Ғабит Мүсірепов музейіне – 35 жыл! Ұлылық ұясындағы тағылымды кеш

157
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/qu1SMQY7ZsOC1mO4ek4Ix86cFD2rcX17hTemOIRU.jpg

Сөз зергері, ХХ ғасырдың ой алыбы әрі қазақ әдебиетінің асқар шыңы Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей-үйінің ашылғанына 35 жыл толды! Еліміздің Тәуелсіздік мерекесімен тұспа-тұс келген осынау айтулы күнге орай, Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінде «Ғабит Мүсірепов музейіне – 35 жыл» атты дөңгелек үстел өтті. 

Мерейлі жиынның шымылдығын  белгілі ақын, ғалым, Қазақстанның құрметті жазушысы, Музей кешенінің ғылыми бөлім жетекшісі Әділғазы Қайырбеков ашып, мазмұнды баяндама жасады. Ол қасиетті шаңырақтың іргетасының қалану тарихын шолып, музей ұжымының маңдай терімен жарық көрген құнды еңбектерді таныстырды. Атап айтсақ, «Ана тілімізді анамыздай ардақтайық» мақалалар жинағы, «Ғажайып Ғабең» арнау өлеңдер шоғыры, «Ер Ана» әңгімелер жинағы, «Мүсірепов хатханасы – Письмотека Мусрепова» эпистолярлық мұрасы, «Ғабит Мүсірепов» тұлғалық энциклопедиясы т.б. Сонымен қатар, кезінде баспасөз беттерінде жарық көрген Қали Сәрсенбайдың «Ұлылық ұясы» («Егемен Қазақстан», 12 қазан 1991 ж.) және өзінің «Мүсіреповтің музейдегі мұрасы» («Халық кеңесі», 8 тамыз 1992 ж.) атты мақалаларынан үзінділер келтіріп, жиналған қауымды өткен күннің шұғылалы сәттеріне жетеледі. Ұлы суреткердің рухы асқақтаған кешке қазақ руханиятының көрнекті тұлғалары, қаламгердің ұрпақтары, музей жанашырлары қатысты. Нұрдәулет Ақыш, Қуандық Түменбай, Гаухар Ғабитқызы Мүсірепова, Бақберген Тайшеев, Гүлнәр Құдабаева, Асқар Сарбағысов, Ботагөз Досқазиева, Лаура Оралханова  ой-пікір, естеліктерімен бөлісті. 

Шараға Республикалық жоғары медициналық колледжінің студент жастары да белсене атсалысты. Олар ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығы жайында көкейкесті сұрақтарын қойып, зиялы қауыммен еркін пікір алмасты. Құрметті қонақтарға музей атынан ғалым, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Райхан Сахыбекқызының «Ғасыр саңылағы» әдеби туындысы сыйға берілді.

 Ғабеңнің мәңгілік рухани мұрасы ұлықталған бұл мәдени іс-шара әрбір қатысушының жүрегінде өшпес із, ерекше әсер қалдырары анық.

Осы мерейлі күнге орай қаламгер музейі алғаш ашылғанда Қазақ Еліне жар салып, баспасөзде тұңғыш мақала жариялаған белгілі жазушы-журналист Қали Сәрсенбайдың 1991 жылы 12 қазанда «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Ұлылық ұясы» атты мақаласын оқырмандар назарына қайталап ұсынуды жөн көріп отырмын. «Өткен күнде белгі бар» деген осы шығар...

«Ең алғашқылардың бірі болып «Егеменді Қазақстан» бұл ғимараттың ашылуына жанашыр болып, іздеусіз қалып бара жатқан алыптар тобындағы ірі тұлғаның құттыханасы  мен басына ескерткіш тұрғызу мәселесіне мұрындық болып еді. Енді сол сүйінші сұрайтын күн туды. Ғабең табалдырығынан сан аттап, ішінде толғанысты күй  кешкен қаламгер қарашаңырағы жұртшылыққа есігін айқара ашты. Бұрнағы күні салтанатты ашылу рәсімі болды. Оны республиканың Мәдениет жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Е.Рахмадиев кіріспе сөз сөйлеп ашты. Ғ.Мүсіреповтің қаламдас әріптестері сөз сөйледі. Музей-үйдің алқызыл лентасын халқымыздың аяулы азаматтарының бірі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қиды. 

