Дәстүрлі әнші Бақыт Шағырбаев тоқтаусыз 114 ән орындап, әлемдік рекорд орнатты

68
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/fecAzw5aOWQAADTbmJutGzDHXYLzikwHX46DSlU5.jpg

Фото: 24kz 

Тараздық дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаев дүниежүзілік рекордтар кітабына енді. Өнер иесі алты сағат бойы бір сәтке де тоқтамай 114 ән орындап, осы санаттағы жаңа әлемдік рекордты тіркеді, деп хабарлайды "Адырна".

Рекорд орнату рәсімі Тараз қаласында өтті. Әншіні қолдауға тыңдармандары, әріптестері мен жақындары жиналды. Бақыт Шағырбаевтың айтуынша, әлемдік рекорд орнату идеясы осыдан бір жыл бұрын туған.

Өнерпаз бұл бастаманың басты мақсаты қазақтың дәстүрлі ән өнерін әлемге таныту екенін айтты.

"Бұл жай ғана өнер де, жай ғана байқау да емес. Бұл – қазақ халқының өнерін әлемнің 200-ге жуық еліне танытатын үлкен мүмкіндік. Репертуарымда халық термелері, халық композиторларының әндері, халық әндері бар. Сонымен қатар Шәмші Қалдаяқовтың, Әсет Бейсеуовтің, Ілия Жақановтың шығармаларын және қырғыз әндерін орындаймын. Соның барлығы маған жігер береді", – деді әнші.

Рекордтық бағдарлама аясында Бақыт Шағырбаев халық әндері мен халық композиторларының шығармаларынан бөлек, қазақстандық авторлардың туындыларын және онға жуық қырғыз әнін орындады. Осыған дейін бұл санаттағы әлемдік рекорд 101 әнмен тіркелген болатын.

Global Best of Records ұйымының Азия және Африка дивизионы бойынша рекордтарды тіркеу жөніндегі бас офицері Қуандық Құдайбергеновтің айтуынша, Бақыт Шағырбаевтың нәтижесі ресми түрде әлемдік рекорд ретінде тіркелді.

Бақыт Шағырбаев 35 жылдан бері қазақтың дәстүрлі ән өнерін насихаттап келеді. Оның репертуарында 400-ге жуық ән бар. Сонымен қатар өнерпаз Қазақстанның 245 ауылында тегін концерт өткізіп, ұлттық өнерді дәріптеп жүр.

"Елді мекендерді, ауыл-ауылды тегін аралап, концерт беріп жүрмін. Бүгінгі күнге дейін 245 ауылды араладым. Сахнада халықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленгенде уақыттың қалай өткенін байқамай қаламын. Бір ауылдан кейін екіншісіне, одан кейін үшіншісіне барып, күніне үш ауылға дейін концерт қоямын. Бұл жұмысым алдағы уақытта да жалғасады", – деді әнші.

Рекордтарды тіркеумен айналысатын ұйым өкілдерінің мәліметінше, биыл әлем бойынша тіркелген барлық рекорд арнайы жинақ болып жарық көреді. Басылым жеті тілге аударылып, әлемнің 200 еліне таратылады. Сондай-ақ ұлттық кітапханалар қорына тегін жолданады.

Пікірлер