Абай кітапханасында «Шәкәрім оқулары»  өтті

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/xcq3srIwWiIte6q0q0r1tHZr1H9asQG3lSDHMUcd.jpg

Абай кітапханасында ұлы ойшыл, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығын жас ұрпақ арасында насихаттауға арналған IV республикалық «Шәкәрім оқулары» байқауының облыстық іріктеу кезеңі өтті.

Байқаудың негізгі мақсаты- жас ұрпақтың бойына Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларындағы эстетикалық талғамды, тұлғалық қасиеттер мен адами құндылықтарды сіңіру арқылы ұлттық рухани мұраға деген сүйіспеншілікті арттыру, сондай-ақ қазақ әдебиетінің бай қазынасын дәріптеу. «Шәкәрім оқулары» байқауы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы бастамасымен жүзеге асуда.

Байқауға Абай облысының аудандары мен Семей қаласындағы мектептердің 5–8 сынып оқушылары арасынан іріктелген 16 оқушы, атап айтқанда, Аякөз, Ақсуат, Жаңа Семей, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Мақаншы, Ұржар аудандарынан қатысты.

Қатысушылар өнерін саралап, республикалық кезеңге жіберу үшін арнайы әділқазылар жасақталды. Әділқазылар құрамында Шәкәрімтанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шаңбай Тұрдықұл Қасенұлы, Абай мұражайы директорының орынбасары Мейрамгүл Сейітжапарқызы Қайранбаева және кітапхана қызметкері, ақын Бауыржан Игілік болды.

Қатысушылар ақынның өлеңдерін  жатқа әрі мәнерлеп оқып, сахна мәдениеті мен ұлттық киім үлгісі талаптарына сай өнер көрсетті.
I орынды  Аягөз ауданы, Оспанқұл Меңаяқұлы атындағы орта мектептің 5 сынып оқушысы Сқақ Аружан , II орынды Семей қаласы, № 22 жалпы орта білім беретін мектеп лицейінің 5 сынып оқушысы Қанатова Ерке, III орынды Абай ауданы, Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының 6 сынып оқушысы  Әлібек Мейіржан қанжығасына байлады. Ал, ынталандыру сыйлығын Семей қаласы, № 3 Арнайы мектеп-интернатының 8 сынып оқушысы Тілекқызы Кәусар иеленді.

Жүлделі орын алушыларды жеңістерімен құттықтай отырып, «Байрим» фасфуд орталығы, «Абай Медиагруп» ЖШС және «oformlenie_jasminestudio» бағалы сыйлықтар сыйлап, барлық қатысушыларға сертификаттар берілді. Демеушілік көрсеткен барлық азаматтарға кітапхана атынан зор алғыс білдіреміз!
Үздік жеңімпаз ретінде танылған Сқақ Аружан республикалық кезеңге жолдама алды.

Рима Қанапияқызы,
Абай атындағы облыстық кітапханасының
 Дамыту бөлімінің басшысы

Пікірлер