Ресейде жыл соңына дейін бес жүз мыңға жуық келісімшарттық әскери қызметкер тарту міндеті қойылды

85
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ukmpRALttsAfEF5FbxHriIdP2pVzRICZqWHL7N8o.jpg

Ресей билігі ел өңірлеріне 2026 жылдың соңына дейін әскерге 409 мың адамды келісімшарт бойынша тарту туралы жоспар қойған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Financial Times-қа сілтеп.

Басылымның мәліметінше, аталған шара Ресейде жаңа мобилизация жариялау қажеттілігін болдырмауға бағытталған. Кремль мен Ресей қорғаныс министрлігі аймақ басшыларына әскери қызметке қабылдау көрсеткіштерін қамтамасыз ету міндетін жүктеген.

Financial Times дерегінше, жаңа келісімшарт бойынша әскери қызметке алынғандардың басым бөлігі резерв қалыптастыру үшін емес, Украинадағы соғыс аймағындағы адам шығынын толықтыру үшін жіберіледі. Басылым бағалауынша, Ресей әскерінің шығыны айына 30 мың адамнан асуы мүмкін екенін жазды. Соған қарамастан Ресей әскері шабуыл қарқынын айтарлықтай арттыра алмаған.

Financial Times мәліметінше, Ресей аймақтарында келісімшарт бойынша әскери қызметке адам тарту үшін түрлі тәсілдер қолданылып жатыр. Олардың қатарында ер адамдарды көшеде ұстау, жұмыс орындарына тексеру жүргізу, шенеуніктердің азаматтарға баруы және берешегі бар адамдарды әскерге тарту әрекеттері бар. Бұған қоса шартты түрде сотталғандар мен жақында мерзімді әскери қызметін аяқтаған азаматтарды келісімшартқа қол қоюға үгіттеу жұмыстары жүргізілетіні айтылған.

Басылым Пенза қаласында полиция қызметкерлері жұмыс орындары мен көшелерде рейд жүргізіп, азаматтарды әскери комиссариаттарға жеткізген жағдайларды келтірді. Ұқсас шаралар Ресейдің басқа өңірлерінде де болғаны хабарланды.

Пікірлер