Жамбыл облысы шетелдік компаниялармен 153 миллион АҚШ долларын құрайтын келісімге қол қойды

5056
Adyrna.kz Telegram

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Таразда өткен «KazАgroZhambyl-2024» халықаралық ауыл шаруашылығы форумында бірқатар елдердің іскер топтарының өкілдерімен кездесулер өткізді. Аймақ басшысы олармен бірге инвестициялық байланыстарды жолға қою, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Сонымен, «Shouguang Agricultural Development Group Limited» компаниясы өңірімізде 100 гектарға дейін аумақты құрайтын ірі жылыжай кешенін салуды жоспарлауда.

Өңірдің жеміс-көкөніс саласын дамыту әлеуетіне «Shandong Shouguang Vegetable Industry Group Co» компаниясы да қызығушылық танытып отыр.

 Екі ірі жылыжай кешенін іске қосу – өңір үшін елімізге жеміс-көкөніс өнімдерін ірі жеткізушілердің бірі болуға мүмкіндік береді.

Тағы бір инвестор – «Kazakh Industrial stroi» ЖШС 7 миллион АҚШ долларына бетон өндіретін зауыт салады деп күтілуде. Қазіргі таңда серіктесте өндірілген бетон төсемі суару каналдарын салу мен қайта жаңғыртуда сәтті қолданылуда. Бұл - су арналарының қызмет ету мерзімін ұзартуға және судың жоғалуын едәуір азайтуға мүмкіндік береді.

Тамшылатып суару жүйелерін шығаратын зауыт салу - ірі жобалардың қатарында. Жамбыл облысының «KAZ Каспий ГИДРО ауыл шаруашылығы технологиясы» компаниясы бұл жобаға 6 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуға ниет білдірді. Бұл - аймақта қарқынды суару жүйелерін белсенді пайдалануға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ бұл күні Ербол Қарашөкеев ирригациялық жабдықтар, агродрондар, пластик және көкөніс өнімдерін өндірумен айналысатын бірқатар компаниялардың басшыларымен кездесулер өткізді.

Экономикалық ынтымақтастық елдерінің тұқым шаруашылығы қауымдастығының өкілдерімен әңгімелесу барысында өнімділіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ету мақсатында тұқым материалының сапасын жақсарту мәселелеріне айрықша назар аударылды.

Халықаралық көрмеге 70-тен астам ірі компания сондай-ақ Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия ауыл шаруашылығы министрліктерінің және Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) өкілдері қатысуда.

 Форум-көрме өз жұмысын 21 наурызда да жалғастырады. Осы күні Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) ауыл шаруашылығы министрлерінің 3-ші кеңесі,  ECOSA тұқым шаруашылығындағы 8-ші Конгресі, Түркі агро-бизнес форумы және B2B форматындағы кездесулер өтеді.

 

Пікірлер