Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Даниал Ғалий әскери борышын өтеуге дені сау күйінде кетсе, жарты жолда үйіне ауыр дертпен оралған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Информбюроға сілтеп.
Ұлттық ұланның 6637 әскери бөлімінде қызмет еткен жас жігіт әскердегі артық салмақты жүктеме мен командирлердің жауапсыздығы қант диабетіне шалдықтыруға себеп болды деп есептейді.
Даниалдың сөзінше, ол әскерде төрт тәулікте бар болғаны 20 сағат қана ұйықтаған. Үздіксіз күйзеліс пен шаршау алғашқы белгілердің пайда болуына әкелгенімен, әскери дәрігерлер оның жағдайына дер кезінде көңіл бөлмеген.
«Аяғым дірілдеп тұрса да, айтқанымды елемеді. Алты ай бойы нақты диагноз қойылмады. Тұмау деп жүріп, жағдайымды асқындырып жіберді», – дейді ол.
Информбюро мәліметінше, жігіт жарты жыл бұрын мерзімінен бұрын үйіне жіберілген. Содан бері қант диабетімен күресіп, қыруар қаражатты дәрі-дәрмекке жұмсап келеді. Анасымен бірге әскери бөлім басшылығын сотқа беріп, моральдық шығынды өтеуді талап етуде.
Анасы Динара Ысқақованың айтуынша, ұлы әскери қызметкер болуды армандап, өз еркімен борышын өтеуге аттанған.
«Ұлым әскерге сау барды, бірақ ауру болып қайтты. Осы дертпен күресу үшін қанша қаражат пен күш кетіп жатыр. Әскерилердің жауапсыздығынан неге біз қиналуымыз керек?», – дейді ол.
Ал әскери бөлім басшылығы өздеріне тағылған айыппен келіспейді. Медициналық жабдықтар мен мамандар жетіспейтінін мойындағанымен, сарбазға барлық қажетті көмекті көрсеткендерін айтады.
«Ауруының асқынуына біздің қатысымыз жоқ. Сарбаздарда ұйқы жетіспейді дегенмен келіспеймін. Барлығы 8 сағат демалады», – деді "Орталық" өңірлік қолбасшылығы медициналық басқармасының бастығы Рашит Әбілмәжінов.
Ақмола гарнизонының әскери соты ата-ананың талабын ішінара қанағаттандырып, моральдық шығын мөлшерін 300 мың теңге деп белгіледі. Алайда бұл шешімге көңілі толмаған Даниалдың туыстары апелляцияға шағым түсірмек.