдық жұмысын қорғауға барған жастарды ескертусіз қорғаныс істері жөніндегі бөлімге алып кетіп жатқан сарбаздар бар екен. Мәселен, қала тұрғыны Айнұр Әлсейітова өзінің Тараз политехникалық колледжінің соңғы курсында оқитын ұлын дипломдық жұмысын қорғауға барған күні ескертусіз алып кеткенін айтады.

– Ұлым Тараз политехникалық колледжінде программист мамандығында оқитын. Биыл оқуын аяқтап, жұмысқа орналасуға дайындалып жүрген. Содан 17 маусымда дипломын қорғауға барған бір топ бозбаланы әскерилер көлікпен алып кетіпті. Бізге ешқандай шақырту қағазы келмеді. Содан не керек, хабарды түсте естіп, алып ұшып қорғаныс департаментіне жеттік. Негізі балам өзі әуелден әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеуді азаматтық міндеті санайтын. Өсе келе сол сөзінен таймады. Мен де ержігіт әскерге бару керек дедім. Баламның шешіміне қарсыласқам жоқ. Негізі баламнан колледжде диплом қорғаған балаларды әскерге алып кетуде деген хабарды бірер күн бұрын естігенім бар. Барғанымызда ондағылар балаңыз араға екі күн салып, Қызылордаға барады деді. Бірақ Тараз қаласынан жиылған жастардың қатары көп болғаннан ба, әйтеуір құжаттарын реттеп үлгермепті. Содан Қызылордаға ауданнан шақырылған жастар көптеп баратын болса, қаладағылардың дені қалды. Сол арада әскерге баруға үзілді-кесілді қарсылық білдірген жастарды қинап ұстамады білем. Кейін араға апта салып, Петропавлға баламызды шығарып салдық. Онда 6613 әскери бөліміне барыпты. Кеше әскери бөлімдегілер «Whatsapp» мессенджерінен топ құрып, бізді де қосқан. Енді сол топтан балаларымыздың суретін көріп, жағдайын біліп отырмыз. Демалыс күндері хабарласып тұрамыз. Енді тұңғышымыздың артынан ерген екінші 16 жастағы ұлым да әскерге баратын күнді күтіп жүр. Әрине, біз де баламыздың ел тұтқасын ұстайтын мықты азамат болып қалыптасуын қалаймыз, – дейді Айнұр Әлсейітова.

Әскерге бармауды ойластыратындардан да айла артылмайды. Ал мұндай жастар заңнан, тәртіптен құтыла алмайды. Себебі баршаға қойылар талап ортақ. Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілер мәртебесі» туралы Заңына сәйкес әскерге жарамды 18 бен 27 жас аралығындағы Қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған кез келген Қазақстан азаматы мерзімді әскери қызметін өтеуге міндетті. Негізі елімізде әскерге шақыру науқаны жылына екі рет, яғни көктем, күз айларында жүреді. Биыл да сол үрдіс бойынша облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінде әскерге шақыру науқаны қызу жүріп жатқанын байқадық. Мұны біз әлеуметтік желідегі жылт еткен жазбалардан да біліп отырмыз. Департамент өңірдегі жергілікті әскери басқару органдарында әскери есепте тұратын 18 бен 27 жас аралығындағы ер балаларға (әскерге шақырылатын) 1414 нөмірінен СМС арқылы хабар жолдап, тұрғылықты мекенжайы бойынша әскерге шақыру қағаздарын таратқан.

Сонымен көктемгі әскерге шақыру науқанында қорғаныс істері жөніндегі департамент арқылы 1300-ден аса азамат әскер қатарына шақырылған. Бұл көрсеткіштің былтырмен салыстырғанда едәуір жоғары екені байқалады. Аталған департамент азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарын тиісті заңнамаға сәйкес қатаң түрде жүзеге асырудан тайқымаған. Заң аясында облыс әкімдігінің білім басқармасымен келісілген жоспарға сай білім мекемелерінің түлектерін медициналық куәландырудан өткізіп, бос жастарды әскерге жөнелту жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқан көрінеді.

Қолданыстағы заңнамада мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарғандарды Әкімшілік және Қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі қаралған. Ашып айтсақ, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 647-бабында әскерге шақырылғандарды белгіленген мерзімде дәлелді әрі себепсіз келмегені үшін 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Сондай-ақ медициналық куәландырудан және тексеруден өтуден жалтарғандарға 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу Әкімшілік Кодекстің 648 бабында қаралған.

Бұдан бөлек шақыртудан жалтару дерегі бойынша заңға бағынбағандарға Қылмыстық Кодекстің 387-бабының 1-бөлігінде көрсетілген 1000 айлық есептік көрсеткіш немесе түзеу жұмыстарына тарту қаралған. Тіпті болмаса 1 жылға дейін бас бостандығынан шектеу көзделген. Сол баптың 2-бөлігіне сәйкес әскерге бармауды ойлағандар өзінің денсаулығына зиян келтіріп, ауру-симуляция немесе жалған құжат жасауға оқталса, оған 3000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу міндеттелген.