Қазіргідей уақытта көңіл шіркіннің шарықтайтын, маздап жанатын  шағы бәлкім сирек болар. Біздің медет тұтарымыз – осындай аласапыран уақыттың өзінде де қазақ халқы сол бәз-баяғы туғаннан қанына сіңген қалпынан бір елі ажыраған емес. Күні кеше ғана республиканың егемендік алғанына бір жыл толды. Осынау жылнаманы парақтап жіберсек, тарих бетіне алтын әріппен жазылып қалар тойлар да аз болмапты. Торғайдағы Ахаң мен Жақаңның тойы батыр бабаларымыз Абылай, Қабанбай, Бөгенбай тойларымен тұтасып, қазақ даласы қайта бір түлеп, әруақтанған кезі бұл.

Міне, осындай жаңғырулар, ерен қуаныштар тұсында бұрнағы күні заңғар суреткер Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей-үйінің ашылуы республиканың мәдени өміріндегі рухани қуаныш-құбылысқа айналуы да заңды, әрине.

Сірә, жазушы деген халықты елден алабөтен алып қарай алмайсыз. Оның бар сыры да, жыры да халықтікі. Сондай сұлу да сырбаз суреткер Ғабеңді де халқы әбден сағынған-ақ екен. Сол күнгі жазушы үйінің алдындағы қалың нөпірді көрген жанның көкірегінде бір сәт осындай бір ой маздар еді…

Ғабеңнің қайраткерлігі, ұстаздығы, аяулы да азапты жазушылық жолын музей барынша қамтуға тырысқан. Құнды деректер, дүниелер де әжептәуір. Әрине, бұл алғашқы қадамдар, үлкен істердің бастауы. Оны байыта беру болашақтың ісі.

Қандай бір дүниеде болмасын жазушы қолының ыстық табы қалғандай, «Жат қолында», «Ұлпан», «Қазақ солдаты», «Оянған өлкенің» қолжазбаларын көргенде, сонау бір оқушылық өмір сол тұнық күйінде көз алдыңа келеді. Таңды таңға ұрып бас алмай оқитынбыз. Біздің бойымызға мәңгі адамгершілік асыл мұраттар еккен туындылар еді олар.

Ең қымбаты, көзге ыстық көрінетіні жазушының жазу үстелі. Осы үстелде отырып ол «Ұлпанды», «Оянған өлкенің» екінші кітабын, Жазушылар одағында көркем әдебиеттің тілі туралы жасаған соңғы әйгілі баяндамасын жазды-ау. Баяғы өзіне ғана тән ерекшелігі: ұшталған қарындаш пен өшіргіш, кейбір сәттерде өзі аса сүйікті кәсіп еткен ағаш жонатын бәкісі, бәрі-бәрі сол күйінде жатыр. Әсіресе, күлсалғышты көргенде «темекісінің күлін қаққанына дейін әдемі еді ғой» деп естелік айтатын ағалардың сөзі ойға оралады.

Кітапханасы қандай бай, қандай құнды. Өзінің шығармалары да 10 томның о жақ, бұ жағында екен. Әлеммен, отан классикаларымен қатар ағаның, інінің, басқаның қолтаңбасы бар, өзі жинап-терген кітаптар мол. Сірә, жазушы кітапханасында кітаптардың алабөтен көп болмауы да оның аса талғампаздығынан деп ұққан жөн. Арагідік Мұхаңдардың, Сәбеңдердің Ғабекеңдердің бейнесін көру тым ыстық. Әдебиетіміздің, мәдениетіміздің марқасқаларының түйісе қалып, шүйіркелесіп отыруының өзі қандай тағылымды сәт. Көркемдік дүниесіндегі сырластыққа, сабақтастыққа, бауырмалдыққа жарқын бір мысал дерсің. Осы бір суреттерді көріп тұрып, музейдің ашылу салтанатындағы Қ. Найманбаевтың «Бұл үлкен-кішіміздің басымызды қосатын жерге айналсын» деген сөзі ойға оралады.

