Ерлан Қарин әскери қызметшілердің қазасына қатысты қабылданған шараларды атады

82
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/da5ArzetBcbTpj5AdYwYASXZReVuJuqTuEwrXHtT.webp

Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуы ел үшін үлкен қасірет болды. Бұл туралы вице-президент Ерлан Қарин айтты, деп хабарлайды "Адырна".

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғадан кейін зардап шеккендерге көмек көрсету және оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті тергеу мәселелерін жеке бақылауына алған.

"Президенттің Жарлығымен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметші «Айбын» орденімен марапатталды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Жалпыұлттық аза тұту күнін жариялап, қаза болған сарбаздардың отбасыларына көңіл айтты.

Қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайларын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылып, оқиға орнына жіберілді. Құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Іс Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында.

Тергеу аясында Қорғаныс министрлігінің бірқатар лауазымды тұлғасы күдікті ретінде ұсталған", - деді вице-президент.

Ерлан Қариннің сөзінше, мемлекет тарапынан қаза болған әскери қызметшілердің отбасылары мен зардап шеккен жауынгерлерге қажетті көмек көрсетілуде. Сонымен қатар қоғам өкілдері, кәсіпкерлер, меценаттар мен саяси партиялардың өкілдері де отбасыларға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірген.

"Қайырымдылық қаражатын жинау мен бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін арнайы қор құрылып, қоғамдық комиссия жасақталған. Комиссияға жиналған қаражаттың әділ әрі ашық бөлінуін бақылау міндеті жүктелген.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігінің жаңа басшысын тағайындап, ведомствоның жұмысын кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрды. Қаржы мен әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне жүргізілген аудиттің алғашқы қорытындысы жеті күн ішінде ұсынылуы тиіс.

Бұдан бөлек, Президент он күн ішінде армияны реформалаудың арнайы жоспарын әзірлеуді тапсырды. Реформаның негізгі мақсаты – әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен өмірі басты басымдыққа қойылатын жаңа үлгідегі армия қалыптастыру", делінген Ерлан Қариннің жазбасында.

Оның пікірінше, қабылданып жатқан шаралар тек қайғылы оқиғаның салдарын жоюмен шектелмей, оның түпкі себептерін анықтап, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеуге бағытталған.

«Ең бастысы – мемлекет тек жедел әрекет етіп қана қоймай, оқиғалардың түпкі себептерін жоюға бағытталған жүйелі әрі кешенді шешімдер қабылдауда», – деді ол.

Пікірлер