Бүгінде облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментіндегі әскерге шақыру немесе мерзімді кейінге қалдыру бөлімінде барлық сұрақтар бойынша кеңес алу үшін жедел жүйе жұмыс істейді. Бұл жүйе Қорғаныс Министрлігінде де бар. Онда жауапты, лауазымды тұлғалар тұрғындарды толғандырған барлық сұрақтарға түсіндірме береді. Сонымен қатар облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде де сенім телефондары орналасқан. Барлық жергілікті әскери басқару органдарында «Facebook», «Instagram» желісінде аккаунт ашылған. Бір сөзбен айтқанда, кері байланыс мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде.

Талғат Аманов үш айда үш баласын әскерге жіберіп, көпке үлгі көрсеткен әке. Ол 12 жылдан бері мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген ауылына сыйлы, тірлігіне тиянақты азаматтардың бірі. Бүгінде Байзақ ауданы, Ынтымақ ауылдық округінің аппаратында бас маман. Балалардың анасы Гүлбақ Құрымбаева балабақшада тәрбиеші. Үлгілі отбасының төртінші ұлы, 16 жасар Айдар да екі жылдан соң ағаларының ізінен әскерге баруды қазірден жоспарлай бастапты. Ол қазір әкесі секілді волейбол ойнауды шебер меңгеріп жүрген талантты, арманы асқақ жас. Бірақ сол арманына жету үшін әуелі әскерге баруды ойластырғаны қуантарлық жайт.

– Расында үш ұлымды ізді-ізінен әскерге жіберемін деген ой бұрын- соңды түсіме де кірмепті. Балалардың шешімі шыны керек, өзімізге де күтпеген жаңалық болды. Соған қарамастан олардың шешіміне қарсы келе алмадым. Себебі өзім балаларымды буыны қатая бастаған кезден спортқа баулып, патриоттық тәрбиеге де сол сәттен мән берген адаммын. Біз Кеңес үкіметі тұсында 2 жылдық әскерді көрдік. Есейдік, шынықтық, қатайдық, жаңа достар таптық. Меніңше, патриоттық тәрбиенің қайнаған ортасы әскерде. «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімес» деген. Сондықтан жас баланың отбасынан жырақта жүріп, Отан алдындағы борышын өтеймін деген тілегіне тосқауыл бола алмайсың.

Әскерге бірінші ортаншы ұлым Айдын аттанды. Ол бір ай Алматыдағы әскери бөлімде болса, кейін Ақтауға теңіз әскерінің қосына қосылды. Артынша 1999 жылы туған үлкен ұлым Айбек портты қалаға аттанды. Кейін ағаларына қарап бой түзеп жүрген 18 жасар ұлымыз Айдос та әскерге баратынын айтып, Қостанайдағы Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қосында сап түзеді. Демалыс күндері ұлдарым хабарласқанда хал-жағдай сұрасып тұрамыз. Үшеуі де әскери өмірге бейімделгенін айтуда,– дейді сарбаздардың әкесі.

Ауылдық округ әкімі аппаратының әскери есеп жүргізуші бас маманы Айдос Іңкәрбектің айтуынша, көктемгі әскерге шақыру науқанында 335 түтіні бар Ынтымақ ауылынан 2 баланы әскер қатарына қосу міндеттелген. Бірақ Талғат Амановтың кенже ұлының артынан құрдастары ілесіп, әскерге баруға ниет білдірген соң, жоспар артығымен орындалыпты.

Облыстық ардагерлер кеңесінің 72 жастағы құрметті ақсақалы Ыдырыс Юнусовтың айтуынша, балаларға патриоттық тәрбие беру ісі балабақшадан басталуы керек. – 4 ұл, 3 қыздан 30 немере, 7 шөбере сүйіп отырған үлгілі отбасыданбыз. Бір шөберем нақ қазір Шымкентте әскери міндетін өтеп жүр. Екінші немерем де әскерге баруға дайындалуда. Өзім сонау 1969 жылы Кеңес үкіметі тұсында Қапшағайда гидро ротада екі жыл Отан алдындағы борышымды өтедім. Кейіннен бізді 22 шақырым жатқан Талғар ауданына апарды. Сонда жүріп, қару ұстауды, кез келген жерден таза ауыз су шығаруды үйрендік. Сонда түйгенім, әскери өмірдің тәртібі, тәрбиесі жастарға үлкен сабақ. Қазір ел үкіметі әскерді тиімді ұйымдастыруды мықтап қолға алуда. Бұл, әрине, орынды қимыл. Оқу бітірген жасқа омалып үйде отыру жараспайды. Қазір ойланып қарасақ, біз патриоттық тәрбиені ақсатып алғандаймыз.

