Таразда «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңды іске асыру тетіктері талқыланды

157
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/nUFKkg0EVbISE23xEMEtKpcefkTjPBbLgAnepWBE.jpg

30 қазанда Тараз қаласында «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңның негізгі ережелерін түсіндіруге арналған семинар өтті.

Іс-шараға Қазақстан Халық Кеңесінің өкілдері, этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың және Жамбыл облысының азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты. Семинар барысында жаңа конституциялық органның міндеттері мен өкілеттіктері, сондай-ақ қоғамдық құрылымдардың оның қызметіне қатысуының практикалық тетіктері талқыланды.

Семинарды ашқан Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев жаңа заңның ережелерін түсіндірудің және өңірдегі қоғамдық ұйымдармен алдағы өзара іс-қимыл нысандарын талқылаудың маңыздылығын атап өтті.

Негізгі баяндаманы Қазақстан Халық Кеңесі Хатшылығының Этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимыл бөлімінің меңгерушісі, Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин жасады. Ол Қазақстан Халық Кеңесін құрудың алғышарттары, оның конституциялық мәртебесі мен қызметінің негізгі бағыттары туралы баяндады.

Оның айтуынша, Қазақстан Халық Кеңесінің қызметі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың озық тәжірибелерінің сабақтастығына негізделген. Бұған дейін этносаралық бейбітшілік пен келісімді сақтау мәселелеріне басымдық берілсе, бүгінде ортақ азаматтық бірегейлік пен жалпыұлттық құндылықтарды нығайту алдыңғы орынға шығып отыр.

Ғалым Шойкин этномәдени бірлестіктердің маңыздылығы сақталатынын, сонымен қатар олардың қоғамдық өмірге қатысу аясы кеңейетінін атап өтті. Енді олар өңірлерді дамыту мәселелерінен бастап, әлеуметтік маңызы бар проблемаларды шешуге дейінгі жалпыұлттық күн тәртібін талқылауға белсенді қатыса алады.

Ол Қазақстан Халық Кеңесін қоғам мен мемлекет арасындағы алтын көпір деп атады. Кеңестің міндеті тек азаматтардың өтініштерін жинаумен шектелмейді. Оларды ғалымдар, бейінді мамандар мен мемлекеттік органдарды тарта отырып, сараптамалық тұрғыдан зерделеу, соның негізінде негізделген ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу көзделген.

«Бүгінгі біздің міндетіміз – мәселені идеялар мен ұсынымдарға айналдырып, оларды мемлекетке жеткізетін алтын көпір болу», – деді Ғалым Шойкин.

Сондай-ақ ол өңірлерде Қазақстан Халық Кеңесінің филиалдары құрылмайтынын түсіндірді. Жергілікті жерлердегі өзара іс-қимылдың негізгі тетіктері ретінде қоғамдық кеңестер, мәслихаттар, этномәдени бірлестіктер, Достық үйлері және басқа да қоғамдық құрылымдар айқындалған. Олардың жұмысы жалғасып, жинақталған тәжірибе одан әрі дамытылады.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Лугмар Буларов өз сөзінде Конституция мен Конституциялық заңда бекітілген органның құқықтық мәртебесіне тоқталды. Оның айтуынша, қоғамдық келісім дегеніміз – пікір қайшылықтарының болмауы емес. Оның негізінде ашық диалог, өзара құрмет, заң талаптарын сақтау және ортақ шешім іздеуге дайын болу қағидаттары жатыр. Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігі кездесулердің санымен емес, талқылаулардың мазмұндылығымен және әзірленген ұсыныстардың сапасымен өлшенеді.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Фарида Жүнісова өңірлік ұйымдарды Кеңес жұмысына тартудың практикалық тетіктері туралы баяндады. Ол халықтың сұранысы ең алдымен жергілікті жерлерде айқын көрінетінін атап өтіп, қоғамдық бірлестіктердің қатысуы формалды сипатта болмауы, ал олардың бастамалары шешімдер әзірлеу барысында ескерілуі қажеттігін айтты.

