Арқалық: жаңа серпін, жаңа мүмкіндіктер

131
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/1Gd0wHQ6rkidFwZ09gr26n6fUYF7byc7b5RHGZYu.jpg

Торғай төріндегі Арқалық қаласы биыл 70 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл белес өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, соңғы жылдары қолға алынған ауқымды жобаларды саралауға да мүмкіндік беріп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Үкіметтің ерекше назарын Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына аудару қажеттігін атап өткен еді. Бүгінде осы тапсырма аясында инфрақұрылымды жаңғырту, көлік-логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту, инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.

Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бүгінде негізгі басымдықтардың қатарында көлік байланысын күшейту, инженерлік желілерді жаңарту, инвестиция тарту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бар. Бұл бағыттағы өзгерістер Арқалықтың ғана емес, тұтас өңірдің болашағына әсер ететін жобалармен сабақтасып жатыр.

Соның бір айғағы — жаңа әуежай құрылысының аяқталуы. Сағатына 70 жолаушыға дейін қабылдайтын нысан Торғайдың көлік қолжетімділігін арттырып, 80 мыңнан астам тұрғын үшін жаңа мүмкіндік ашады. Жоба аясында 136 жаңа жұмыс орны құрылады.

Өңірдің көлік картасы мұнымен шектелмейді. «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автожолын реконструкциялау жалғасып жатса, «Орталық – Батыс» стратегиялық магистралі елдің орталығы мен батысын байланыстыратын маңызды бағыттардың біріне айналмақ. Жолдың жақсаруы — тек қатынастың жеңілдеуі емес, жаңа өндірістер мен кәсіпкерлік бастамаларға, тауар айналымы мен инвестицияға жол ашатын мүмкіндік.

Теміржол инфрақұрылымы да жаңғыртылды. Күрделі жөндеуден өткен вокзал қайта пайдалануға беріліп, жаңа вагондардан жасақталған «Нұрлы жол — Арқалық» пойызы қатынай бастады. Мұндай жобалар шалғай жатқан аумақтардың елдің өзге өңірлерімен байланысын күшейтіп, экономикалық белсенділіктің артуына ықпал етеді.

Инфрақұрылымдық жаңғыру инженерлік жүйелерді де қамтып отыр. 2023 жылдан бері 17,3 шақырым жылу желісі жаңартылып, олардың тозу деңгейі 90 пайыздан 50 пайызға дейін төмендеген. Жылу шығыны 32 пайыздан 22,1 пайызға азайды. Ал жылу электр орталығын қатты отынға көшіру отын шығынын екі есеге қысқартып, жыл сайын шамамен 2 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік берді.

Әлеуметтік инфрақұрылымның жайы да назардан тыс қалған жоқ. Соңғы жылдары 22,2 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 63 аула абаттандырылды, 51 балалар және спорт алаңы орнатылды. 50-ден астам көше жөнделіп, сыртқы жарықтандыру жүйесі жаңғыртылды. Ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамту жұмыстары да жалғасып келеді.

Ал өңірдің экономикалық тынысын кеңейтетін негізгі тетіктің бірі — инвестиция. Соңғы жылдары Торғай өңіріне 110 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, оның шамамен 70 пайызы жеке инвестицияларға тиесілі болған.

Қазір агроөнеркәсіп кешенінде бірнеше ірі жоба қолға алынған. Құс фабрикасын жаңғырту, жаңа құс қоралары мен жем зауытын салу, 10 мың басқа арналған қой кешені мен 6 мың басқа арналған бордақылау алаңын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жобалар өндіріс көлемін ұлғайтумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашып, өңір экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірге инвестиция тарту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатқанын атап өтті.

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Арқалыққа инвестиция тартуға қажетті жағдайларды біртіндеп қалыптастырып келеміз. Соңғы жылдары экономикаға 110 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды, оның 70 пайызына жуығы — жеке инвестициялар. Бүгінде агроөнеркәсіп кешенінде жаңа жұмыс орындарын ашып, Торғай өңірінің экономикасына қосымша серпін беретін ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр, — деді облыс әкімі.

Торғайдағы бұл жұмыстар Қостанай облысының жалпы даму бағытымен үндес. Өңірде өндірісті жаңғырту, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру, инвестиция тарту, көлік және инженерлік инфрақұрылымды күшейту бағыттары қатар жүріп келеді. Үкімет бекіткен 2026–2028 жылдарға арналған Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық даму жоспары да осы міндеттерді бір арнаға тоғыстырған.

Ал осы ауқымды жұмыстардың аясында Арқалық өзінің 70 жылдығын атап өтуде. Мерейтойлық бағдарламада XXXIX жазғы облыстық спартакиада басталып, спорттың бірнеше түрінен жарыстар өтті. Мемлекет қайраткері, тарихшы-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған еске алу кеші ұйымдастырылып, «Шертер» ансамблі өнер көрсетті. «Арқалықтың арайлы таңы» спектаклі де көрерменге жол тартты.

Осылайша, жеті онжылдық тарихы бар Арқалықтың мерейтойы өткенді ұлықтаған шаралармен ғана емес, өңірдің бүгінгі өзгерістерімен де сабақтасып отыр. Торғай төріндегі жаңа нысандар мен инвестициялық жобалар шалғай өңірдің әлеуетін ашуға бағытталған жұмыстың нақты көрінісіне айналса, бұл үдеріс Қостанай облысының экономикалық мүмкіндіктерін кеңейте түсуде.

Пікірлер