Президент Елена Рыбакинаны III дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады

102
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ns2fRveVOhkRdhk3sbt60dWoqUs3gcj9C0abZInI.jpg

Бүгін, 28 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны АҚШ ашық чемпионатындағы жарқын жеңісімен және теннистен "әлемнің бірінші ракеткасы" мәртебесіне ие болуымен құттықтады.Бұл туралы Ақорда жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Президент тарихи мәні зор осынау табыс отандық спорттың дамуына өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.

"Сіздің жеңістеріңізден кейін балалардың тенниске қызығушылығы артып, секцияларға көптеп жазылады. Олар да чемпион болғысы келеді. Жас өрендерге өнеге көрсетіп отырсыз. Бұл – өте оң үрдіс. Өскелең ұрпақты спортқа баулу керек, өйткені бұл олардың келешегі үшін өте маңызды. Үш бірдей Үлкен дулыға турниріндегі жеңісіңіз теннис жылнамасына өшпестей болып жазылды. Мұнымен тоқтамай, алда әлі талай асуды бағындырасыз деп сенемін", – деді Мемлекет басшысы.

Президент Елена Рыбакинаның адами қасиеттеріне айрықша тоқталды.

"Сіз кортта да, жұртшылық ортасында да байыптылығыңызды байқатасыз. Ішкі мәдениетіңіз жоғары екенін үнемі айтып жүремін. Қазақстанды спортқа, әсіресе, тенниске қолдау көрсететін өркениетті әрі дамыған мемлекет ретінде таныту тұрғысынан мұның маңызы өте зор", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елена Рыбакина Мемлекет басшысына өзін ұдайы қолдағаны, сондай-ақ Қазақстанда үлкен теннистің дамуына айрықша қамқорлық көрсеткені үшін шынайы ризашылығын білдірді. Әлемнің бірінші ракеткасы Қазақстан атынан өнер көрсетуді мақтан тұтатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ,  Қасым-Жомарт Тоқаев спорттағы ерен жетістіктері және Қазақстанда теннистің дамуы мен насихатталуына қосқан үлкен үлесі үшін Елена Рыбакинаны III дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Пікірлер