Қарағанды облысында жаңа Конституция жобасы кеңінен талқылануда

176
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/llzDqz4tQD9FiNnzuuSrR61lcwoRsnBUvUYEGHIg.jpg

Қарағанды облысында жаңа Конституция жобасын қоғамдық талқылау басталды. Актив отырысында Конституциялық комиссия мүшелері сөз сөйлеп, негізгі баптар мен өзгерістерге тоқталды. Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері өз пікірлерін ортаға салды. Ашық талқылау келесі кездесулер мен диалог алаңдары арқылы жалғасады. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың тапсырмасымен барлық қала мен аудандарды қамтитын ақпараттық-ағартушылық тобы құрылған.

– Біз елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалардың куәсі болып отырмыз. Қоғамдық-саяси даму саласында жаңа дәуірге қадам басып отырмыз. Жаңа Конституция мемлекеттік басқарудың жаңа тәсілдерін енгізеді, аймақтар мен азаматтық қоғам институттарының, депутат корпусының және әрбір азаматтың рөлін арттырады. Осы жағдайда біз барлығымыз халық арасында Негізгі заңның баптарын түсіндіру жұмысына белсенді қатысуымыз керек, ашық диалог пен ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, қоғамның нақты қатысуын арттыруымыз қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасы кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Құжат eGov және e-Өтініш порталдарында жарияланған және қоғамдық талқылауға шығарылған.

Конституциялық комиссия жұмысына Қарағанды облысынан үш өкіл қатысты: облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Қобжанов, 

«Аманат» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков және Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков.

Олар Негізгі заң жобасының басты жаңалықтарын таныстырды. Құжатта мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі және егемендіктің иесі – Қазақстан халқы екендігі нақты көрсетілген. Сонымен қатар, Конституцияда әділдік, заң мен тәртіп, табиғатты сақтаудың принциптері алғаш рет бекітілді.

– Конституцияда ғылым, білім, мәдениет сияқты басымдықтардың анық көрсетілгені қуантады. Әріптестерім осы жаңалықтарды асыға күтті. Менің ойымша, жаңа Конституцияның қабылдануы өте жақсы нәтиже береді. Бірпалаталық Парламент, мемлекеттік функциялар, адам капиталының дамуы сияқты маңызды мәселелер қамтылған, – деді Нұрлан Дулатбеков.

ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі Вилен Молотов-Лучанский Қазақстан Халықтық кеңесінің рөлін ерекше маңызды деп санайды. Ол орган билік пен халық арасындағы қосымша байланыс арнасына айналады деген пікірде.

Облыстық мәслихат депутаты Қадиша Оспанова әлеуметтік аспектілерге назар аударды.

– Әлеуметтік мемлекеттің негізі ең алдымен адам мен оның құқықтарына бағытталған. Мәслихаттар әлеуметтік саясатты жүзеге асыруда, азаматтардың мүддесін қорғауда Кұрылтай мен Халықтық кеңеспен тікелей байланыс арқылы маңызды рөл атқарады. Бағыт – өмір сапасын арттыру және қолайлы жағдайлар жасау, – деді облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және әлеуметтік қорғау бойынша тұрақты комиссиясының төрайымы.

Алдағы уақытта жаңа Конституция жобасын талқылау шеңберінде кездесулер, дөңгелек үстелдер, диалог алаңдары мен құқықтық консультациялар ұйымдастырылатын болады.

Пікірлер