Фото ЖИ көмегімен жасалған
Қазақстан азаматы Грузияда есірткі және психотроптық заттар санатына жатқызылған дәріні алып жүргені үшін сотталды, деп хабарлайды “Адырна”.
Politico дерегінше, Иван Чекулаев 16 жылға бас бостандығынан айырылды.
44 жастағы жүк көлігінің жүргізушісі сәуір айында Грузияның Поти портында ұсталған. Оның дәрі қобдишасынан белінің қатты ауырсынуына байланысты емдік мақсатта қолданған препарат табылған. Алайда Грузия заңнамасына сәйкес, бұл дәрі есірткі және психотроптық заттар қатарына жатады.
Сотталған азаматтың отбасы алты ай бойы оны босатуға әрекет жасаған. Туыстары препаратты Германиядағы дәрігердің тағайындағанын айтып, оның медициналық мақсатта қолданылғанын дәлелдеуге тырысқан. Дегенмен сот оны кінәлі деп танып, 16 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған.
Қазақстан СІМ мәліметінше, дипломаттар бұл істі бастапқы кезеңнен бері бақылауда ұстап келеді. Консулдық қызметкерлер сотталған азаматпен кездесіп, сот отырыстарына қатысқан, қорғаушы табуға көмектескен және оның туыстарымен байланыс орнатқан.
«Дипломаттар азаматқа консулдық-құқықтық көмек көрсетуді жалғастырады», — деп хабарлады ведомство.
Ал жүргізушінің отбасы сот үкімімен келіспей, апелляциялық шағым түсіруге ниетті. Оған бір ай уақыт берілген. Сотталған азаматтың жұбайының айтуынша, Грузиядағы дәрігерлер күйеуінің диагнозына күмән келтірмеген. Ол нейрохирургтің бақылауында емделгенімен, сотта өз кінәсіздігін дәлелдей алмаған.