Бұрын мектептегі алғашқы әскери дайындық сабағында бір апта ашық жерде дайындықтан өтетінбіз. Әскери өмірді шама-шарқымызға қарай түсінетінбіз. Қазір ақпараттық дәуірде әскери өмірдің көлеңкелі тұстарын естіп, жаға ұстайтын болдық. Біздіңше, тәрбиелік маңызы жоғары жұмыстарға мектеп жасынан кірісу керек. Қазір әскер десе «уақытымды босқа өткізгім келмейді» дейтіндер көбейген. Демек, жастардың әскерге бармауына нарықтық заман да белгілі бір деңгейде әсер етуде.

Бұрын әскерде мамандығы жоқ жастар құрылыс батальонына баратын. Онда сарбаздар дәнекерлеуші, моляр, тас қалаушы, ұста сынды мамандықтарды меңгеріп, оң-солын бағамдап, жұмыс істеп, тіпті қайтарда ауылына ақшамен оралатын. Кейін сол жұмысын болашағымен байланыстырып, шаңырақ көтергенді көрдік. Қазір осы шаруаны қайта қолға алу керек деп есептеймін. Мысалы, бүгінде ауылшаруашылық саласына жастардың барғысы жоқ. Сондықтан жемісі мол істі қазір қолға алып, табысы жоғары жұмысшы мамандықтарына жастарды тартсақ, ақсап тұрған салаларды дамытуға үлкен серпіліс болар еді. Еліміз 30 жылда дамудың даңғыл жолына түсті. Бірақ жасыратыны жоқ, идеология жағы ақсап тұр. Идеология болмаса, бүгінгі берекелі бастамалардан пайда шамалы, – дейді қария.

Ыдырыс Юнусовтың айтуынша қазір әскерге барамын деп ұмтылғандардың жолы болмай, керісінше барғысы жоқтар кетіп жатқан көрінеді. Бұл да болса қоғамның кеселі дейді ақсақал.
– Қазіргі жастар қиындық көрмей өскен соң, әскерге барудан қашады. Әскерге шақырса, баладан бұрын, ата- анасы қорқатын күн де таяды. Жігіт деген барлық сынға төзімді болуы керек қой. Әскерден жалтарғандар кейін отбасын қалай асырамақ? Оның үстіне қазір әскерде Отан қорғаушыларға барлық жағдай жасалған. Немеремнен сұрасам, қазір әскерде мамандар күнделікті әр сарбазды тексеріп, жарақаты бар- жоғын анықтайтынын айтуда. Ал бұрын денемізді тексеру деген атымен жоқ еді. Соған қарамастан әскердің тәртібі жеңілдеген сайын оқыстан қаза тапқандар көбейіп кетті.

Бүгінде әскери бөліммен ата-аналар да байланысып, баласының дауысын естіп, сөйлесіп тұрады. Одан артық не керек? Жастардың патриоттық сезімін бала кезден оятып, дұрыс тәрбие бере білу керек. «Сүйреп қосқан тазы түлкі алмас» деген. Сонда жетектеп алып қатарға қосқан жастан қандай сарбаз шығады? Өткенге оралсақ, кеңес өкіметі тұсында әскерге бармағандарды ел-жұрт ауру деп ойлайтын. Көпшілік ортада әскерге бармағандар басын төмен салып, қымсынатын. Қош, батыс елдерінде әскерге барғандарға тәп-тәуір қаржы төленеді екен дегенді естідік. Біз де сол тәсілді қолдансақ, Отанын ақшаға қорғайтын жас, туған жерін ақшаға сатуға да дайын болып жетілмесіне кім кепіл?

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстан құрамыз деді. Міне, сол істің басында идеологияға мықтап көңіл бөлуден бастаған ләзім. Қалғаны сәтімен келеді. Жастар Отанымнан не аламын деп емес, Отанға не беремін деуі керек! Ата-аналар баласына тиісті білім алуға жағдай жасамай, қала берді әскерге жібермесе не пайда? Қазір тәрбиені үйден, балабақшадан бастау керек. Себебі бала кездегі тәрбие тасқа ойған таңбадай жойылмайды. Ұлты дүнген болса да, балаларым мен немерелерім қазақ мектебінде оқып, қазақшаны жетік меңгеріп алды. Бұл да тәртіп пен тәрбиенің арқасы деп білемін, – дейді ақсақал.

Бүгінде әскерге шақырту келсе, қаралы қағаз келгендей үрейленетін отбасылар да бар. Денсаулығының мүкістігіне шара қабылдамай, шүкір ететіндерге не дерсің? Ол аздай қазір көру мүмкіндігі төмендеген жастардың үлесі де аз емес. Қырық сылтауы таусылмайтындар қайтсе де айлаға басып, әскерден қашып жатқанын көріп те жүрміз. Әскерге бармай, айласын асырғанына мақтанатындар келер жаңа толқынға қандай үлгі көрсетпек? Қалай дегенде де, әскерге шақыру науқанында заң жүзінде қолға алынған шараларға қарсы келмегеніміз дұрыс. Себебі батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды!» емес пе?!.

Пікірлер