Түркіменстанда өткен ТМД елдері Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында өзара сауданы дамыту және ортақ экологиялық мәселелерге, әсіресе Каспий теңізінің тартылуына қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды. Бұл туралы Әзербайжанның сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов Х әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Оның айтуынша, бірлескен күш-жігердің арқасында мемлекеттер берік саяси сенімді өңірлік тұрақтылық пен өзара байланыстарды нығайтатын нақты нәтижелерге айналдыра алады.
«Біз Орта дәліз арқылы жүк тасымалын арттыру, цифрлық желілерді кеңейту, сондай-ақ Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан арасындағы жасыл энергетика саласындағы стратегиялық әріптестікті дамыту жөніндегі нақты бірлескен қадамдарды талқыладық», – деп жазды министр.
Сонымен қатар тараптар алдағы саммитке дайындық жұмыстарын да қарастырған.
