Фото: Francis Mascarenhas/REUTERS
Непал мен Тибет шекарасында болған жойқын су тасқыны мен көшкін салдарынан қаза тапқандар саны 750 адамға жетті. Оның 16-сы Тибет аумағында көз жұмған. Бұл туралы The Kathmandu Post басылымы жазды, деп хабарлайды "Адырна".
Непал билігінің соңғы мәліметінше, табиғи апат салдарынан елде 750 адам қаза тауып, 2 498 адам хабар-ошарсыз кеткен. Жоғалғандар арасында 589 шетел азаматы бар.
Қазіргі уақытта апаттан зардап шеккен барлық аудандарда іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқару және гуманитарлық операцияларға 19 895 қауіпсіздік қызметкері тартылған. Олардың ішінде Непал армиясының 8 399 әскери қызметшісі, 7 213 полиция қызметкері және Қарулы полиция күштерінің 4 203 қызметкері бар.
Ресми дерекке сәйкес, күштік құрылымдардың қызметкерлері апат аймағынан 8 186 адамды құтқарған.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кейбір аудандарда су деңгейінің қайта көтерілу қаупі сақталып отыр. Дхадинг округінің тұрғыны Атма Шрестха су тасқынын бақылау қызметінен екінші толқынның жақындағаны туралы ескерту алғанын айтты.
Оның сөзінше, өзеннің жоғарғы бөлігінде жиналған су ағыны бөгетті бұзып, төмен қарай бағыт алған. Осыған байланысты тұрғындарға дереу қауіпсіз әрі биік жерге көшу тапсырылған.
Табиғи апат құрбандарының көп болуы мәйіттерді сәйкестендіру жұмыстарын да қиындатып отыр. Билік аты-жөні әзірге анықталмаған марқұмдарды сақтау және жеке басын анықтау рәсімдерін жүргізу үшін мәйіттерді түрлі аудандардағы 21 ауруханаға жеткізген.
Еске салайық, 26 тамызда Непалдың солтүстігінде нөсер жауыннан кейін су тасқыны мен көшкіндер болып, елді мекендер, автомобиль жолдары және басқа да инфрақұрылым нысандары зардап шеккен еді. Табиғи апат салдарынан жүздеген адам қаза тауып, көптеген тұрғын хабар-ошарсыз кеткен.
Құтқару жұмыстарына 13 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Бұған дейін Непал мен Қытай шекарасы маңында жүрген екі қазақстандық әйелден де хабар үзілгені белгілі болған еді.