Келесі бір бөлме Ғабеңнің драматургия әлеміне арналған. Ана тақырыбын ұлттық әдебиетімізде Ғабеңдей иін қандырып жазған, шырқау шыңына жеткізген суреткерді дәл қазір атап көрсету де мүмкін еместей. «Қозы Көрпеш–Баян сұлу», «Ақан сері–Ақтоқты», «Қыз Жібек» әлі күнге сахнамыздың ары мен жаны болып келеді. Осындағы А. Ғалымбаеваның бейнелеуіндегі Ұлпан анамыздың бейнесі сондай әсерлі. Аса талғампаз Ғабең ұнатқан, ризашылық білдірген туынды бұл. 1968 жылы 27 наурыздағы «Қыз Жібектің» бір мыңыншы қойылымы, Ақтоқтының, Баянның, Қыз Жібектің киімдері бәрі музейдің мәнін, мазмұнын аша түседі. Орта тұстағы Ғабеңнің портреті де тартымды.

Ғабеңнің сонау шәкірттік кезі, жазушылығы, ұстаздығы, қайраткерлігі әр аттаған сайын ашыла береді. Суреткер әлеміне тереңдеп енесіз. Ұлылықтың, сұлулықтың биік шыңындай әсер қалдырады. Өзінің тұтынған дүние-мүліктері, жүріп-тұрған, кезекті ой еңбегінен кейін бір сәт дамыл тауып, тыныстаған бөлмесі де көңілге тым ыстық. Ең бастысы музей-үйден Ғабеңнің өмірдегі, өнердегі дара қолтаңбасы көрінеді. Әдебиет кәсіп емес, өнер деген өзінің аталы сөзіне жауап бар онда. Оның ғұмырлы, өміршеңдігі де сонда. Дөйім халқы аман болса, астанадағы шаңырағы шайқалмайтын бір қасиетті мекен осы болуға тиіс.

Ұлылық пен сұлулық, мейірімілік пен мәрттік, үлкен жүректілік, бауырмалдық, адалдық жалпы бар мінез байлығы осында. Осында болған кім-кімде ендігі жерде кей сәтте өз бойынан табыла кететін пендешілігі, парықсыздығы мәңгілікке алыстайтындай көрінеді. Бүгінде бізге не жетпейді? Бұлар – әлгіндегі топтап көрсеткен қасиеттер. Оған тірлігіңде ешкімді алалмай тек талантты жандарға ғана қол ұшын беріп, қолтығынан демеген сұңғыла  суреткердің өмірінен мысалдар келтірсек сірә, таусылар ма?! Сондықтан да сонау бір жылдары халқы баудай түсіп қырылып жатқанда бесеудің бірі болып хат жазған рухани батыр Ғабеңнің бұл музей-үйі әлі де болса қалың ұйқыда жатқан халқымыздың рухани оянуына, серпілуіне ықпалы зор қасиетті мекен болуға тиіс.

Музей-үйдің ашылу рәсімінде ақындарымыздың ақсақалы Ә. Тәжібаев «Үлкен елге үлкен қасиет керек» деген еді. Қазір де сан алуан әсердің құшағында тұрып, сол сөздің биігінде қалғың келеді. Егемендік жолына түскен туған ұлтымыздың перзенттеріне, ұрпақтарына сондай қасиеттер сыйлайтын осындай рухани әулиехана орындар ешқашан көптік етпейтінін айтсақ болар».  

Тәуелсіздік тарихымен бірге жасасып келе жатқан музей экспозициясы «Мүсіреповтің тілі мөлдір әрі көркем, бейнелі әрі қонымды» деген Мұхтар Әуезовтің пікірімен ашылып, «...Ал, қасиетті елім, жерім, қиыспас дос-жаран, ағайын-туыс, сәулелі жас ұрпақ, хош, хош болыңдар! Ғабит Мүсірепов» (28.12.1985) ой толғанысын білдірген «Туған елге соңғы сөз»  қоштасу хатымен аяқталған. Ғабеңдей ұлы дарынның қайталанбас ұлы мұралары әдебиетіміз бен мәдениетіміздің тарихында ұрпақтан ұрпаққа жетіп, мәңгі жасай берері хақ!

Назгүл АЛТАЕВА,

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі

 

Пікірлер