Қайрат Нұртастың концертінде дүрбелең туды. Адамдар зардап шегіп, қылмыстық іс қозғалды

137
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/YxumaYR33pI38iTuoF7b9E6HDDJsgiifN7Sb6XjR.jpg

Фото: видеодан алынды

10 қазан күні Шымкентте өткен әнші Қайрат Нұртастың концерті кезінде көрермен арасында дүрбелең туындады. Кіреберісте жиналған халық бір-бірін қысып, кейбір адамдар құлап, жарақат алған. Оқиға орнынан түсірілген видеолар әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды “Адырна”.

Куәгерлердің айтуынша, көрермен арасында есінен танып қалғандар болған. Сондай-ақ концерттен кейін кейбір адамдар аяқ киімдерінен айырылып, үйлеріне жалаңаяқ қайтуға мәжбүр болғаны туралы ақпарат тарады.

Оқиғаға байланысты Freedom Афиша компаниясы түсініктеме берді. Компанияның хабарлауынша, концертті ұйымдастырумен Show Service айналысқан. Ал Freedom Афиша ұйымдастырушы бөлген квота аясында билеттерді сатуға, оларды тексеруге және көрермендерге білезік таратуға көмектескен еріктілердің жұмысына жауапты болған.

Компанияның мәліметінше, концерт алаңын дайындау, көрерменді кіргізу және күзетті ұйымдастыру оның міндетіне кірмеген.

Freedom Афиша құқық қорғау органдарына қажетті ақпаратты ұсынуға және оқиғаның себептерін анықтауға көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.

Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы оқиға салдарынан 18 жастағы қыздың ауыр жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілгенін хабарлады. Қазіргі уақытта оның жағдайы ауыр екені айтылды.

Әлеуметтік желі қолданушылары да концерт кезіндегі жағдайға қатысты пікірлерін білдіріп, көрерменнің қауіпсіздігі мәселесін көтерді. Оқиға орнынан жедел жәрдем көліктерінің суреттері де жарияланды.

Полиция қылмыстық іс қозғады

Шымкент қалалық полиция департаменті концерт кезінде қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады.

«Концерт кезінде қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Адамдардың көп жиналуына байланысты келушілердің бірі зардап шекті. Қыз медициналық мекемеде дәрігерлердің бақылауында.

Іс-шараны ұйымдастырушылар полицияға жеткізілді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Ұйымдастырушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процестік шешім қабылданады», – деп мәлімдеді полиция.

Оқиғадан кейін ұйымдастырушылар мен полиция арасындағы жауапкершілік мәселесі де талқылана бастады. Ұйымдастырушылар қауіпсіздікке қатысты міндеттерді өзге тараптарға жүктесе, полиция іс-шараны өткізу кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуына байланысты тергеу жүргізіп жатыр.

Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері мен оған жауапты тұлғалар тергеу нәтижесінде анықталуы тиіс.

Пікірлер