«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды».
Бауыржан Момышұлы
Қоғамдағы тұрақтылық көбіне экономикалық немесе саяси көрсеткіштермен өлшенеді. Алайда елдің тыныштығы мен бірлігін айқындайтын тағы бір маңызды құндылық бар. Ол – заңға құрмет. Заң үстемдік құрған қоғамда әділдік орнығып, қоғамдық келісім нығаяды. Бұл қағида дін саласына да тікелей қатысты. Себебі діни тұрақтылық өздігінен қалыптаспайды. Ол құқықтық мәдениеттен, дінтанулық сауаттылықтан және әр азаматтың заң алдындағы жауапкершілігін сезінуінен басталады.
Қазіргі таңда діни ақпараттың басым бөлігі әлеуметтік желілер мен түрлі интернет платформалары арқылы таралады. Бұл азаматтардың діни білім алуына жаңа мүмкіндіктер бергенімен, жалған діни ақпараттың, радикалды көзқарастардың және деструктивті идеологияның таралуына да жол ашты. Кейбір азаматтар діни мазмұндағы бейнероликтерді, уағыздарды немесе жазбаларды олардың мазмұнын сараламай-ақ бөліседі. Мұндай әрекеттердің барлығы бірдей құқық бұзушылық болып саналмағанымен, заң талаптарына қайшы ақпаратты тарату қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіруі мүмкін.
Ислам діні де қоғамдық тәртіпті, жауапкершілікті және бірлікті ерекше бағалайды. Қасиетті Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға бойұсыныңдар, Пайғамбарға бойұсыныңдар әрі өздеріңнен болған билік иелеріне де...» («Ниса» сүресі, 59-аят) деп бұйырылады. Ислам ғұламалары бұл аятты қоғамдағы тәртіпті сақтау, бүлік пен алауыздыққа жол бермеу, заңды құрметтеу қағидаларының бірі ретінде түсіндіреді. Демек, дінде хаос жоқ. Қоғамдық бірлік пен ынтымақты сақтау үшін тәртіпке бағыну басты мәселе.
Қасиетті Құранның тағы бір аятында: «...Ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар, сондай-ақ туыстарға, жетімдерге, мұқтаждарға, жақын және алыс көршілерге, жанындағы жолдасқа...» («Ниса» сүресі, 36-аят) деп адамаралық қарым-қатынастың өзара сыйластық пен жауапкершілікке негізделуі қажеттігі айтылған. Яғни барлық адами қатынастар белгілі бір тәртіпке негізделуі тиіс. Өзім білемдік, абсолютті демократия, анархия тудырады. Ал араздық болған жерде, қайшылық болған жерде, анархия болған жерде береке болмайды. Тіпті мемлекеттің тарихында да сол мемлекеттің ыдырауына себеп болғандығын көреміз. Әр елдің, әр діннің, әр ортаның, әр мекеменің, тіпті әр отбасының өзіндік талаптары болады және бұл орынды дүние.
Қазақ халқы да тәртіп пен ынтымақты елдіктің тірегі санаған. «Ырыс алды – ынтымақ» дейді халқымыз. Ал ынтымақтың берік болуы ең алдымен қоғамдағы тәртіпке, заңға құрметке және өзара жауапкершілікке байланысты. Ғасырлар бойы қазақ қоғамында дәстүр мен ислам құндылықтарының өзара сабақтасуы ел ішінде діни төзімділіктің, өзара құрметтің және қоғамдық келісімнің қалыптасуына ықпал етті.
Өкінішке қарай, бүгінгі таңда кейбір радикалды діни ағым өкілдері діни мәтіндерді тарихи және құқықтық мәнмәтінінен бөліп түсіндіріп, мемлекет пен дінді бір-біріне қарсы қоюға тырысады. Олар заң талаптарын сақтауды дінге қайшы әрекет ретінде көрсетуге ұмтылады. Алайда мұндай көзқарас ислам қағидаттарына да, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасына да сәйкес келмейді. Ислам қоғамды алауыздыққа емес, татулыққа; бүлікке емес, бірлікке; жауапсыздыққа емес, тәртіпке шақырады.
Осы ұстаным Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатымен де үндеседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 5 қарашадағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары мен бағыттарында «Заң мен тәртіп» құқықтық мемлекеттің іргетасы әрі азаматтардың қоғамдық және жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі алғышарт ретінде айқындалған. Құжатта заң алдындағы теңдік, құқықтық мәдениет және заң бұзған адамның жазасыз қалмауы қоғамдағы әділеттіліктің негізгі өлшемдерінің бірі екені көрсетілген.
Дін саласындағы қоғамдық қатынастар да осы құқықтық қағидаттарға негізделеді. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз етумен қатар, конфессияаралық келісімді, қоғамдық қауіпсіздікті және мемлекеттің зайырлы қағидаттарын қорғауға бағытталған. Сондықтан заң талаптарын сақтау діни сенімге шектеу қою емес, қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып табылады.
Осы мақсатта заңнамада нақты жауапкершілік түрлері белгіленген. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы дін саласындағы заңнаманы бұзуға байланысты жауаптылықты көздейді. Ал 453-бап конституциялық құрылысқа қарсы, мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін, әлеуметтік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға, сондай-ақ зорлық-зомбылықты насихаттауға бағытталған материалдарды дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау және тарату үшін әкімшілік жауаптылық белгілейді. Егер мұндай әрекеттердің қоғамдық қауіптілігі жоғары болып, діни немесе өзге де алауыздықты қасақана қоздыру белгілері анықталса, онда Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды. Ал терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру Қылмыстық кодекстің 256-бабымен қаралады. Бұл нормалардың барлығы азаматтардың діни сеніміне шектеу қою үшін емес, қоғамдық қауіпсіздікті, ел бірлігі мен ұлттық қауіпсіздікті қорғауға бағытталған.
Бүгінде діни тұрақтылықты сақтау тек мемлекеттік органдардың немесе діни бірлестіктердің міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік. Әр азамат қандай ақпаратты оқитынына, кімнің уағызын тыңдайтынына, қандай материалды тарататынына бейжай қарамауы тиіс. Өйткені кейде бір ғана жарияланым немесе ойланбай жасалған репост қоғамда түсінбеушілік туғызып, заң талаптарын бұзуға себеп болуы мүмкін.
Сондықтан дінтанулық сауаттылық пен құқықтық сауаттылықты қатар дамыту – уақыт талабы. Заңға құрмет – діни құндылықтарға қайшы келетін ұғым емес. Керісінше, ол қоғамдық келісімді, азаматтардың қауіпсіздігін және елдің тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды құндылықтардың бірі. Заңды құрметтеген қоғамда ғана татулық сақталып, радикалды идеологияға жол берілмейді. Ал діни тұрақтылықтың берік іргетасы – заңға құрмет, жауапкершілік және ортақ мүддені бәрінен жоғары қоя білетін азаматтық ұстаным.
Мизамедин Ардақ Мақсұтұлы
дінтанушы, Ұлытау облысының дін мәселелері
бойынша ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі
