Он үш жастағы ұлынан айырылған ана денсаулық сақтау министрімен кездесуді талап етті

147
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/2in4jIlNMqSPUEQAf6lm8Cg2PY5WBAoXB85prCRv.webp

Ақтау қаласының тұрғыны Жұлдыз Азанова 13 жастағы ұлының өліміне қатысты сұрақтарына жауап алу үшін Астанаға келді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ұлысмедиаға сілтеп.

Ол денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен жеке кездесуді сұраған.

Әйелдің айтуынша, ол 6 тамызда таңертең Астанаға ұшып келген. Алайда министрмен кездесудің нақты уақыты әзірге белгіленбеген. Әйелге алдағы сәрсенбіде нақты жауап берілетіні айтылған.

БАҚ дерегінше, бұған дейін Азановаға денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановпен кездесу ұсынылған. Алайда ол бұл ұсыныстан бас тартып, министрдің өзімен сөйлескісі келетінін жеткізді.

Еске салайық, 13 жастағы бала 2026 жылдың 17 қаңтарында өзін нашар сезіне бастаған. Анасының айтуынша, баланың іші қатты ауырып, оны аппендицитке күдікпен Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізген. Бірнеше сағат бақылаудан кейін аппендицит диагнозы расталмай, жасөспірім үйіне жіберілген. Алайда кейін оның ішінің ауыруы басылмай, дене қызуы көтерілген.

Анасының сөзінше, одан кейін отбасы бірнеше рет медициналық көмекке жүгінген. Жасөспірім емханаға, балалар ауруханасына және жұқпалы аурулар ауруханасына барған. Кейін бала ауруханаға жатқызылып, оған операция жасалған. Ота кезінде соқырішектің жарылып кеткені және инфекцияның құрсақ қуысына тарағаны анықталған. Дәрігерлер соқырішекпен қатар ішектің бір бөлігін де алып тастауға мәжбүр болған. Операция барысында жасөспірімнің жүрегі бірнеше рет тоқтаған. 19 ақпанда ол санитарлық авиациямен Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жеткізілген. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін екі айға жуық ем жүргізген.

Алайда 13 сәуірде жасөспірім қайтыс болды. Ұлының өлімінен кейін Жұлдыз Азанова Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және денсаулық сақтау министрлігіне үндеу жолдаған.

Пікірлер