«Менің де арманым бар»: Президенттің Түркістандағы сөзі және оқитын ұлттың жаңа дәуірі

128
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/PpfzAzV1Hn5emuWMbOPHmZ4DygUtOraTD9ApNF3K.jpg

Президент 2023 жылы, 17 маусымда, Түркістан қаласында өткен ІІ Ұлттық құрылтайда «Мартин Лютер Кингтің сөзімен айтсақ, менің де бір жоспарым, тіпті арманым бар. Ол – тәулік бойы жұмыс істейтін Президенттік кітапхана салу. Мен мұндай кітапхананы Анкарада көрдім. Ол жерде келушілер әлемде жарық көретін көркем және арнайы әдебиеттермен таныса алады.

Осындай кітапхананы бізде де салуға болады» деген болатын. Ал біздің Алматы – мәдени астана. Онда ол бірінші болып жол бастауы керек. Сол жолы әкімдердің де, мәдениет басқармасының да басы істеп кетті, «ондай кітапхана салынып біткенше, Алматыдағы бір кітапхананы 24/7 істетіп көрейік» деді де, Жамбыл кітапханасы Республикада бірінші болып 24/7 жұмыс істей бастады.

Оқырман санының артқанын бірден байқадық. Содан бері, міне, Алматыда 7 бірдей кітапхана күні-түні жұмыс істей бастады. Әлемде қоғамдық кітапханалардың күні-түні істеуі сирек кездесетін жағдай. Көбіне университеттің оқу залдары ғана 24/7 ашық болады.  Президенттің арманы жақында толық орындалады деп ойлаймын. Өйткені күні-түні істейтін кітапхана о бастан соған ыңғайланып, соған есептеліп салынуы керек. Ондай кітапхана Астанада, Алматыда, Қызылордада құрылысы басталып, салынып жатыр.

Әйгілі Әбіш Кекілбайдың бәріміз жатқа білетін кітап пен кітапхана туралы сөзі бар емес пе? Есіңізде ме? Иә, «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана». Бұдан артық не айтуға болады. 
Бір кездері “Интернет бар, енді кітап керек емес” дегенбіз. Енді “Жасанды интеллект бар, енді кітап керек емес” дей бастадық.

Ал расында, жасанды интеллект кітап оқыған, критикалық ойлау жүйесі қалыптасқан адамдарды одан әрі биіктетеді, ал сыни ойлауы қалыптаспаған, ешқашан кітап оқымаған адамды одан әрі адастырады. Ендеше кітаптың орнын ештеңе де баса алмайды. Кітап оқитындардың саны артқан сайын қоғам ізгілене түседі. Кітап оқу, алдымен адамның өзіне керек екені белгілі. Бірақ сол ізгі қоғамды құру жолында кітап оқуға мемлекетің мүдделі болып жатса, ондай қамқорлықтан айналып кетпейсің бе? 
 
«Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру – мәдениет, білім беру және инновациялар салаларындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары болып айқындалсын»,  2027 жылғы 1 қаңтарға дейін «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңының жобасын әзірлесін;
2027 жылғы 1 қаңтарға дейін кітап оқу мәдениетін дамытудағы жетістіктері үшін Ұлттық сыйлық тағайындасын;
2027 жылғы 1 қаңтарға дейін бірыңғай қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құрсын;
Жыл сайын «Зерделі ұлт» тұжырымдамасының іске асырылу барысы туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне есеп берсін» деген Жарлық бар қазір. 

Кітапханада, баспада, жүрген жерімнің бәрінде кітап оқуды насихаттауды мен де тоқтатпаймын. Сол жолда істеп жатқан шаруаларымызда да сан жоқ, дәл қазір қайсыбірін айтып жатайын. Бірақ сонда да ОКЖ кітапанашыларының арасында «Кітаппен кемелдену» деген атпен корпоративтік оқу ұйымдастырып жатқанымызды айта салайын. Оның мақсаты қызметкерлер арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Кітапханашылар былай да кітапты көп оқиды, өз мамандығының білгірі болу үшін де оның пайдасы көп. Сол корпоративтік оқуға біраз кітап таңдап алынды. Енді оларды оқып, талқылай жүріп, соңында эссе жазамыз. Соларға қарап, жыл соңыда «Жылдың үздік эссесі», «Ең көп кітап оқыған қызметкер» деген сияқты марапаттар беріп, ынталандырамыз және оны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп отырамыз. 

Атам заманнан солай ойлаймын: кітап оқыған адам жаман болмайды, демек кітап оқыған ұлт та. Ал кітап оқымайтын адамның «төрт дүниесі түгел» болса да бір дүниесі кем. Кітап оқымаған адам мінезді, мейірімді, ақылды болса да, кітап оқымаса бір олқылығы, орны толмас олқылығы болады. Кітап қана толтыра алатын бір қуысы үңірейіп тұрады. Саясат пен экономиканың толып жатқан мәселелері бар, олар бола береді, бірақ біз тұрмыстың соңында кетпей, руханиятымызды, адами капиталды дамытуды мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары қатарында алып жүрсек, одан жаман болмаймыз деп ойлаймын. Онда шынымен Зерделі ұлт боламыз. Қазір де жаман ұлт емеспіз, бәрін де тез меңгеретін халықпыз. Бірақ кітап оқуды тоқтатпайық.

Бану Дәулетбаева

Пікірлер