Ол өзара іс-қимыл алаңдарының бірі ретінде И.В. Георгиадидің жетекшілігімен жұмыс істейтін Қазақстан Халық Кеңесі жанындағы «Бірлік» қоғамдық тобын атады. Оның құрамына республикалық этномәдени бірлестіктердің басшылары мен өңірлердің өкілдері енген.

Фарида Жүнісова бірлескен жұмыстың перспективалы бағыттары ретінде жастарды қоғамдық өмірге тарту, азаматтық бастамаларды қолдау, мемлекеттік тілді ілгерілету, волонтерлікті және экологиялық мәдениетті дамыту, патриоттық тәрбие беру, тарихи мұраны сақтау мен елді мекендерді абаттандыру мәселелерін атап өтті.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Наринэ Микаелян Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген негізгі бағыттарға, соның ішінде экономиканы цифрландыру, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және әлеуметтік саясат мәселелеріне тоқталды.

Ол Қазақстан Халық Кеңесі мемлекеттік органдардың қызметін алмастырмайтынын және олардың құзыретіне араласпайтынын атап өтті. Кеңес қоғамдық диалог жүргізуге және бастамаларды сараптамалық тұрғыдан пысықтауға арналған алаң қалыптастырады.

Сондай-ақ Наринэ Микаелян жаңа Азаматтық кодексті талқылауға қоғам өкілдерінің қатысу мүмкіндігі туралы айтты. Өңір тұрғындарынан түскен ұсыныстар заңнамалық бастамаларды одан әрі пысықтауға және оларды Құрылтайдың қарауына енгізуге негіз бола алады.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Уәлихан Болатбекұлы қоғамдық мәселелерді шешуде жүйелі тәсілдің қажеттілігіне назар аударды. Атап айтқанда, ол қоғамдық кеңестердің құрамын қалыптастыру, оларды сайлау тәртібі, мәслихаттармен және этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимыл мәселелерін көтерді.

Оның айтуынша, қоғам өкілдері Қазақстан Халық Кеңесінің комитеттері жұмысына қатыса алады. Осы орайда ол қатысушыларды проблемаларды айтумен ғана шектелмей, оларды шешудің нақты жолдарын ұсынуға, соның ішінде заңнаманы жетілдіру жөнінде бастамалар көтеруге шақырды.

Талқылауды жалғастырған Ғалым Шойкин қоғамдық бақылаудың маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, қоғамдық бақылау жобалар аяқталғаннан кейін ғана емес, оларды жоспарлау кезеңінен, оның ішінде техникалық ерекшеліктерді әзірлеу барысында басталуы тиіс.

Қатысушылардың сұрақтарына жауап берген Ғалым Шойкин мен Наринэ Микаелян Қазақстан Халық Кеңесінің арнайы цифрлық платформасын әзірлеу жұмыстары туралы ақпарат берді. Платформа ең алдымен шағымдарға емес, азаматтардың қоғамдық маңызы бар ұсыныстары мен идеяларына бағытталмақ.

Спикерлердің айтуынша, жаңа платформа қоғам үшін маңызды мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларды ұсынуға, олардың қаралу барысын бақылауға және нәтижелері туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект технологияларын пайдалану арқылы ұсыныстар тақырыптық бағыттар бойынша автоматты түрде жүйеленіп, Қазақстан Халық Кеңесі мүшелеріне олардың кәсіби құзыретіне сәйкес жолданады деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта платформа әзірлеу кезеңінде.

Семинарды қорытындылаған модератор Қуаныш Мамашев айтылған ұсыныстар мен көтерілген практикалық мәселелердің өңірлік деңгейде жұмысты одан әрі ұйымдастыру үшін маңызды екенін атап өтті.

Таразда «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңды іске асыру тетіктері талқыланды

Қ. Мамышев

Л. Буларов

Этномәдени бірлестіктері

Пікірлер