Самарқанда ІІ Дүниежүзілік түркология құрылтайы өтіп жатыр

209
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Jj19DyeP1CVLcLcUcnBS1ySVwpEV4sw05zaqext7.jpg

20 қарашада Өзбекстанның Самарқан қаласында ІІ Дүниежүзілік түркология құрылтайы басталды, деп хабарлайды "Адырна".

1926 жылы Бакуде өткен алғашқы түркология құрылтайының 100 жылдығына арналған халықаралық жиын Өзбекстан президентінің бастамасымен Түркі мемлекеттері ұйымы мен Өзбекстанның білім және ғылым министрлігі бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шараға халықаралық ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің жетекшілері, белгілі түркологтар мен ғалымдар қатысты.

Құрылтай жұмысына қатысқан ҚР парламенті сенатының экс-депутаты Дархан Қыдырәлі «Құтлық қағаны кешені» тақырыбында баяндама жасады. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды.

Ғалымның айтуынша, 1926 жылғы Баку құрылтайында Күлтегін, Білге қаған және Тоныкөк жазбалары кеңінен талқыланып, көне түркі жазба ескерткіштерін зерттеу, қорғау және ғылыми айналымға енгізу мәселелері көтерілген.

Дархан Қыдырәлі Баку құрылтайынан кейін бір ғасырға жуық уақыт өткенде Елтеріс Құтлық қаған кешенінің түркі халықтары өкілдерінің қатысуымен жүргізілген далалық зерттеулер нәтижесінде табылуын тарихи сабақтастықтың көрінісі ретінде бағалады.

Оның сөзінше, Құтлық қаған кешенінен табылған жазба ескерткіште тұтас түркі әлеміне атау болған «түрүк» сөзі алғаш рет тасқа қашалған. Бұл жаңалық Орхон жазба ескерткіштерінің тарихын VIII ғасырдан VII ғасырға дейін тереңдете түседі.

Сондай-ақ Дархан Қыдырәлі 2027 жылы Бірінші Түрік қағанатының құрылғанына 1475 жыл толатынын атап өтті. Ол бұл датаның түркі халықтарының ортақ тарихын зерделеу және мемлекеттілік бастауларын тереңірек тану тұрғысынан маңызды екенін жеткізді.

Экс-сенатор өз жазбасында Самарқандағы халықаралық жиынды ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, өзбек халқына қонақжайлығы үшін ризашылығын жеткізді.

Пікірлер