Павлодарда үш жігіт зорлаған жетім қыз 10-қабаттан секіріп кетті

3213
Adyrna.kz Telegram

НеМолчи қорының басшысы, қоғам белсендісі Дина Таңсәрі Павлодарда 16 жастағы жетім қызды үш жігіт аяусыз зорлағанын хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.

Оның айтуынша, 16 жастағы қыз зорлық-зомбылыққа шыдамай, 10-қабаттан секіріп кеткен.

"Қызды алдау жолымен пәтерге кіргізіп, зорлаған. Ол мұны көтере алмай терезеден секіріп кетті. Ең қорқыныштысы, бұл қыз - тұл жетім, Павлодардағы балалар үйінің тәрбиеленушісі. Бізге оның үлкен әпкесі хабарласып, кәмелетке толған жалғыз жақыны екенін айтты. Қазір шұғыл түрде зардап шеккен қызға оны қамқоршы ретінде рәсімдеуіміз қажет",- деп жазды ол өзінің фейсбук парақшасында. 

Екібастұздан келген апалы-сіңлілер 2009 жылдан бері екі бөлек жетімдер үйінде тәрбиеленген.

"Аналары 2010 жылы ата-ана құқығынан айырылған. 2012 жылы көз жұмып, қыздар тұл жетім қалған. Осылайша апалы-сіңлілер патронаттық отбасыға түсіп, қамқоршыдан талай таяқ жеген. Үлкен әпкесі 2021 жылы тұрмысқа шыққан. Ал кіші сіңлісі қашып кеткен. Колледжге түскеннен кейін Жасөспірімдер үйіне орналастырған", - дейді қоғам белсендісі. 

Туған күнге барған қыз үш жігіт тарапынан зорлық-зомбылыққа тап болады...

"Ол танысының туған күніне барып, алайда ол жерде өзін ыңғайсыз сезініп, ақыры кетіп қалады. Әпкемнің үйіне барып, сол жерде қаламын деп ойлайды. Бірақ, Павлодар қаласын білмей адасып, орта жолда үш жігітті кездестіреді. Оның біреуі әпкесінің сыныптасы болып шығады. Ол оны олармен бірге баруға көндіріп, такси шақырып, әпкене жіберемін деп уәде береді. Алайда, ары қарай қорқынышты түс орын алып, әпкесі сіңлісін іздей бастайды. Бірақ, сол сәтте оның телефоны өшірулі болады",- дейді Дина Таңсәрі.

Осылайша, үш жігіт 16 жастағы қызды пәтерге алдап кіріп, аяусыз зорлаған. Азғындардың арсыз әрекетіне шыдай алмаған студент 10-қабаттан секіріп кеткен. Тірі қалып, ұзақ уақыт жансақтау бөлімінде жатқан.

"Омыртқасы сынып, ішкі ағзаларына зақым келген. Ішкі құрылысының қабынуы ми жұмысына кері әсер етуде. Қазір оның көру қабілеті нашарлап, есте сақтау қабілеті бұзылды. Төрт рет ота жасалды. Алда тағы жасалады", - дейді қоғам белсендісі. 

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, 16 жастағы қызды зорлау дерегіне қатысты күдіктілер ұсталды. 

"Қазір Қылмыстық кодекстің 120-бабы 3-1 бөлігі (Зорлау), 105-бабы(Өзін-өзіне қол салуға дейін жеткізу) және 121-бабының 3-1 бөлігі (Сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) бойынша тергеу жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Тергеу ерекше бақылауға алынды", – делінген хабарламада. 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер