"Ұраны - Алаш", бағдары - Абай. Жетпіс беске келген Тұрсын Жұртбай

229
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/dLeSTYAc4EJIyWcVAk9wjoLGBanq4ISjBkm8mxU6.webp

Бүгін көрнекті жазушы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай 75 жасқа толды, деп хабарлайды "Адырна".

Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай 1951 жылғы 15 тамызда қазіргі Абай облысы, Абай ауданы, Шаған ауылында дүниеге келген.

Қаламгердің еңбек жолы 1974 жылы басталды. 1974-1990 жылдары «Жетісу» газетінде, «Білім және еңбек», «Жұлдыз» журналдарында қызмет атқарды. 1990-1998 жылдары Мұхтар Әуезов мұражайында ғылыми қызметкер, бөлім бастығы және директор болды.

1998-2001 жылдары докторантурада оқып, кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушылық қызмет атқарды. 2001 жылдан бастап «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметін атқарды.

Тұрсын Жұртбайдың шығармашылық жолы ерте басталған. Оның «Абай шыңы – Мұхтар шыңы» атты алғашқы шығармасы 1966 жылы мектеп оқушыларының республикалық байқауында жүлдеге ие болып, 15 жасында баспасөзде жарық көрді.

Қаламгердің алғашқы өлеңдері де 16 жасында республикалық «Лениншіл жас» газетінде жарияланды. Оның шығармашылық жолы ақындықтан басталып, кейін проза, әдеби сын және ғылыми-зерттеу салаларымен толықты.

Жазушының «Қоңыр қаз», «Жүрегімде – жұмыр жер», «Бесқарагер», «Дара тұлға», «Жер – бесік», «Болашақтың бәйтерегі» сынды көркем шығармалары оқырманға жол тартты. «Бесқарагер» мен «Аэродром» хикаяттары жастарға арналған республикалық конкурста жүлдеге ие болды.

Тұрсын Жұртбайдың «Мөлдір көз», «Көгілдір әлем», «Шилі өзен қамыс-ай», «Қар астындағы көбелек», «Ұш, маған, ұш балалығым», «Қалампыр» секілді прозалық туындылары лирикалық сыршылдығымен, философиялық ой-толғамдарымен ерекшеленеді. Ал «Бір уыс жусан», «Болашақтың бәйтерегі», «Түйешінің қызы» әңгімелерінде өмір мен өлім, адам тағдыры мен уақыт туралы терең ойлар көрініс тапқан.

Қаламгердің «Замандасым, сырласым» (1976), «Қоңыр қаз» (1978), «Жүрегімде жұмыр жер» (1980), «Бесқарагер» (1982), «Дара тұлға» (1984), «Жер – бесік» (1985), «Бабочка под снегом» (1990), «Талант Калибека» (1992), «Болашақтың бәйтерегі» (2007) атты көркем шығармалары жарық көрді.

Ғылыми-зерттеу бағытында да өнімді еңбек еткен ғалым «Бейуақ», «Дулыға», «Кетбұға», «Бесігіңді түзе!», «Талқы», «Мұхтар Омарханович Әуезов», «Күйесің, жүрек… сүйесің!», «Бесігіңді аяла!», «Құнанбай», «Сүре сөз», «Ұраным – Алаш!..» сынды еңбектерін жариялады.

Зерттеушінің шығармашылығында Абай, Мұхтар Әуезов және Алаш қайраткерлерінің мұрасы айрықша орын алады. Ол қазақтың рухани тарихындағы күрделі кезеңдерді архивтік деректер негізінде зерделеп, ұлттық әдебиет пен тарихи сананың қалыптасуына қатысты көптеген құнды мәліметтерді ғылыми айналымға енгізді.

Ғалымның «Ұраным – Алаш!..» атты үш томдық іргелі зерттеу еңбегі 1922-1957 жылдар аралығындағы кеңестік идеологиялық қысым, саяси қуғын-сүргін, ұлт зиялыларын қудалау және ұлттық құндылықтарды жою саясатын зерттеуге арналған. Еңбекте Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі мүшелерінің үстінен жүргізілген тергеу істері негізінде сол кезеңнің тарихи шындығы жан-жақты қарастырылған.

Тұрсын Жұртбай «Алаш ақиықтары» жинағын құрастырып, Алаш қайраткерлерінің көпшілікке беймәлім шығармалары мен тарихи деректерін оқырманға ұсынды. Оның зерттеулері негізінде Алаш идеясының тұтастығы мен тарихи маңызына қатысты ғылыми тұжырымдар қалыптасты.

Қаламгердің көркем шығармалары мен зерттеу еңбектері бірнеше шет тіліне аударылған. Сонымен қатар ол шетел ақындарының бірқатар шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған.

Тұрсын Жұртбайдың саналы ғұмыры қазақ әдебиеті мен ғылымына, Абай мен Әуезов мұрасын зерттеуге, сондай-ақ Алаш тарихын зерделеуге арналды. Оның еңбектері ұлттық әдебиет пен тарихи сананы тануда маңызды ғылыми-рухани мұраға айналды.

Пікірлер