Украина Президентінің 25 сәуірдегі жарлығымен қазақстандық ерікті Жасұлан Дүйсембин үшінші дәрежелі «Ерлігі үшін» орденімен марапатталды. Бұл туралы Арман Шораев фейсбук парақшасына жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Жасұлан - 30 жаста, Қостанай облысының тумасы. Ол Ресей әскері басып кіргелі бері Донецк облысындағы Украина Қарулы күштерінің қатарында, Азов полкінің құрамында соғысуда.
Айта кетелік, маусым айының басында Нұр-Сұлтан қалалық ҰҚК департаменті Украинада соғысып жатқан қазақстандыққа қарсы сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған болатын.
ҰҚК қазақстандықтың аты-жөнін және қай тарапта соғысып жатқанын жариялаған жоқ. Алайда, қазіргі таңда есімі елге белгілі жалғыз қазақстандық еріктінің Жасұлан Дүйсембин екені анықталды.
“Адырна” ұлттық порталы