Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД волонтерлерінің алғашқы форумына қатысушыларды құттықтады

216
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Ld63dtWjnbFd1Y8aS6vhdxt1bpbMCWcFoP4zBfsn.jpg

Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы волонтерлерінің алғашқы форумы басталды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған форум ТМД Үкімет басшылары кеңесінің шешімі бойынша Достастық елдерінің волонтерлік бастамаларын біріктіріп, өзара тәжірибе алмасуға арналған жыл сайынғы тұрақты алаң ретінде құрылды.

Форумның салтанатты ашылуына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы директоры Тойли Курбанов, АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай, ТМД Бас хатшысының орынбасары Нұрлан Сейітімов, сондай-ақ волонтерлік ұйымдардың өкілдері мен Достастық елдерінің делегациялары қатысты.

Форум Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінен басталды. Мемлекет басшысының құттықтауын Аида Балаева оқып берді.

«Осы маңызды басқосудың Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанның ұсынысымен жариялаған Халықаралық волонтерлер жылында өтуінің мәні ерекше. Бұл волонтерлердің әлеуметтік, гуманитарлық және экологиялық мәселелерді шешудегі орасан еңбегінің халықаралық деңгейде мойындалғанының айқын көрінісі.

Қазақстан осы форумды өткізуді ұсына отырып, ТМД елдерінің волонтерлері тұрақты түрде тәжірибе алмасып, ортақ бастамаларын халықаралық деңгейде бірлесе ілгерілететін алаң құруды мақсат етті. Біз үшін достықты нығайтып, ынтымақ, мейірімділік пен жанашырлық сияқты ізгі құндылықтарды қоғамға терең сіңіру айрықша маңызды.

Қазақстанда волонтерлік адам әлеуетін дамытуға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және қоғамда жанашырлыққа негізделген жаңа қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға ықпал етіп келеді. 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияда еліміздің тарихында алғаш рет волонтерлік қызметті мемлекеттік қолдау ең жоғары құқықтық деңгейде бекітілді.

Еріктілердің ізгі ниеті мен риясыз еңбегі – адамдарға жігер беріп, қоғамды жақсы жаққа өзгертетін қуатты күш. Бұған жалпыұлттық «Таза Қазақстан» қозғалысы айқын мысал бола алады. Бұл игі бастама аз уақыттың ішінде көптеген азаматты, әсіресе белсенді жастарды ортақ іске жұмылдырды. Жалпы, Еріктілер жылы аясында мыңдаған іс-шара өткізілді. Бүгінде еліміздегі волонтерлер саны 300 мыңға жуықтады.

Осы форум елдеріміздің гуманитарлық ынтымақтастығын одан әрі дамытуға, адамдар арасындағы байланысты, өзара сенім мен тату көршілікті нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенемін. Біздің басты мақсатымыз – Достастықты жасампаздық пен өрлеу, бірлік пен өзара түсіністік салтанат құрған ортақ кеңістікке айналдыру.

Барша волонтерге айналасына бейжай қарамай, әрдайым көмек қолын созуға және әлемді жақсы жаққа өзгертуге ұмтылып жүргені үшін шынайы алғысымды білдіремін. Форум жұмысына сәттілік, бірлескен бастамаларға табыс тілеймін!» – делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Айта кетейік, екі күнге созылатын форумға Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан 300-ге жуық делегат қатысуда. Олардың қатарында мемлекеттік органдар мен волонтерлік ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ еріктілер бар.

Форум аясында панельдік сессиялар, тақырыптық пікірталастар және волонтерлік қызметтің табысты тәжірибелерінің таныстырылымдары өтеді.

Мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ экология, әлеуметтік және инклюзивті қолдау, жастар волонтерлігі бағыттарында бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылады.

Пікірлер